Құрметке  лайық  жан

  Сарыжазда  мамандығын  мақтаныш  тұтып, халыққа  көрсеткен  қызметі  арқылы  көп  құрметіне  бөленіп, алғыс  арқалап  жүрген жандар  аз  емес. Солардың  бірі – ұзақ  жыл  ауылдық  емханада  балалар  дәрігері  болып  абыройлы қызмет атқарған  Сәуле  Сыпатаева. Ақ  желеңді  абзал  жан  қатардағы  дәрігер  ғана  емес, білікті  басшы  ретінде  де  денсаулық  саласына  лайықты  үлес  қосқанын  айрықша  айтуға  болады.

      Сәуленің  осы  бір  екінің  біріне  бұйыра  бермейтін  мамандық  иесі, адам  жанының  арашашысы  атанып  келе  жатқанына  39  жылдың  жүзі  болды. Осынау бүтіндей  бір  адамның  ғұмырына  пара-пар  уақыт  аралығында  білікті  дәрігерден  ем  алуға  қаншама  адам  келді  десеңізші. Солардың  бәрі  де  білікті  дәрігердің  алақанының  шипасын  сезінгені  науқасынан  құлан-таза  айыққаны  ақиқат. Қашанда мамандығын халық  үшін  деп  бағалайтын  Сәуле  ұзақ  жылғы  дәрігерлік  қызметінде  ауылдағы  емхананың  да  тыныс-тіршілігін, ондағы  әріптестерінің  тұрмыстық-әлеуметтік  жағдайларын  да  жадынан  шығарған  емес. Емдеу  орнының  ауруға  дауа  болар  сан  түрлі  дәрі-дәрмекпен  тұрақты  қамтылуын  назарда  ұстапты. Кейбір  оңайшылықпен  таптыра  қоймайтын  дәрілерді  арнайы  тапсырыспен  алдырып  отыруды  басты  міндеті  санапты. Нәтижесі  айқын. Науқасы  алаңдаушылық  тудырған  үлкен-кіші  емхана  меңгерушісінің  арнайы  алдырған  дәрісімен  емделіп, ертеңгі  күнге  деген  сенімін  нығайта  түсіпті. Ал, жұмыс  барысында  әріптестеріне  ақыл-кеңесін  айтып, қандайда  бір  туындаған  өзекті  мәселелер  болса, қолма-қол  шешуді, болмаса  тиісті  орындар  арқылы  іске  асуын  абыройлы  борыш  санапты. Бүгінде  құрметті  еңбек  демалысында  болса  да  Сәуле  Сыпатаева  өзінің  сүйікті  мамандығынан  қол  үзе  қойған  жоқ. Заман  талабына  лайықтап  салынған  жаңа  емханада өзіне  тапсырылған  жауапкершілік жүгін  ауырсынбай  көтеріп, әріптестеріне  үлгі, жас  мамандарға  ақылшы  болып, өз  білгенін  соларға  үйретіп  жүрген  жайы  бар.

     Сәуледей  ақ  желеңді  абзал  жанның  денсаулық  саласындағы  ұзақ  жылғы  еңбегі  атсыз-аяқсыз  қалған  жоқ. Лайықты  бағаланды. Денсаулық  сақтау  ісінің  үздігі, Райымбек  ауданының  Құрметті  азаматы деген  абыройлы  атақтары, жоғары  орындар  тарапынан  алған  Құрмет грамоталары  мен  Алғыс  хаттары  адам  жанының  арашасы – білікті  дәрігерге  берілген  әділ баға  деп  айтсақ, ешкімнің  таласы  жоқ. Еңбегіңіз  жанып, абырой  биігінен  көріне  беріңіз, ақ  желеңді  абзал  жан.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password