Ақ қайыңдар сап түзеді

       Аудан орталығынан бой көтерген спорт кешені сән –салтанатымен де, сәулетімен де көрген жанның таңдайын қақтырып, көзайымына айналуда. Заманауи үлгідегі орталықтың ішкі-сыртқы кескін-келбеті уақыт талабын қанағаттандыра алатыны әркімнің-ақ, сенімін сергітері анық. Кешен ішіндегі кіші футбол, волейбол, баскетбол, күрес, бокс залдары, жаттығу бөлмелері, киім ауыстыратын, жуынатын бөлмелер, жертөлесіндегі ой шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ сияқты ой спортына арналған бөлмелер, сыртындағы аумағы атшаптырым футбол алаңы мен басқа да ойын алаңдары көңілден шығары сөзсіз. Демек, осынау спорт кешенінен болашақта туған жері мен елінің абыройатағын аспанға шығарар саңлақтар шығатыны да көптің үмітін үкілейтіні талас тудырмайды.

       Спорт кешенінің бой көтергеніне көңілдері қуанып, сөз көмектері мен бөз көмектерін көрсетіп жатқан азаматтар атқарып жатқан жұмыстар да бәрекелді дегізерлік және олардың қатары көбейе түсуі көңілге қуаныш ұялатуда. Солардың бірі әрі бірегейі ретінде туған жерден жырақта жүрсе де ауылының спортына жанашырлық танытып, қамқор қолын созуға дайын жүрген, ауданымыздан шыққан спортшылардың бастамасымен құрылған «Хантәңірі қырандары» атты қор азаматтарының ықыластарында шек жоқ. Жуырда аталған қордың спортты серік еткен жігіттері мен қыздары кешенге арнайы атбасын бұрып, жан жадыратар игілікті іске мұрындық болды. Атап айтқанда қор мүшелері өз қаражаттарына Алматыдан ақ қайыңның 100 түп көшетін сатып әкеліп, кешеннің айналасына өз қолдарымен отырғызды. Көшет отырғызу шарасына аудан әкімі Нұржан Құдайбергенов бастаған іс басындағы азаматтар мен қорымал қариялар да қатысты. Бітер іске жақсы ниет арқалай келген «Хантәңірі қырандары» қорының мүшелеріне ризашылықтарын білдірді. Алғыстарын жаудырды. Қайың отырғызу барысында аудан әкімі Нұржан Кеңесұлы аудан спортына қамқор қолдарын созуды алдарына мақсат етіп қойған ауданымыздан шыққан бір топ спорт саңлақтарына аудан әкімінің Алғыс хатын салтанатты түрде тапсырды. Туған жері мен елі үшін атқарып жүрген істеріне сәттілік, дендеріне саулық, отбасыларына жақсылық тіледі. Абиыров Медетқан ақсақал ақ батасын берді. «Хантәңірі қырандары» қорының басы-қасынан табылып жүрген, бүгін осында өздері қолға алған іске бас бола келген Ертіс Нұрқайдарұлы мен Азамат Мұқажанұлы сияқты азаматтар да ақжарма тілектерін арнап, аталған қордың болашақтағы мақсат-міндеттерімен таныстырды.

       Ауданымызда спорттың туын желбіреткен азаматтар баршылық. Солардың көпшілігі туған топырақтарында спортпен біте қайнасқандар. Қазір атақтары республикадан тыс жерлерге танылып жатқанын білеміз. Өкінішке орай солардың ізін жалғастырушылар бүгінде кемшін тартып тұрған жайы бар. Спортты жастайынан серік еткендердің көпшілігі ары қарай жетектейтін ешкім болмағандықтан көп жағдайда тастап кетіп жатады.Біз құрып отырған «Хантәңірі қырандары» қорының мақсаты — сондай азаматтарды елеп-ескерусіз қалдырмай қамқор қолын созып, болашақта еліміздің атын әлемге танытатын спортшылар тәрбиелеу. Бұған қордың толық мүмкіндігі бар. Қазір алға қойған жоспарлы шаралардың алғашқы орындалу барысы өз нәтижесін беруде,-деген Ертіс пен Азамат аудан спортының түлеуіне қатысты бұдан басқа да өзекті ойларын ортаға салды. Қордың жұмысына қолдау көрсетіп отырған аудан басшысы мен спорт жанашырларына алғыстарын жеткізді.

       Иә, аудан спортына жанашырлық танытып жүрген «Хантәңірі қырандары» қорының қолға алған істерін қалай айтса да орынды. Олар әкеліп отырғызған ақ қайыңдар да сап түзеп, мәуелі бәйтерекке айналатынына да сенім зор.

«Хантәңірі».

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password