Өлгендерді тірілткен – Тілеужан

    Кейде біз ескі замандарда шаңға көмілген, қилы-қилы кезеңдерде жадыдан өшіп қалған, немесе өшірткен рухани асыл қазыналарымызды, тарихымызды, танымымызды, тұлғаларымызды іздеуге батылдық етіп бара бермейміз. Өйткені, тамырды іздеу, бұл өмірден ұзап кеткен деректерді іздеу, тек кейбір құймақұлақтардың жадында қалған жазбаларды табу машақатты жұмыс екенін жақсы білеміз. Екінші жағынан табаныңнан тозып еңбек еткеніңде сол еңбегіңнің елене қоюы да екіталай. Кейбіреулер мұндай азапты жұмыспен алысып, жазып қалдырған жазбаларың кімге керек деуі мүмкін. Әлбетте, келешек ұрпаққа қажет. Тамыры тереңге бармағанның, бұтағы биіктеп бармайды, жемісі шырынды болмайды!

     Кез келген дәуірдің ірілі- ұсақты қоғамға қызмет еткен тұлғалары болады.  Тілеужан Сақалов – Нарынқол ауданында өткізген 35 жыл өмірінде қолынан қаламын түсірмеген — педагог , әдебиеттанушылық пен ағартушылықты ғана емес тіл жанашырлығын да жанына жақын алып жүрген жан еді. Өмірдің өзі көрсеткен сый- құрметіне биязы да байсалды мінезімен төтеп беріп, кез- келген істің жанында тек жақсылық іздей білген атамның көз алдымызда тек тұлғалық келбеті  ғана емес аталық қамқорлығы мен мейірімі қалыпты.

      Елбасы Н.Назарбаевтың « Рухани жаңғыру» мақаласында айтылғандай әр азамат өзінің ата-бабасының қоғамдағы үлесін кітап , мақала, кино,өнер ,т.б салада насихаттап тұрады делінген. Осы орайда біз, Тілеужан Смағұлұлы Сақаловтың биыл 15- маусымда 90 жасқа толуын  атамасақ та  әдеби, ағартушылық мұрасын зерттеп, қайта қарап, ұл- қыздар мен немере туыстар арасында жандандыруды жөн көріп отырмыз.

  «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын»,- деген халық сөзі қашанда қаперімізде.Мергенбай батырдың тікелей туысы болып келетін Тілеужан атамыздың қалам тартып көп нәрсені батыр атамыз жайында алғашқылардың бірі болып жазып кеткенінен бөлек қоғамда жарыққа шығарып үлгермей кеткен қолжазбалары көп ақ.  Оның басты себебі, ата- жұртқа Шығыс Түркістан облысынан қоныс аударып келгеннен кейінгі  Кеңестік кезеңнің  кейбір кемшіл тұстарына сыни мақалалар жазып, өткір тілді  ескертулер айтса керек. Бұл туралы атамыздың кітабына алғы сөз жазған әдебиет қайраткері, профессор Рахманқұл Бердібай да тілге тиек еткен екен.  Алайда, атамыздың ата- жұртқа келгеннен кейінгі еңбектері көптеген жергілікті, облыстық газеттерге басылып шығып, өз кезеңінің марапаттарын да алған екен. Бүгінгі ұрпақтың санасына селт еткізер серпін беріп тұрған атамыздың бірден –бір мұрасы тіл, әдебиет саласына сіңірген зерттеу еңбектері. Атап айтсам, 1968-1972  жылдары  Таңжарық пен Көдек ақындардың айтыстарын зерттеуге арнап, 1974 жылы Таңжарық Жолдыұлының « Жазушы» баспасынан « Аспан –Тау», 1992 жылы  «Таңжарық Жолдыұлының шығармалары» деген жинақтар басылып шықты. Осылардың екеуінің де құрастырушысы, баспаға әзірлеген Тілеужан Сақалов еді. Бұл еңбектер Тілеужан атамыздың зерттеуінің ең маңызды, өзекті, ауқымды бөлімдері болып табылады. Қазақ халқының ауыз әдебиеті мұрасының сүбелі саласы- айтыс туралы атамыздың зерттеу жүргізуі кездейсоқ емес. Атамыздың өзі үнемі домбырасын қолына алып, айтыскер ақын Таңжарық пен Қойдымның жырларын қоңыр дауыспен жырлап кететін кемелді шақтары туралы Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Айтақын Әбдіқал да кезінде мақала етіп жазған еді.

   Мұғалім ісі сырттай қарапайым болғанмен- тарихтағы ең ұлы істің бірі,- деп Константин Ушинский айтқан екен. Өнегелі өмір кешіп, ұлты мен ұрпағым деп қарым- қабілетінше қызмет еткен Тілеужан Сақалов артына мол байлық қалдырмаса да өзінің ұрпағына үлгі болар мұра қалдырды. Ұлы мақсаттарға бағыттайтын , артта қалған тарихты баяндайтын сан түрлі кітаптар жиды. Шенді , шекпенділердің қолына су құйған жоқ, осының болашағы бар – ау деген жастармен сырлас, дос болды. Өзінің туған- туысына пана болып, бірге жетектеп оқуға түсіріп, алға сүйреп, ағайын- жұртына хат танытып, қатардан қалдырмауға көмек берді.

   Иә, «Жақсының аты өлмейді,ғалымның хаты өлмейді»,-деп Жиренше шешен жырлағандай атамыздың өзі кетсе де 90 – жасқа жеткен мол мұрасы бізбен бірге келе жатыр. 2014 жылы атамыздың аяулы жары- Бөпен Жексебаеваның жинақтауымен марқұм немересі Қазбек Думанұлының демеушілігімен шығармалар жинағы « Мерей» баспасынан  336- беттен тұратын  500 дана кітабы шыққан еді. Биыл  осы торқалы тоқсан жасында атамыздың алдыңғы кітабына енбей қалған шығармашылығы мен атам туралы естеліктер жинағын шығаруды жоспарлап отырмыз. Тілеужан атам аузынан тастамай жүретін Әкімхан ағасы мен жеңгесі Күлпәрім апамның үшеуі шәй үстінде ағайын болып шүйіркелесіп отырғандағы естеліктері де толассыз тарих. Тілеужан атам ерекше құрмет  тұтқан- Әкім ағаның ұлы Төлегеннің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалім қызы атынан жазылған барлық ұл- қыздары , немерелерінің атасына деген сағынышын елге жеткізудің орайы келсе керек. Тау баласы тауға қарап өседі,- деп Тұманбай ақын жырға қосқандай Тілеужан атамыз берген таза тұнық тәрбие мен тағылымды ойлар ол кісі берген бағыт- бағдардан ешбір ағайыны мен туысы жаңылмады. Атамыздың қоғамға, елге сіңірген еңбегінің қызығын көріп, қайда барсақ алдымыздан атамның көзін көргендер шығып, тегімізді танып, жылы қабақ, ыстық ілтипат көрсетті. Тектіден текті туады, тектінің жолын қуады,- деген халық сөзі де тегін айтылмаса керек. Тілеужан атамыздың артында қалған аға буын ұрпақ та бала буын да биіктен ұшып, қанат қағып, қатардан қалмай қоғамға адал қызмет етудеміз. Қоғам мүддесі мен мемлекеттің мығым болашағы үшін еңбек етіп, сара жол, сапалы жұмыс жасау жолында салып кеткен сара жолы үшін Тілеужан атамызға тағзым етеміз. Жайдары жүзіңіз бен сұңғыла сымбатты , кең иықты сұлбаңыз,жанға жағымды , әуезді әсем қоңыр даусыңыз, биязы күлкі жайдарлы мінезің, талғап , таңдап, өлшеп, екшеп сөйлейтін саф алтын сөздеріңіз, өр тұлғаңыз мәңгі есімізде сақталады.

                                                                                                                     Перзенттік сағынышпен

Майнұр Төлегенқызы,

қазақ тілі мен әдебиеті пән мұғалімі,

                                                                                 Еңбекшіқазақ ауданы.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password