ҚАҚПАҚТА ҚИМЫЛ ҚАРҚЫНДЫ

      Өткен қыста ақ ұлпаның әдеттегіден жұқа түсуі, көктемде жауын-шашынның да мөлшерден аз болуы жер-ананың апшысын қуырып, аңқасын кептіргені ақиқат. Мұның өзі күн көрісін төрт түлік малымен тоқайластырып жүрген шаруа қауымын айтарлықтай алаңдатқан. Өйткені, сулы жер-нулы жер дейтін тәмсілге құрғақшылық өзіндік кері әсерін тигізіп, мал азығының берік қорын жасауға кедергі келтіргені талас тудырмайтынын әркім-ақ жоққа шығармағаны белгілі. Дегенмен, таулы өңірдің тұрғындары қиындыққа қарсы қажыр-қайрат көрсете білді. Әр күн, әр сағаттың қадірін жете сезінген олар, күнді кешке, кешті таңға ұластыра еңбек етіп, шүмектете тер төкті. Міне, енді сол ерте көктемді жазға ұластырып төккен тердің төлемі жылдағыдай аспа-төк болмаса да көңіл қуанатындай дәрежеде қайтып жатқан жайы бар.

      Мал азығын дайындау науқанының барысы жайлы аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің бастығы Нұрлан Оралқұловпен хабарластық. Ауылшаруашылығының жілігін шағып, майын ішкен тәжірибелі басшыдан естігеніміз мынау болды. Ауданда 230 мың қой-ешкі, 55 мыңнан аса ірі қара, 35 мыңнан аса жылқы бар екен. Осы төрт түлікті қыстан аман алып шығу үшін 186 мың тонна шөп дайындау жоспарланған. Жаз ортасында басталған жасыл орақ науқаны қазір шарықтау шегіне жеткен. Бүгінге дейін шабылып, тайланып, жиналған шөп 80 мың тоннадан асып жығылыпты. Науқан аяқталар қоңыр күзге дейін әлі бір жарым ай уақыт бар. Осы аралықта қолда бар техникаларды толық қуатында іске қоса отырып, белгіленген межеге қол жеткізуге мүмкіндік молынан жетеді. Гектар берекелігі Қақпақ, Қайнар, Текес, Сарыжаз ауылдарында көңіл қуантарлық.

      Ауылшаруашылығы басшысының айтуы бойынша жақсыны көрмек ниетпен күн екінтіге тармасқанда жолға шықтық. Беталысымыз Қақпақ ауылдық округінің шабындық алқабы. Бізді алқап басында күтіп алған ауыл әкімі Жұмаш Әлімғожаев шабындық ішіне өзі бастап жүрді. Айтса айтқандай, жұмыс мұнда қызу қарқынмен жүріп жатыр. Бір шетте көк балауса шалғының ығына қарай сұлай түсіп жатса, екінші бір жақта шабылған шөп тырмақпен дестеге салынауда. Тағы бір жерде рулондалған, түктелген шөптер алқап бетін толтырса, тракторлар мен автомашиналар тайланған шөпке қораптарын толтырып, белгілі орынды бетке алған. Қай жағыңызға қарасаңыз да адамдардың самбырлаған көңілді дауыстары мен сыңғырлаған күміс күлкілері еңбек дүбірімен біте қайнасып, құмырсқаның илеуін көз алдыға алып келеді. Шыр-шыр, шыж-шыж еткен толассыз тіршілік жаныңды баурап,бейне осы алқапта әлдекімдер май шыжғырып жатқан сияқты күй кештіреді.

      Алқап ішінде алғашқы кездестіргеніміз «ЮМЗ-6» тракторы болды. Тіркелген шөпшапқыш агрегатымен белуардан келетін арпаны балауса күйінде шалқасынан түсіре жығып барады. Осыған дейін шабылған алқап көлемін көріп, түс ауғанша біраз жерді сыпырып шыққанына көз жеткіздік. Қасымызға келіп тоқтаған темір тұлпардан жас жігіт түсіп қасымызға келіп жарқырай амандасты. Өзін Әбдірахман Қалижан деп таныстырған азаматты сөзге тарттық.

      — Жылда мал азығын дайындау науқанына үзбей қатысып отырамын. «Малтабар» атты шаруа қожалығым бар. Тәубә, еңбек етсең, жер ақыңды жемейді ғой. Оған әр жылдары-ақ көз жеткізіп келемін. Қазір өзімнің иелігімде 17 гектар алқап бар. Оның 3-4 гектарын дәнді егіске арнаймын. Қалғаны мал азығындық көпжылдық шөп пен табиғи шөп. Биыл алқапты 3 рет суан өткіздім. Соның арқасы ғой. Шығым жаман емес. Әлі шабуды бастаған жоқпын. Құдай қаласа көңілімдегідей өнімге қол жеткіземін деген ойдамын,- дейді Қалижан.

      Бар неге жаман болсын. Қалижанның айтуына қарағанда қолындағы техникасы шаруасын тындырып қана қоймай, осындай науқанды шақта ақшалай қаражат табатын кіріс көзі де болып саналады екен. Қазір ауылдастарының шөбін шауып, ақша тауып жүрген жайы бар. Ол қаражатты өз шөбін бастағанда соның игілігіне жұмсамақ. Мына шауып жатқан алқабы осы ауылдың тұрғыны Жасұлан Ұзақбаев дейтін жігіттікі екен. Көп ұзамай қасымызға алқап иесінің өзі де келді. Шабар көбейсін айтып, жұмысына сәттілік тіледік.

       — Игеріп жатқан жерім үлкен әкемдікі. Бұрын өзі айналысушы еді. Жасы келген соң өзім қолға алдым. 8 гектар жердің 4-і дәнді егіс – арпа. Көріп отырсыздар, түсім жаман емес. Арпа негізінен жемге арналады емес пе. Бірақ, мен үшін жемнен шөп тиімді болып тұр. Сондықтан көктей шаптырып жатырмын. Арпаны негізінен судан 1 рет қана өткізеді ғой. Мен шөпке шабу үшін 2 рет суардым,- дейді Жасұлан жаз бойғы еткен еңбегі мен төккен терінің төлеуі еселеп қайтып жатқанын мақтаныш сезімімен білдіріп.

      — Бұл жігіт ауылдікі болғанымен Алматыда тұратын еді. Биыл ауылға келіп, шаруашылықпен айналысуды қолға алды. Береке мен молшылықтың, барша байлықтың ауылда екені ежелдің ен күнінен белгілі емес пе. Жасұлан сияқты жастар ауылға көптеп келіп, әке-шешелері бастаған істі жалғастырса, нұр үстіне нұр. Ауыл көркі – жастарымен кіреді. Болашақта шаруашылықтағы шешімін күткен өзекті мәселелердің өрнек табуы да жастарға тікелей байланысты болатынына кім кепіл болады,-дейді, ауыл әкімі Жұмаш Жасұлан туралы толығырақ мәлімет беріп.

      Келесі кезекте табан тірегеніміз «Жарас» шаруа қожалығының шабындығы болды. Мұнда да қайнаған қызу тіршілік. Қожалық жетекшісі Манас Сандықбайдың сөз саптасына қарап, өз шаруасын шыр көбелек айналдырып отырғанына көз жеткіздік.12 гектар алқаптың тең жартысынан астамы шабылыпты. Түсім жаман емес. Өзінің есебінше 100 рулоннан артық шөп алуға бек сенімді. Енді соны төкпей-шашпай Қорғанды кезеңдегі қыстауына жеткізіп алса, болды. Манастың шөбін шауып жатқан Ынтымақов Ержан атты жігітпен сөйлестік. Жекелігіндегі «МТЗ-82» тракторымен күніне 7-8 гектардың шөбін түсіріп жүр екен. Әр гектарға алатын ақысы да көңілге қонымды. 6-7 мың- ның арасы. Қазіргідей қымбатшылық жағадан алып, қуаңшылық етектен тартып тұрғанда мұның өзі шаруаларға аспаннан шұға жауғанның жарқын көрінісіндей әсер еткені анық. Жалпы биылғы жаз құрғақшылық болды дегенімізбен, Қақпақтық шаруалар оның залалын көп шеге қоймағанын байқауға болады. Бастауын Тәңіртаудың етегінен алатын Үш Қақпақтың күркіреп жатқан арынды сулары да ауыл тұрғындарының ниетін құптағандай. Судың молдығы сол-әркім егістік-шабындық алқаптарын 3-4 мәрте судан өткізуге қол жеткізген. Міне, енді пайдасын көруде.

       Қақпақ ауылдық округі бойынша ауылшаруашылығы негізіндегі 119 шаруа қожалығы бар. Бұл қожалықтарға 16800 бас қой-ешкі, 4200 бас ірі қара, 3600 бас жылқы тән. Бұлар жаз бойы Шұбартал, Көкбел, Қаракезең жайлауларынан нәпақасын айырса, қыста қолға жиналған жем-шөпті азық етеді. Округтегі 89915 га алқаптың 1700 гектары ауылдық округ еншісінде болса, 3796 га егістіктің, 46 гектар шабындықтың, 84303га жайылымдық жер есебінде. Округте жиналуға тиіс 14688 тонна шөптің бүгінге дейін 7454 тоннасы дайындалыпты. Мұның сыртында 300 тонна шөп сырттан сатып алынған. Былтырдан қалған 1500 тонна азық тағы бар. Цифрға жүгінсек 9254 тонна мал азығы қазірдің өзінде дайын деген сөз. Адамдар игілігін өтейтін 677 га дәнді егіс, 702 га картоп, 15 га көкөністің де түсімі бүгінгі бет-бейнесіне қарағанда жаман болмауға тиіс. Биыл мал азығын дайындау науқанына 23 ауылшаруашылығы қатыстырылып отыр екен. Бәрі де техникалық жағдайы жақсы. Ауыл тұрғындарының қажетін барынша өтеуге мүдделі болып отырған жайы бар. Қысқасын айтқанда, алдағы қысқа мал азығының берік қорын жасауға сонау ерте көктемнен білек сыбана кіріскен Қақпақ ауылдық округінің тұрғындары- ның көздеген мақсат – міндеттерінен табылуларына сенімдері нық. Оны шабындық алқаптарындағы қарқынды қимыл, көзге ұрып тұрған өнім көлемі арқылы анық аңғаруға болады. Мал азығын дайындау барысы туралы бұдан басқа да жайларға ауыл әкімі Жұмаш Әлімғожаевтың сөзі арқылы қанықтық та, жолға шықтық.

Жұмабек ТӘЛІПҰЛЫ,

арнаулы тілшіміз, Қақпақ ауылы.

Суреттерді түсірген: Жанат ДҮКЕНБАЕВ.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password