8- НАУРЫЗДА ТУҒАН «АЛТЫН АЛҚАЛЫ» АНА

       Биыл Тәуелсіздігіміздің мерейлі 30 жылдығы! Ата-бабаларымыз сан ғасыр аңсап кеткен қымбатты да қастерлі Тәуелсіздік маңдайға біткен бағымыз. Кең байтақ жерге ие болып отырған мемлекетіміздің ірге тасы, негізі әрбір отбасыдан басталады. Ел құшағындағы береке мен бірлік, сүттей ұйыған тірлік бәрі-бәрі ошағында отын маздатқан әрбір шаңырақтан құралады. Осындайда адамзаттың жаратушысы, жарық күн, жарқын өмірдің дәнекері іспетті асыл да ардақты аналарымыз ойымызға оралады. Мынау өмірде аналарды дәріптесек, құрметтесек, төбемізге көтеріп ардақтасақ, көңіліміздің орнында болғаны.

       Райымбек ауданындағы Көкбел деп аталатын шағын ауылда Оралхан Дәненбаева атты көп балалы, «Алтын алқалы» анамыз тұрады. Шын мәнінде мынау жарық дүниеге әкелген ұрпағымен өсіп-өніп, көгеріп-көктеп, тамырын тереңіне тартқан алып бәйтерек іспетті. 1944 жылы наурыз айының тура 8 жұлдызында дүние есігін ашқан ана биылғы төл мерекесінде 77 жасына толады. Әкесі Дәненбай мен анасы Аятханның қасында 15 жасында 1959 жылы Қытай жерінен атамекенімізге оралған. Атажұртын аңсап жүрген, құшағына оралсақ деп жүрген ата-аналары өмірге келген қыздарының атын да ырымдап Оралхан деп қойған екен. Оралхан анамыз көп ұзамай 17 жасында Шәрәпи атты азаматпен жүректері мен тілектерін қауыштырып, отау көтерді. Әкесі бақташы болып, өзі сауыншы болып еңбек етіп жүрген кезінде әйгілі Шұбартал жайлауында үйленгендерін естен шығарған емес. Рас, Қақпақ ауылдық өңіріне қарасты Шұбартал жайлауында 1990 жылдарға дейін жаз маусымында сүт фермасы орналасып, мемлекетке сүт дайындау ісі қарқынмен жүргізілгенін көне көздер ұмытқан жоқ. Оралхан ана шаруашылықта сауыншы болып еңбек етті. Кеңшардың түрлі жұмыстарын атқарды. Өмірге 5 ұл, 6 қызын әкелген асыл ананың күнделікті тірлігі отбасының қамымен, балапандарының жайымен, тәрбиесімен өткені де жарасымды. Араға жыл аралатып дүниеге келген ұлдары мен қыздарына аналық ақ сүтін беріп, ақ бесігіне бөлеп қойып, белін буып алып, үй айналасындағы, қора-қопсының маңындағы жұмыстарды да тап-тұйнақтай етіп орындап, жұмыста жүретін отағасының бір жағына шығысып жүрді. Жұбайы Шәрәпи Байбағысов Қақпақ пен Көкбел ауылындағы шаруашылықтарда механизатор, комбайншы болып жемісті еңбек етті. Үш жыл Отан алдындағы міндетін өтеп қайтқан Шәрәпи аға Түргенде, Сарыжазда кәсіптік-техникалық білім беретін оқу орындары арқылы кәсіп иесі атанып, шаруашылықта «К-700» тракторын жүргізді. Алтын орақ тұсында комбайн айдады. Қой да, жылқы да бақты. Ерен еңбегі үшін «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет Белгісі» ордендерімен, бірнеше медальдармен марапатталды. Асыл ана қайтыс болғанына 18 жыл болған Шәрәпи ағаны жоқтатқан жоқ. Ұрпағына әкелерінің орнына әке болып келеді.

        Оралхан ана бақытты ана, мейірімді әже, қамқор жүректі, ақ тілеулі жан. Сондайлық қарапайым, көпшіл мінезді. Қонақжай, қонақтарына құшағы ашық. Көпке сыйлы. Жүрген жері, өмір сүрген ортасына сондайлық құрметті. Елі-жұртына, әсіресе, жастарға, жас отау иелеріне аналық ақ жүрегінен төгілген ақ батасын беріп жүреді. Өмірге әкелген, әлпештеп өсірген ұрпағымен бүгінде шағын ауылға айналды. Айдос, Айбол, Ғалым, Ғалымбек атты ұлдары мен Гүлім атты қызы қалада тұрады. Айдын атты ұлы Көкбел ауылындағы қара шаңырағының отын жағып отыр. Жанар, Гауһар, Шынар, Анар, Алмагүл атты қыздары Қақпақ, Көкбел, Қайнар, Кеген ауылдарында тұрады. Бәрі бір-бір шаңырақ. Оралхан ана қазіргі таңда ұлдары мен қыздарынан немерелері және жиен немерелері бар барлығы 45 балапан көрді. 16 шөбере сүйіп отыр. Өмірдің бақыты, ұрпағының таусылмас қызығы мен қуанышы деген осы. Қымбатты ана, мейірбан әже ауылдан қала жаққа, қаладан ауылға қарай сапар шегіп, ұл-қыздарының шаңырақтарында жақсы күндерін өткізеді. Немере-шөберелерін ет жүрегі елжірей емірене иіскеп, ыстық құшағына тартып, бастарынан сипап мауқын басады.

       -Балашағамнан айналайын! Ортамызда жоқ әкелерінің көздері-ғой. Тұңғышым Айдыннан бастап ұлдарымның қалада келісті үйлері бар. Өздері еңбектеніп, маңдай терлерін төгіп жүріп, тұрғызып алды. Сол бірбір шаңырақ болған жандарымның үйлерін аралап, ай сайынғы зейнетақымды кезек-кезек соларға беріп жүрем. Әйтеуір, бірдеңелеріне жаратсын, қысылмасын деймін. Алланың бергеніне, көрсеткеніне, осы күнге жеткізгеніне шүкір! Менің жолымды кейінгі жастарға, жас шаңырақ иелеріне берсін!,-дейді «Алтын алқалы» ақ баталы, ақ тілеулі ана шын көңілімен.

       8 наурыз тұп-тура төл мерекесінде дүниеге келген ананың жайы, жағдайы осындай. Жатса да, тұрса да заманның тыныштығын, ел-жұрттың амандығын, ұрпағының бар бақытын тілейді. Ұрпағымен шағын ауылға айналған анамыздың құшағы гүлге толсын, жасы жүзге келсін!

Қанат Біржансал,

Көкбел ауылы.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password