Ұлт дәстүрі – ұрпақ болашағы

Әр ұлттың қай кезеңде болмасын алдында тұратын ұлы міндеттерінің ең бастысы өзінің ісін, өмірін жалғастыратын салауатты саналы ұрпақ тәрбиелеу. Болашақ қоғам иелерін жан-жақты жетілген, ақыл парасаты мол, мәдени, ғылыми өрісі озық етіп тәрбиелеу аға буынның қоғам алдындағы зор борышы. Ал жастарды жан-жақты қабілетті азамат етіп өсіруде халықтық салт дәстүрлердің тәлім -тәрбиелік танымдық ролі зор. Қазақ халқы — рухани зор байлықтың мұрагері. Ежелгі ата-бабаларымыздың күмбірлеген күміс күйі, сыбызғы сырнайының үні, асқақтата салған әсем әні, ғашықтық жырлары мақал-мәтел, шешендік сөз, айтыс өлеңдерінің сан ғасыр бойы өз ұрпағын сегіз қырлы, бір сырлы, өнегелі де өнерлі адамгершілік ар-ожданы жоғары намысқой азамат етіп тәрбиелеп келгені тарихи шындық.
Тәуелсіздік туы желбіреген егеменді еліміздің болашақ ұрпағын тәрбиелеуде, олардың бойына ізеттілік, қайырымдылық, кішіпейілділік, әдептілік, елін, жерін, Отанын сүюшілік секілді ең асыл қасиеттерді қан мен жанына сіңіруде осы ата-бабамыздың салт-дәстүр негізін ұстансақ ұтымды болары сөзсіз.
Бүгінгі таңда ғасырлар қойнауында қалыптасқан ұлттық тәрбиені, озық өнегелі дәстүрді, адамгершілігі бар асыл қасиеттерді жастар бойына қалыптастыруда, оны ұтымды пайдалану аса маңызды міндеттердің біріне айналып отырғаны даусыз. Сондықтан, ұлттық мәдениеттің, әдебиеттің, тілдің, салт –дәстүрдің мәні мен маңызын өскелең ұрпақтың санасына сіңіріп, тәрбиелеу барысында қызмет етіп жүрген ата-әжелеріміз бен аға әпкелеріміздің еңбегін айтпасақ бізге сын. 
Маусым айының мамыражай күнінде Қайнар ауылдық округінің «Аққайнар» әжелер ансамблі «Сүндет той» дәстүрін дәріптеп, ай сайын жалғасын тауып келе жатқан кезекті концерттің көркін кіргізді. Пәктіктің, тазалықтың, мұсылмандықтың белгісі болған сүндетке отырғызу салтының қыр-сырын толықтай ашып, көрініс арқылы сахналады.
Қайнар ауылдық мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі, өз ісінің шебері Советай Құдиярбекқызының ұйымдастыруымен қойылған концерттік бағдарлама жоғары деңгейде өтіп, көптің көңілін марқайтты. Ауыл өнерпаздарынан құралған оркестрдің орындауындағы күйлер мен Гүлшат Базарбекова сынды жезтаңдай әншілердің әуезді әндері құлақ құрышын қандырса, Қайнар ауылының әкімі Серік Шалов киелі домбырамен күй орындап талайдың таңдайын қақтырды.
Ақ жаулықты әжелер ауылдың алты ауызынан әуеле ән салса, ақ сақалды қартар батадан шашу шашты. Аудандық аналар кеңесінің төрайымы Дина Молдағожаеваның ұйымдастыруымен жалғасып келе жатқан бұл дәстүрлі жиынның тізгіні Сүмбе ауылының өнерпаздарына тапсырылды. Өз кезегінде сөз алған Дина Иембергенқызы ұлттық мүддемізді ұлықтап жүрген аудандағы барлық замандастарына алғысын білдіріп, алдағы өмірлеріне бақ тіледі. 
Соңғы кезде қазақ халқының табиғатына тән ана сүтімен сүйекке сіңген ізгі әдет ғұрыптардан тыс қалып бара жатқандаймыз. Өз ұлтының өткені мен болашағына бей-жай қарайтын тәрбиеден тысқары қалған жастар аз емес. Халық өнерін игеру жастарды еңбексүйгіштікке, әсемдікке бағыттап халқының тарихын біліп, мәдени мұрасын қадірлеп, жақсы әдет ғұрыптарын жалғастыруға баулиды. «Алтын кездік қап түбінде жатпайды» -дейді халық даналығы. Бұл ой мен сөздің түпкі сырына ден қойсақ, шын асыл қымбат қазына қилы кезең, шытырман уақытта да сыны мен сипатын өзгертпейді.
Даналық сөздермен оза білген қазақ халқымызда «Балаңды өз тәрбиеңмен тәрбиелеме, өз ұлтыңның тәрбиесімен тәрбиеле» деген сөз бар. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне келсек, біз халықтың нақыл сөзінен сусындаған, аталар сөзімен өсіп-өнген, даналар өсиетінен тәрбие алған, ұлылар тәрбиесінен тағзым еткен дана халықтың ұрпағымыз.
Қорыта айтқанда, бүгінгі күнде жастарды әдепті де саналы етіп тәрбиелеу үшін ең алдымен тәрбие ережелеріне сүйене отырып, ұлттық дәстүрімізді, әдет-ғұрыптарымызды, дінімізді, ата-бабаларымыздан қалған насихат мұраларын жастардың санасына сіңіре білу басты міндетіміз болуы қажет. Елдің ертеңгі ұрпағы, киелі жердің иесі-жастар тәрбиесі біз бен сіздің басты мақсатымыз. Тәрбиенің көзі-ата бабамыздан қалған дана сөздер десек, біз сол насихаттың жүргізушісіміз. Бұған қоғам алдындағы үлкен міндет ретінде қараған жөн.
Айнаш Әлдибек,
Нарынқол ауылы.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password