АҚ БОЗ АТ МІНГЕН АРДАГЕР

Батыр- ол адамзат қоғамының мүддесі үшін, сын сағатта қолынан келген барлық мүмкіндікті жасай алатын адам.

Юлиус Фучик

        Қан майданның хабары бүгінгі және болашақ ұрпаққа тарих беттері мен сұм соғыс куәгерлерінен мәлім. Сол себептен, батырлар мен соғыс жайлы естелік-жазбалар қашанда өзекті. Есімі ел есінде сақталатын жанкешті батырлардың бірі- Асауов Қуандық.

        Асауов Қуандық 1907 жылы Ұйғыр ауданы, Шарын ауылында дүниеге келген. 9 жасында әкесінен айырылып, 12 жасында анасы қайтыс болған. Ата-анадан бірдей айырылған баланы әкесінің інісі Бекберді тәрбиелеген. 1922-1925 жылдары Сартай ауылында, Қарағаш мектебінде 4 сыныпты арабша бітірген. Белгілі себептермен, 1932 жылы Нарынқолға қоныс аударған. 1937 жылы Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданында 7 жылдық мектепті аяқтаған. Мектепті бітіре салысымен, Нарынқол ауылы советінің председателі қызметін атқарды, 1938 жылы Нарынқол орта мектебінің директоры болды. Осы қызмет барысында, 1938 жылы қыркүйектің 4-ші жұлдызында НКВД-ның бұйрығымен жалған жала жабылып, репрессияға ұшырады. 1940 жылы маусым айының 1-ші жұлдызы кінәсі дәлелденбеген себептен ақталып шықты. Осылайша, қайсар тұлғаның екі жылы қамауда өтті.

       Соғыс басталған жылы Қуандық атамыз 37 жаста еді. Елде соғыс жағдайы енгізіліп, ер-азаматтар түгел дерлік майданға аттанғанда, Қуандық атамыз да қолына қару алып ел қорғауға әскер қатарына алынды. Нақты деректерге сүйенсек, 1942 жылдың 8 сәуірінде Кеген аудандық әскери комисариатынан № 405 команда бойынша әскер қатарына алынды. Майдан шебіндегі алғашқы күресі Сталинград қаласы үшін №120 атқыштар полкінде атқыш ретінде басталған. Осы жылдың күзінде оң қолынан ауыр жарақат алып, 1943 жылы сәуір айында НКО-ның №386 бұйрығымен әскер қатарынан босатылды. Соғыс аяқталған шақта “Германияны жеңгені үшін” медальмен, “За доблестный труд”, “Лениннің 100 жылдық мерекесі” медальмен, екі мәрте Орденмен марапатталды. Сонымен қатар, 1977 жылы СССР қарулы күштерінің 50 жылдығы аясында, 1985 жылы Ұлы Отан соғысының 40 жылдығына орай, маңызды марапаттарға ие болған. Ел мен жер үшін жанын құрбан етуге дайын болған батыр тұлға үшін марапаттың мың түрі де аздық етпесі хақ.

        Жарақаты жазылудан хабар бере бастаған сәтте ауданға қайтып, 1943-1946 жылдары Ақбейіт колхозында колхоз председателі қызметіне келді. 1946-47 жылдары Энгельс атындағы колхозда председатель болды. Бұл қызметі 1948 жылы Еңбекші колхозына ауысты. Ал 1949-1955 жылдары председатель қызметін Киров атындағы колхозда жалғастырды. Келесі жылы Нарынқол ауылына қоныс аударып, Октябрьдің 40-жылдық атындағы колхозда әртүрлі жұмыстар жасады. 1955-1963 жылдары Нарынқол ауданында дүкенші қызметінде болды. Кейіннен, октябрь колхозы совхоз болып, қайта құрылып сонда біршама жұмыстар атқарған.

       Асауов Қуандық атамыз осынша қарбалас қызметтерде жүрсе де үйленуді өмір заңдылығы деп мойындап, Нұрғайша есімді жанды жар еткен. Нұрғайша Нүсіпқызы Нарынқол ауылындағы алғашқы трактор айдаған қыз-келіншектердің бірі болған деседі. Екеуінен 2 қыз бала дүниеге келген. Тағдырдың жазуымен, Қуандық атамыз Нұрғайша анамыздан ерте айырылып, жалғыздық тек Құдайға жарасқан дегенді басшылыққа ала отырып, Мәсімхан Игісіноваға үйленеді. Мәсімхан әжеміз совхоз балабақшасының қызметкері болды. Екеуі Нарынқол ауылында тұрды. Арабша, латынша жаза білетін атамыздың қолынан газет-журнал түспейтін. Еңбек үшін жаралған атамыз зейнеткерлік жасқа шықса да еңбектен қол үзбей, малшыларға газет-журнал тасумен айналысты. Мінездері жарасқан жандар қарттық шақтарын бірге өткізіп, Мәсімхан әжеміз Қуандық атамыздың ақ боз атын ерттеуге жәрдем етіп, жұмысына шығарып салатын. Міне, атамыздың “ақ боз ат мінген ардагер” атану себебі осыдан болса керек. Осындай ғибратты ғұмыр иесі болған Қуандық атамыз бұл дүние есігін 1992 жылдың күрең күзінде мәңгіге жапты.

       Ғалымның хаты өлмейді, батырдың аты өлмейді демекші, батыр аты мәңгі жанымызда жаңғырады. Ендігі әруаққа құрмет ете білу ұрпақтар еншісінде. Сол егемендіктің ұрпақтары тарапынан атамыздың еңбегі сіңген аймақтан атамыздың атына көше атауын беруге күш салуларына ұсыныс тастап, бастама көтеруді жөн санаймын.

       Естелік

        Атам Асауов Қуандық ірі денелі, қараторы кісі еді. Өзі ерекше еңбекқор болатын. Істеген ісін соңына дейін аяқтауға асығатын. Мінезі де жайлы, сөзі тиянақты, жүрегі мейірімге толы жан еді. Атам келгендегі біздің қуанышымызды сөзбен жеткізу мүмкін емес еді. Бізді көрген сәтте, ол кісі де еркелете құшақтап алатын. Бізге қызық болғандықтан, атама соғыс жайлы әңгіме айт деп жиі қолқа салатынбыз. Соғысты кім еске алғысы келсін, атам әңгіме бастауға құлықсыздау болып ойлана кететін. Дегенмен, болашақ ұрпақ тарихты білсін деген ниетпен, майдандағы күндерін жалпылама сипаттай өтетін. Әңгіме соңында аздаған уақыт үнсіз жабырқап та қалатын.

Гүлназат СҮТТІБАЕВА,

жиен немересі,

Қаратоған ауылы.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password