ҮЗЕҢГІ ЖОЛДАС

    Біраз жыл бұрын «Қазақстан» арнасында жазушы Жұмабай Шаштайұлының «Үзеңгі жолдас» атты бағдарламасы жүріп тұрды. Онда есімі елге таныс тұлғалармен теле-сұхбаттар ұйымдастырылды. Олардың өмір-дариясынан ел дамуындағы елеулі еңбектері айшықты айтылды. Сол сом тұлғалардың тізімінде аспантаудың арда ұлы ақын-сазгер Мәкен Әлиасқарұлы да болды. Әңгіме барысында сазгер өзі жайлы, өзін өсірген өлке жайлы сапыра сөйлейді. Ұзақ уақыт өтсе  де өз құнын жоймаған сұхбатты газет оқырмандарымен қайта бөлісуді жөн көрдік.    

— Мәке, ертерек өмірге келген адамдар одан кейін келген адамдарға жұмбақ сияқты көрінетін бір ерекшелігі бар. Мысалы, сіздер бізден 10 жыл бұрын, 11 жыл бұрын өмірге келсеңіздер,сіздер көп нәрсеге көздеріңіз жетті, көп нәрсенің сырын білетін сияқты болып көрінесіздер де тұрасыздар. Мынау, Мұқағалидің, «біздің ауылға, біздің жаққа жеңістің хабары бір апта кешігіп жетті» деген бір өлеңі бар ғой. Сіз сол жақтан шыққан төл екенсіз. Ол неге соншалықты кешігіп жетеді, бүкіл дүниежүзіне үлкен ұлы хабар дүркіреп тұрғанда? Кішкентай шалғай ауыл ма соншалықты, неге олай деп ойлайсыз?

— Ол енді, шалғай аудан екені даусыз ғой, осы жерден 350 шақырым. Ол уақыттарда, жаңағы Жеңіске жеткен жылдарда, бізге тіпті автобус емес қара машинаның өзі қатысуы қиын болатын. Почталық информациялық хабарлар, газеттердің де дер кезінде жетпейтіндігі рас.

— Енді осы, балалық шақты ойлаған…, сол кезде алты-жеті жаста шығарсыз?

— Иә, қалқам, бұл жерде не айтады дейсің.  Соғыс басталғанда мен үш жаста екенмін. Әкемізді соғысқа алып кетіпті, әкем мұғалім екен. Сонымен,  мені бұл жаққа дәрігерге алып келетін кісі жоқ. Онда жесір қатын, жетім бала. 1942-жыл, нағыз соғыстың қайнап жатқан кезі. Сонымен мезгілсіз қала бердік. Келіп емделіп, анау-мынау ештеңе бітіре алмадық. Ауылдан қатысу деген тіпті қиын… Жеңіс жылдары деп айтып отырмыз, Жеңіс жылдарының өзінде ауыл шаруашылығын қалпына келтіру, қираған шаруашылықтарды орнына қою дегеннің өзі тек қана біздің Нарынқолда ғана емес Совет одағы бойынша он жылға созылып кеткен процесс болды ғой.Ол жылдар өте қиын болды ғой.

Сіз айтып отырсыз, емдеуге жағдай болмай қалды деп, сонда адам осындай қиын сәтке тап болған кезде сіз өз басыңызға не ойладыңыз, болашақта не боламын деген сияқты?

— Мен мысалы, алғашқы жылдарда соғысқа алып кеткен әкемнің дауысын да біле алмай қалдым, әкемнің дауысын танымаймын. Бүгінге дейін мыңдаған адамдардың үндері құлағымда, бірақ әкемнің үні құлағымда жоқ. Ал, мынау елуінші жылдарға дейін менде ешқандай түйсік те болған жоқ. Жаңағы 1948-жылы, тоғыз жасымнан бастап домбыра алғанға дейін «сен көрмейсің» деп маған замандастарым айтқан да жоқ. Мен солармен бірге  жүгірсе жүгіріп, жығылса жығылып, ақсүйекке таласса таласып жүре бердім. Тоғыз жасыма дейін бейхабар болдым мына тағдырдан. Атам да, әкем де кезінде домбыра тартып, ән салған кісілер екен.Тоғыз жастан кейін домбыраны атамнан үйреніп, сол әйтеуір тұқым қуалайды дегендей жағдай ма, оның бергі жағында маған болса да ермек қой. Сол, ермек жасай жүріп, ақыры тоғыз жасымнан домбыра үйрене бастасам, он үш-он төрт жасқа келгенде ән сала бастадым. Ал енді, ән салғанда, мысалы айтайық, бар үйде, ауқатты үйде, немесе белсендінің үйінде, немесе бастықтардың үйінде ғана бірен-саран радиоқабылдағыштар болды. Солардың терезесінен барып әндерді тыңдаймыз. Онда бүгінгідей ән жинағы қайда. Бүгін, мысалы, «Алқоңырдың» бір шумағын жаттап алсам, ендігі бір концертте әннің екінші шумағын жаттап деген сияқты 13-14 жастан бастап ептеп домбыраға қосылып ән салуға ұмтыла бастаған жайым бар. Қазақ радиосы менің алғашқы ұстазым десем де болады. Себебі газет-журналдардан, әсіресе газеттерден  шолу берсе — радиодан береді, содан тыңдаймын. Себебі мен көріп оқи алмаймын ғой оны, мектепке бармаймын. Әнді жаңағы әншілерден тыңдаймын. Ол кездегі әншілер радиодан жиі берілетін. Жүсіпбек Елебеков, Манарбек Ержанов, Нұғыман Әбішев, Ғарифолла Құрманғалиев, Мағауия Көшкімбаев,  Жаңыл Қартабаева сияқты домбырамен айтатын кісілердің дауысы еді. Ал енді домбырамен айтпайтын – Рахия Қойшыбаева, Рәбиға Есімжанова, Жамал Омарова деген кісілердің дауыстарының барлығын мен «анандай күндік жерден» деп қазақ айтады ғой,  сол айтқандай радионың дауысы жеткен жерден естісем олардың дауысын танитынмын. Қазір де солай, «алты қырдың астында» дегендей солардың дауысы сол кезден құлағымызға сіңіп кеткен.

— Жаңағы аттары аталған кісілердің бәрін кейін көрдіңіз ғой.

— Манарбек ақсақалды көрдім, жақсы әнші кісі болатын, бірақ момын кісі еді. Бәлендей артық ауыз мінезі жоқ жайдары ғана адам екен. Садық Кәрімбаевпен еріп барып, танысып қайтқанмын. Ол кісіге үйренген әндерімді ептеп айтып бергенмін. Дәнеш Рақышевпен де мұнда есейгенде таныстық. Концертпен жүргенде ол кісімен де танысқан жайымыз бар. Ол мені өзінше бір пір тұтқандай менімен көп әңгімелескен, бірге отырып ән салғанбыз. Ал енді, Манарбектің, Дәнештің дауыс биіктігі, олардың құлаққа жағымды көркем үндері қайталана бермейтін шығар деп те ойлаймын. Оның бергі жағында, Арқа өңіріне тән лирикалық әдемі әндердің шебері Жүсекең еді ғой – Жүсіпбек Елебеков ағай еді ғой. Жүсекеңмен 1959-жылы жиырма жасқа келгенде таныстым. Арнайы Алматыға келіп, Казақконцертке барып, білген әндерімді айтып беріп. Сонымен, ол кісі: «Қалқам, дауысың ашық екен, сөзің анық екен, дауысың кереметтей биік болмағанмен де өзіндік жолы бар екен, өзіндік бір ерекшелігі бар екен, — деген сияқты ақыл-кеңесін беріп, «Ән салғанға қажыма, қалқам. Өнерді бағалай білу керек. Кім көрінген ән сала алмайды»- деді. Кейін кездескен жерлерде; «Жаман әншім, қалың қалай?»- деп амандасатын. Өйткені өзі жақсы әнші ғой. Жүсіпбектей әнші болу қайда! Абай әндерімен «Сегіз аяқтан» бастап Жүсекеңнің айтуында үйрендім, сол кісінің үлгісінде ән салып келе жатырмын. Енді, жас деген, міне, алпыстың алтауына келді. Радиоға жетпіске жуық әндер жаздырдым, көпшілігін Жүсекеңнің қолтаңбасымен жаздырдым. Манарбек ағамыздың да қолтаңбасында «Біржан салы», «Ғазиздің әні» деген сияқты әндер бар, Кененнің де бір-екі әнін жаздырған жайым бар. Ол кісімен 1962-1963 жылдарда Нарынқол аудандық Халық театры жаңадан ашылған, концертпен келіп,.

— Сіз Алматыға ол кезде келген жоқсыз ғой?

-Жоқ, Алматыға  ол уақытта мен келген жоқпын. Алғаш 1959-жылы келдім де, біраз уақыт болып, кетіп қалғанмын. Өйткені ауылдан Халық театры ашылатын болды, ауылға таныс «әнші бала» сияқты болып қалдық. Сонымен, кейін ауданда халық театры ашылғанда 1962-жылы Әбділда Тәжібаевтың «Жалғыз ағаш орман емес» пьесасы бойынша гастрольмен шықтық, артынан концерт береміз. Қысқасы, күніне үш концерт береміз.

— Труппаларыңызда кім болды?

— Труппада негізінде өзіміздің аудан өнерпаздары болды. Мақай Нұрқасов деген кісі басқарды, ал музыкалық жағы тікелей маған жүктеліп қалды. Менің сол радиодан үйренгенім, баянды өз бетіммен үйренгенімнің арқасында Халық театрында әрі концертмейстер дейді ғой әншілерді сүйемелдеймін, әрі өзім жеке ән саламын. Осымен аралап жүріп Кенен атаның ауылына барғанбыз. Оның алдында ол кісінің 75 жылдығында Алматыда кездесіп қалдым. Бір жауынды күні бір үйге кірсек сол үйде Кенен бар екен. Кіріп отырсақ: «Кенен деген кісі осы кісі екен деп» қасымдағы кісілер де қымсынып қалды. Сонымен отырдық, — Өнерің бар ма?- деді, -Бар. -Мен Кененмін — деді. Радиодан 75 жылдығын өткізіп жатқан хабарларды естіп жүргем, жүрегім су ете түсті.   «Қане, домбыра тартып көрші, ән салып көрші» — деді. «Көк  көбелекті» айтып бердім. Сонда Кенен атамның:

«Өнерің бар бармағыңда

 Өлең сөздің болады салмағы да.

Албан аға, Дулат інісі ғой

Атаңның сыйына бер әруағына»   — деген өлеңі әлі есімде.

«Ақ ешкісін» өз аузынан естіп үйренгенмін, кейін «Жетпіс бесін» үйреніп алғанмын, «Бозторғайын» көпшілігіміз болса да айтамыз. Кенекеңмен осылай кездескен жағдайымыз болды.

1979-жылы Жүсекеңнің 70 жылдығы болды. Сонда Жүсекеңе сөз бергенде: «Кешегі Ақан, Біржан, Естайлардың қасында мен кіммін» деп сөйлегені бар еді. Сол кісі айтқандай, әрине Жүсекеңдердің қасында көп әншілеріміз ондай бола алмайды ғой! Ол әнді өңдегенде, ол әнді сүйемелдегендегі қағыстары … . бірақ сөйлескісі келмейтін кісімен сөйлеспейтін мінезі тік кісі еді. Бірақ маған: «Жаман әншім, Садық Кәрімбаевқа, саған құдайым көз бермесе де екеуіңе тіл берген, ақыл берген, өнер берген» деп қоятын. Маған әкелік қамқорлығын жасағандай кісі болды. Тіпті «Басқа облысқа әнші болып кетсең қайтеді» деп те пікір айтқан. Мен баяғы ауылдан шықпаған қазақтың қара баласы басқа облысқа бармай қалып, сонымен сахнаның әртісі Халық театрында болдым-дағы, бірақ сахнаның әртісі болмай қалып қойдым.

Халық театры атағын алып болғаннан кейін Жамбылдағы Мәдени-ағарту училищесін бітірдім.Одан кейін Абай атындағы педагогикалық институттың тарих факультетін бітірдім.

— Неге сіз тарих факультетін бітіресіз?

— Тарих факультетін бітіретін себебім,  мен ол кезде ауылда тұрдым. Балаларға ән-күй сабағын бергеннен көрі тарихшы болып бір көрейін дедім. Жолдастарымның бәрі: «Комсомолға өттің, партияға өттің, неге сен тарихшы болмайсың» деп. Сырттан оқиын деп келсем сырттан оқитын бөлімнің қабылдау емтиханы бітіп кетіпті. Сонымен түсіп оқыдым. Отыздың екеуіне келгенде мен КазПИдің студенті болдым. Менен он бес жас кіші балалар менімен бірге бір партада отырды. Сондай-ақ КазПи-де деүйірме жұмыстарына жетекшілік жасап, факультеттің көркемөнерпаздар үйірмесін жүргізіп жүрдім.

— Жүсекең туралы біраз айтып қалдыңыз. Ол кісімен сапарлас, жол жүрген жоқсыз ба?

— Жоқ, Жүсекеңмен тек қана бірге Казақконцертте, содан кейін тағы бір-екі үйде отырып ән салдық. Бірақ ол кісімен бір концертте болған жоқпын. Бір рет, Жамбылда оқып жүргенімде Свердлов ауданында Социалистік Еңбек ері Дариға Жантоқова дейтін апай бар еді. Соның үйінде Жүсіпбек бар екен деді. Оқуды тастай салып, «ертең көп болса сабақтан қалсам не қылады» деп Жүсекеңді іздеп келіп. … сол 1965-жылы көктемде 60 жылдығын өткізіп барған екен. Сонда Жүсекең маған домбыраны беріп қойып, «Әй, біз есейіп қалдық қой» деп әннің көбісін Жүсекең маған салғызды. Түнімен бірге болдық. Әкелі-баладай қатар жаттық. Ертесінде олар кетіп қалып, мен айдалада адасып қалғандай болып, аңырып та қалған жағдайым бар. Жүсіпбекке мен соншама бауыр басып кеткен едім.  Марқұм сондай кісі еді. Жұрт «мінезі тік» дейтін, шарт етпе мінезі бар еді, бірақ адамшылығы, әңгімешілдігі – ол жағынан керемет кісі болды.

— Жаңағы аттары аталған кісілерге қазіргі жаңа ұрпақтың жағымсыз жақтары, біздің жаратылысымызда қандай мінездер жағымсыз болып көрінеді деп ойлайсыз?

— Ол кісілердің бір ерекшелігі мынау- табиғи берген талантымен халық әртісі деген атаққа дейін жетті. Оны біреу апарып оған қондырған жоқ, халқы берді, мемлекет бағалады, ел бағалады. Ал енді қазіргілерге оқудан гөрі тоқу жақсы ма деп ойлаймын. Олар тоқумен жеткен адамдар, таланттылығымен жеткен адамдар. Қазір енді оқуменен көп жастарды оқытып жатырмыз. Мысалы Жүсіпбектің шәкірті болған Жәнібек марқұммен де керемет сырлас болдым. Ол Жәнібектер басқа еді. Қайратымыз да құдайға шүкір әжептәуір үлкен әнші, ешкім оның алдына пәлен-түгел деп артық әңгіме айта алмайды. Ал бірақ «тоқудан да оқу жақсы» дейтінім мына эстрада жанры өте өрістеп кетті. Бір жағы дамығанымыз зиян емес шығар, бірақ соларыңызға берілген атақ зая ғой деп ойлаймын. Себебі әнді тебірене салу бар дағы, кеудемен салу бар. Ал өңешке салып айтқан әннің парқы онша бола қоймайды, бұл қиын нәрсе. Ән деген нәрсені қалай болса солай ойыншық етуге болмайды.

— Сонда, Сіздің айтуыңызша, әншілік те Құдайдың берген ….

— Қысқасы, табиғи дарындылығы болмаса, Құдайдың өзі берген бағы болмаса «мен боламын» деп тыраштанудың өзі артық нәрсе ғой.

— Ал, жаңағы Сіз айтып кеткен Жәнібек Кәрменов бізбен қатар жігіт… .

— Ол Жәнешпен мен хабарлас болғаным Жүсекең оларға сабақ беріп жүрген кезде мен КазПИ-де оқимын. Солар ән салып жатқанда мен де келемін. «Әй, жаман әншім, сенің жаман дауысыңды сағындым ғой, бір-екі ән салып жіберші» дейді. Мен ән саламын. Содан Жәнібектермен Жүсекеңнің оқушысы сияқты болып жүргенмін бір жағы. Себебі КазПИ мен қазіргі колледж, ол кезде студия еді ғой, екеуінің арасы бір ақ көше, сондықтан жиі баратынмын. Содан таныс болатынмын. Кейіннен Садық Кәрімбаев туралы «Әншіл жүрек» деген кітап жазып, оны Жәнібек біледі. Содан кейін Жүсекеңнің 80 жылдығында «Лениншіл жасқа» мен үлкен мақала бердім. Сонда «Әй, бауырым-ай, менің айтайын деп жүргенімнің бәрін бір жағы айтып тастаған сияқтысың, бір жағы мені толықтырған сияқтысың» деп мені мейірлене құшақтайтыны бар. Кейін Кәрімбаев туралы кітап жазғанымда да «не болды сол еңбегің» деп. –«Аналар әдеби өңдеуші ізде — дейді, анау дейді, мынау дейді, кезекке тұр дейді» — деп едім:- «Ой, шіркін-ай, бұл адамда мейірім кетіп қалған ғой. Әрі өнерді, әрі қаламды ұстап жүрген сіздер сияқты толып жатқан  адам жоқ қой, неге солай екен»- деп, кейіген де жайы бар. Ол екеуіміз телефонмен тұрақты пікірлесіп тұратынбыз. Мен туралы Зәкір Асабаевтың жазған  «Сыры терең өнерпаз» деген хабары жүрді. Бір уақытта әлгіні тыңдап бітіп жатып қалсам телефон шырылдайды. Алсам – Жәнібек. «Мәке, — дейді —  жаңа Сізді тыңдап алып, сыртқа шығып, қай-қайдағы ойыма түсіп  Сізді елестетіп үйден ұзап кетіп, содан кешігіп келіп, кеш звондағаныма кешіріңіз. Түгел тыңдадым. Әп-әдемі дүние болыпты» — деп бір риза болатыны бар еді. Қысқасы, Жүсіпбектің өлімі мен Жәнібектің өлімі менің екі туып бір қалғанымның өліміндей болды. Себебі олар беріп кеткен әндер, олар беріп кеткен қолтаңбалар, олар беріп кеткен кейбір айтылмаған өлең-сөздер, әндердің – ол енді ерекше еді ғой.

         —  Сіз Садық Кәрімбаев жайлы кітап жазыпсыз. Ол кісі туралы, ол кісінің композиторлығы туралы. Ол кісінің шығарған әндері халық әндері сияқты болып кеткен. Ол кісі қандай адам еді?

         — Ол да сол үш-төрт жасында көзден айырылған кісі екен…..(С. Кәрімбаев туралы…)

         … Кейін әбден есейгенде өнер тарландарымен араласқаным туралы естелік кітап жазайын деп «Өнер» баспасына бардым. Сонда бір топ жігіттер отыр екен. Біреуі бас салды да айтты: «Сіз, басқаны қайтесіз, оны кейін жаза жатарсыз. Садық туралы неге жазбайсыз? Дәл оның сазындай саз  бүгін туып жатқан жоқ.» — деді. Сөйтсем, ол балалар жазушысы Ескен Елубаев деген жігіт екен. Сол «Өнер» баспасында істейді екен. Соның ақыл-кеңесімен С. Кәрімбаев туралы кітап жазуға тура келді. Алдында ауылға концертпен барғанда кездескем, амандасқанмын, ән айтып бергем. Оның «Ақ көгершін», «Қаракөзін» өзіне орындап бергемін. Ол да менің әнші екенімді білетін. Бірімізге біріміз сын айтып немесе ұсынысымызды айтып дегендей пікірлесіп, әзілдесіп те жүретінбіз. … Енді Садық өліп қалды, енді не істеуім керек. Маған 10-15 қарт әртістерге жолығу керек болды. Кешегі Қамал Қармысов, ҚазССР-нің Еңбек сіңірген әртісі Әбдірахман Әсімжанов, Рәбиға Есімжанова, Тұрсынхан Әбдірахманова сияқты өнер тарландарымен кездесіп, естеліктерін, концертте болған сапарлары туралы деректер жинауға тура келді… .

Ағаларымыз Жүсіпбек, Манарбек мықты өнерпаздарды еске алғанда Әміре Қашаубаев, Иса Байзақов, Қали Байжанов сияқты кісілерді еске алушы ма еді?

— Серке Қожамқұлов өз үйіме шақырып, табақтас бола отырып Әміренің қайтыс болғаны туралы әңгіме айтқан .  … «Әміредей әнші қайда, Әміреден кейінгі оның көшірмесі мына Манарбек қой»- деп Серке Қожамқұловтың күрсінетіні бар. Ал Исаның төкпе ақын болғандығы туралы әр қайсының аузынан түспейтін. Кейін Жарқын Шәкәрім Әміренің пластинкасын тауып келгенде Жүсекең алғаш тыңдағанда жылап жіберіпті ғой. Міне жолдастық деген, міне өнер құрметтеу деген. Әміренің дауысының тіріліп келгендігіне қуанды ғой. Сол сияқты Манарбектің, Жүсіпбектің орындауында концерт берсе қазір де күні бойы жалықпас едім. Мен тыңдағаныма сүйсініп отырамын, іштей жылап отырамын.

— Сізде осы өміріңізде, алпыс алты жыл өмір сүріпсіз, егер мынандай жағдай болмаса мен мұндай болмас едім деген сияқты өкініштер бола ма? Немесе өзіңізге разы болатын жағдайыңыз бар ма?

— Ол мәселеге жауап беруге болады. Мен кезінде өкініп келдім. Себебі «әкемді соғыс жалмап қоймаса, шалғай ауданда тұрмасам, шіркін-ай, анау болар ма едім, мынау болар ма едім, ананы оқысам мынаны игерер ме едім» деген сияқты. Бірақ, жасыратыны жоқ, өте жастайымнан болғандықтан мына тағдырыма жансеріктей қалыптасып қалдым — бір, екіншіден – өздеріңіз сияқты бауырлардың, інілердің демеуімен, шынымды айтайын, кейде мүгедек екенімді ұмытып кетемін. Ұмытып кететін себебім – сіздердің демеулеріңіздің арқасы шығар, екіншіден – әнімді салып, ел қатарынан қалмай келгеніме бір жағы шүкірлік етемін. Неге шүкірлік етпеймін!

— Кәрі ұрпақтың өкілі — біздер. Кейде жастарды түсінбейтін де шығармыз. Мүмкін олардың басқа бағытына әділетсіз де шығармыз деп ойлаймын. Бірақ, дегенмен, жаңағы Әміре Қашаубаев, Жүсіпбек Елебеков, Манарбек Ержанов сияқты тұлғалар бізге тым үлкен болып көрінеді. Осылардың тұлғаларына аңыз, бояу қосып жібермейміз ба?

— Көне көздер ешқандай бояусыз, боямасыз әңгіме айтады. Мен де көне көздің біреуімін. Ешқандай боямалаудың қажеті жоқ. Олардың шеберлігі, олардың таланты, олардың дауысының көркемдігі жөнінде жаңа да айттым ғой, ерекше. Мысалы, Рәбиғаның тек қана салған «Сәулем-айын» бүгінге дейін ешкім өз мәнінде салып келген жоқ. Оны Сіз білгіңіз келсе радиодан Илья Жақановтың «Еңліктің әні» деген хабарын тыңдасаңыз -сонда әп-әдемі етіп берген. Илья деген керемет шебер адам ғой. Оның «Екі жирен» деген Жүсіпбек туралы жазған хабары не тұрады. Мысалы Бауыржан Момышұлы туралы жазған жазушымыз Әзілхан Нұршайықов – сол өтірік жазды деп айтасыз ба. Сол сияқты көне көздер өтірік жазбайды. Кейінгі жастар мүмкін біреулерден естіп, өсіріп жіберуі де мүмкін шығар. Бірақ қай уақытта өзі көрмесе, өзі жүздеспесе өсіріп жаза алмайды.

— Мәке, қоштасар сәтте бір ән айтып жібермейсіз бе?

— Марқұм Жүсекеңнің әруағы үшін, қазағымның әнінің құрметіне, өздеріңіздің шал болсам да ардақтап әңгіме сұрап отырғандарыңызға рахмет айтып, халық әні «Бір бидай арпаны» айтып берейін.

Материал интернет желісінен алынды.

 

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password