Ақтылы қой, ақбақай қозылар
Қақаған қыстың беті қайтып, күн жылынар көктем мезгілінде малшылар қауымы үшін қауырт жұмыстар басталады. Ол әрине бәріміз білетін көктемгі төл. Бұл тұрғыда өз жұмысын ұршықша иіре білетін кәсіп иелері қиындықтан шығудың жолын таба білді. Ата-бабаларымыз көшпелі өмір салтын ұстанғандықтан малдың қыр-сыры қазіргі шопандарға қиындық тудырмасы анық. Аудандық ауылшаруашылық бөлімінің мәліметіне сүйенетін болсақ, ауданда 55 202 мүйізді ірі қара, оның ішінде 31 275 бас сиыр, 246 315 бас қой мен ешкі, 35 861 бас жылқы мен 38 606 бас құс бар. Қазіргі уақытта қой мен ешкінің аналық басы 131 805 басты құрап отырған болса, олардан 69 336 бас қозы мен лақ алынды.
Сарыжаз ауылына қарасты Қоғалы елді-мекенінде Әтеев Бейімбет есімді азамат осы кәсіпті игеріп, өз жұмысын дөңгелетіп отыр. Аталған жерден «Дәуіт» шаруа қожалығын ашып, мал басын арттыруға ден қойған. Қожалық жетекшісінің сөзіне сүйенсек, осы кәсіпті әкесінен үйренгендігін айтып отыр. Кеңестік кезеңнің тұсында әкесі Әтей Оралбай 1959 жылы мал басын асылдандыруға ден қойып, савхоз тарағаннан кейін оны жекелікке шығарғаннан соң, осы кәсіпті жанына серік еткен дейді. Әкеден қалған істі жалғаған шаруақожалық иесі қазіргі таңда 500-ден аса қой мен асыл тұқымды жылқылар, 90 бас ірі қараны бағып отыр. Мал басын арттыру үшін ең бастысы — оның жайылымдық жері мен қысқы жем-шөптеріне баса назар аударған жөн. Қысқы жем-шөптерін алдын-ала дайындап алады. Бұл тұрғыда аталған қожалықтың төрағасы Б.Әтеевтің айтуынша мал шаруашылығының тұралап қалмауы үшін бір жақ шетіме шығатын 5-6 көмекшілерім бар дейді. Атап айтатын болсақ, Рахат, Азамат, Ернат, Нұрбек, Ринат есімді көмекшілері қолғабыс етіп, шаруақожалық жұмыстарына пайдасын келтіріп жүр. Сондай-ақ, Жазира есімді нәзік жанды анамызда жұмысшыларға уақытылы ас-суларын дайындап, істейтін жұмыстарына өз септігін тигізуде.
Қазіргі таңда қыстауда отырған малшы көктемгі төлге қызу дайындалып, біраз қойларын төлдетіп үлгерді. Қоңыр салқын күздің қараша айынан бастап, аталық бас қошқарды аналық төлге қосыпты. Көктемдегі наурыз айының аяғы сәуір айының бас жақ шенінде қой төлдей бастайды екен. Төл уақытында жайылымға шығып төлдеген малдарды үйге арнайы көлікпен тасиды. Алып келген жаңа төлдерді енесімен бірге жылы қораға орналастырып, барынша жағдай жасауға өз күштерін жұмылдырады. Бұл тұрғыда манағы аталған көмекшілерінің еңбегін айта кеткен жөн. Сондықтан болар, «Дәуіт» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіндегі жұмыстар қайнаған қазан іспетті. Қиындығы көп, үлкен еңбекті талап ететін кәсіптен өз нәсіптерін тауып отырған еңбеккерлерге мол табыс тіледік.
Елдос Ахметжанов,
Сарыжаз ауылы.
0 Пікір