ҚОС БӘЙТЕРЕК, ҒИБРАТТЫ ҒҰМЫРЛАР Сарыжаздық ерлі-зайыпты Бақытжан мен Сәуле жайлы әңгіме

         Сөз басы

        Бүгінде бір әулеттің мәуе жайған бәйтерегіне айналған, өнегелі істерімен абырой арқалап, ауылдастарының сый-құрметіне бөлене білген ерлі-зайыптылардың сүрлеу соқпақтары, талайлы тағдыр,ғибратты ғұмырлары жайлы қалам тербеу көптен ойымызда жүрген еді. Орайы осы жолы ғана келді. Жауапты хатшы Серікжан екеуіміз газет жұмысын да,күрең күздің күйбең тірлігін де бір күнше жинай тұрып, Сарыжазды бетке ала жолға шықтық. Екі ауылдың арасы атты адамға күншілік жер болғанмен,төрт дөңгелекке бұйым ба. Қызыл тілдің тиегін ағыта отырып, бір шай қайнатым уақытта діттеген жерімізге де жеттік. Бәкеңмен жол-жөнекей ұялы телефон арқылы байланысты үзбей, ауылдың етек жағындағы еңселі үйге атбасын тіредік. Есік алдында отағасының өзі құрақ ұша қарсы алды. Амандық-саулық сұраса жүріп, ақ сарайдай үйіне бастай берді.

       Босағадан күтіп алған отанасы – Сәуле де келгенімізге шынайы ризашылығын білдіріп,жүрекжарды ықыласын аямай төгіп жатыр. Үйге кіргеннен-ақ, бір ыстық леп бетті шарпып, жандүниені ерекше сезімге бөлеп кетті. Зер салып қараған адам үй ішіне көрік беріп тұрған мүлік-мүкәмалдардан жинақылық пен тазалық,ұқыптылық пен реттілікті бірден аңғарар еді. Үлкен-кішінің бір-біріне деген жылы жүздері мен мейір-шапағаты, сыпайы да жайдары қарым-қатынас отбасындағы қаймағы бұзылмаған берекені, мәдениеттілік пен әдептілікті, сыйластықты, рухани жандүниеге керек басқа да қажеттіліктерді одан әрі асқақтатып, адами құндылық ұғымын толықтырып тұрғаны анық. Көл-көсір дастархан басындағы әңгімеміз де жарасымын тауып жүре берді. Сөз тізгінін үй иесінің өзі ұстап, әңгімені әріден қозғады.

БАҚЫТЖАННЫҢ ӘҢГІМЕСІ

       Кіндік қаным тамып, табаным алғаш тиген жер осы Сарыжаздың топырағы. Сол себепті туған ауылым мен үшін қастерлі де қасиетті.1965 жылы мектеп табалдырығын аттап, 1975 жылы орта білім алып шықтым. Әкем Қайыпберді шалқыған бай да, сіңірі шыққан кедей де болған емес. Қарабайыр ғана тірлік кешкен адам еді. Өзінің адал еңбегімен жанбағысын айырды.Бала-шағасын кісіге кіріптар етпей асырады. Тәлімді тәрбие берді. Әдептілікке, ізеттілікке, еңбекқорлыққа баулыды. Анам Заина Сәрсенбіқызы екеуі отбасында ұрпақтарына үлгі болатын сыйласымдылық қалыптастырды. Содан болар, бір әке-шешеден тараған үш ұл, төрт қыз бауырмал болып өстік. Барды қанағат тұттық,жоққа мойымадық. Намысымызды қорғауды зор абыройға баладық. Құдайға шүкір, одан жаман болғамыз жоқ. Әкем осы Сарыжаз орманшылығында орман күтуші болып еңбек етті. Төртінші сыныпты бітіре салысымен әкеме қолғабыс жасауға баратын едім. Тау қапталындағы жаңа отырғызылған қарағай өскіндерін күтімелдеуге үлкендермен қатар үлес қостым. Қазір мына ауылдың батысындағы сыңсыған қарағайда менің де қолтаңбам бар.

ӨРТЕҢДЕ ӨРІЛГЕН ӨМІР

       Сарыжаз орта мектебін көп қатарлы бітірген Бақытжан аттестаты қолына тиісімен құрбылары сияқты білімін жалғастыру үшін Алматыға қарай шабылған жоқ. Шама шарқына қарап,көрші ауылдағы жүргізушілер даярлайтын курстың оқуын қанағат тұтты.Мамандық алып шығысымен туған ауылындағы колхозға мүше болып кірді. Сөйтіп, өртеңді өмірдегі сүрлеу соқпағын жүргізуші болып бастады. Әр айғы тапқан табысын шып-шырғасын шығармай әке-шешесінің қолына ұстатқаны да, олардың мұның алғашқы табысына мәз болып, балаша қуанғандары да күні бүгінгідей көз алдында. Үлкендердің бір жағына шығысып, отбасының жүдеу тіршілігін көтеруді алдына өмірлік мақсат етіп қойғаны,оңаша жерде осы бетінен танбауға уәде бергені де есінде. Уақыты келіп, Отан алдындағы әскери борышын өтеуге Кеңес одағының құрамындағы бір елге сапар шекті. Мойны жырақ жерде, сан түрлі ұлттың өкілдері бас түйістірген әскери бөлімде де туа бітті қасиетінен танбай, міндетін мінсіз атқаруға, туған елі мен жерінің, өскен ортасының, әке мен шешенің сенімін ақтауға тырысты. Өзі жақсы адамға қай жерде де бір кісілік орын бар емес пе. Бақытжанның бойындағы адами құндылықтарды, міні жоқ мінез-құлықтарды жақсы танып, көре білген әскери ортадағы басшылар мен қызметтестері де оған зор құрметпен қарап, өздеріне үлгі тұтты. Жақсыға тән осынау қасиет жас жігітке ғайыптан қона салған жоқ. Туған ауылындағы көргені көп көне көздердің ұлағатқа толы әңгімелері, біліміне білігі сай азаматтардан алған өмір сабағы, ата-баба сүйегімен біткен, Қайыпберді мен Заинадай асылдардың тәлімді тәрбиесінен дарыған қасиет екені ақиқат.

       Әскери борышын өтеп келген Бақытжанның қуанышы көпке созылмапты. Бұрыннан дімкәс әкесінің ауруы дендеп, баласы оралған соң бір айдан кейін дүние салған екен. Енді мұның мойнындағы жүк бұрынғыдан да ауырлай түскен болатын. Отбасы мүшелерінің барша тағдыры, шешеге сүйеніш, бауырларына ақылшы, іні-қарындастарына әке орнына әке бола білу міндеті тұрғаны айдан анық еді. Тепсе темір үзетін жас жігіт «тас қамалы» әкесінен айырылса да қайсыбіреулер сияқты боркеміктік танытытып, морылып кеткен жоқ. Әкеден айырылу-бір үйдің арқа сүйер азаматы болу деп білді. Өмір өзенінің арынды ағысына қарсы жүзді. Тарпаң тағдырдың талқысына қажыр-қайратын,ерік-жігері мен ақыл-парасатын көлденең тартты.

       Тағы да сол үйреншікті кәсібі-жүргізушілікті алға салып, шаруашылықтың қамытын мойнына киді. Машина жөндеу шеберханасына слесарь болып жұмысқа орналасты. Ақауланып алдына келген автокөліктерді қолы шипалы дәрігер секілді, кінаратын тез арада тауып,өңдеп-жөндеп, сылап-сипап қатарға қосылуын қамтамасыз ете білді. Өзі айтпақшы,слесарь болған кездері астына түсіп-шықпаған машина кемде-кем шығар. Бірақ,тапсырылған жұмыстың мүлтіксіз орындалуын басты міндеті санаған еңбекқор жігіттің сенімге селкеу түсіріп, «атаңа нәлет-ай» дегізген жері жоқ екен. Алғыс арқалаумен ғана болыпты. Бұл орайда, әрдайым қасынан табылып, қамқор қолын ұсынған бас инженер Қанат Дәулетбаев пен Нұрсәли, Жиғанбай сияқты автомеханик ағаларына деген ықыласы қашанда ыстық. Күндердің күнінде автокөлік рөліне отыратын уақыт та жетті. Мына бір жайтты айтпай кетуге болмас. Ол шақта қазіргідей байланыс дами қоймаған, ұялы телефон деген ой түгілі түске кірмейтін кез. Ауылда қайтыс болған адам болса, оның аудан көлемінде тұратын жақын-жуықтарына хабаршыға арнайы автокөлік бөлінетін. Сенгені ғой, осы бір сауапты іске басшылар ұдайы Бақытжанды жұмсап отырыпты.

       Қолынан іс келетін, тәртіпке тастай берік, кіммен болсын ортақ тіл табысып,бере де, ала да білетін жігітті колхоздың бас бухгалтері Дәулет Әубәкіров кебенек ішінен танып,кассирлік қызметті ұсынған көрінеді. Бұрын айналыспаған жұмысқа алғаш келісім бермегені рас. Бірақ,бас есепшінің ұсынысын қабыл алған колхоз бастығы Жетікен Әміреев қарсылығына қарамай, кассирлік қызметке тағайындапты. «Колхоздың бар байлығын қолыңа ұстап отырсың. Ісіңе мығым бол. Ақкөңілдікке салынып, қасықтап жиған ақшаны шөміштеп шашып, желге ұшырып жіберме. Басың кетеді» бастық пен бас есепшінің ескертпелері мен жанашыр сөздері өмірлік бағдаршам болғанын есінен шығарған емес. Ақшаның құлағын ұстадым екен деп, кеуде керіп, алшаң басқан жері жоқ. Қайта, қыжалат көріп алдына келгендерге жүрегі елжіреп, қолынан келген көмегін аямапты. Осы қызметті абыроймен атқара жүріп Талғардағы ауылшаруашылық техникумынан арнайы есепші мамандығын алып шықты. Кассирлік жұмысты шаруашылық меңгерушілігіне жалғастырған кезде де пенделікке салынып, артынан жаман сөз ілестірмепті. Қандай істі болсын тындырымдылықпен атқара жүріп, абырой арқалапты. 1983 жылы өзінің 10 жыл бірге оқыған сыныптасы, медициналық институтты бітіріп келіп, ауылдық емханада балалар дәрігері болып істеп жүрген Сәуле Мәженқызы Сыпатаева екеуі көңілдері жарасып, отбасын құрды. Тату-тәтті шаңырақ иелері атанып, ауылдастары мен туыс-туған, жекжат-жұраттарының лайықты сый-құрметтеріне бөленді.

МӘДЕНИЕТ МАЙДАНЫНЫҢ МАЙТАЛМАНЫ

       Сарыжаз ауылының орталығындағы Мәдениет үйінің жұмыс істеп келе жатқанына 60-70 жылдың жүзі болған шығар. Аудандағы мәдени ошақтардың байырғы ақсақалы десе де болады. Сыры кетсе де сыны кетпеген кәрлен кеседей өнер ордасы әлі де тұғырдан түсе қойған жоқ.. Ауыл тұрғындарының қажетіне жарап, өрнекті өнер, мәйекті мәдениетпен сусындатып келеді. Осы киелі шаңырақтан көптеген жастар тәлім-тәрбие алып, өнер өлкесіне қанат қақты. Бақытжан да солардың қатарында бойындағы бар өнерін осы жерде қалың қауымға ұсынып, сын тезінен өткізіп алатын еді. Халық әндері мен әйгілі сазгерлердің туындыларын әуезді әуенмен әуелете шырқап, ән-жырға шөліркеген көптің құлақ құрышын қандырғаны ел есінде. Сол тұстарда мәдениет үйіндегі көркемөнерпаздар үйірмесінің құрамында өнер көрсетіп жүрген Бәкең уақыт өте келе осынау өнерге біржолата бет бұрды. Шымкенттегі педуниверситеттің музыка факультетін дирижер мамандығы бойынша бітіріп, аудан басшыларының ұсынысымен өзіне бала күнінен етене жақын мәдениет үйінің тізгінін қолға алды. Содан бергі арада өткен 13 жылғы уақытта өзі жетекшілік ететін өнер ошағында санадан сызылып, ұмытыла бастаған халықтық өнер қайта түлеп, сілкініп сала бергені анық. Бүгінде ауылдың өнер қуған жастары мен ән мен жырға жаны құмар ақсақалдары, ақжаулықты аналары осы жерден табылып, бойындағы айрықша қабілеттерін ортаға салуға асығып тұратыны да сондықтан. Бақытжанның бастамасымен құрылған «Алтын алқалы әжелер» ансамблі 11 жылдан бері халықтың ескіден келе жатқан әндерін қайта жаңғыртып, өнер сүйер қауымның ықыласына бөленуде. Мәдениет үйінің жанындағы домбырашылар мен бишілер үйірмесінің де, бірыңғай қарттардан тұратын ансамбльдің де жетістіктері өз алдына бір төбе. Қазір мектеп пен мәдениет үйінің арасы адам аяғы суымайтын сүрлеу соқпаққа айналған. Осыдан-ақ, білім мен мәдениет ошақтарының екеуара байланысы қаншалықты деңгейде екенін аңғару қиын емес. Әрине,жеткен жетістік, толайым табыс мәдениет үйі басшысының жеке дара еңбегінің нәтижесі десек, артық айтқандық болар еді. Бұл орайда, әжелер ансамблінің жетекшісі Қаншайым Насырова, домбыра үйірмесін ұйымдастырған Маржан Байсұлтанова, бишілердің басын қосқан Айжан Жақсымбетова, сол сияқты Гүлмира Машурова, Бақберген, Динара Тұрғынбай, Берік Жандос, Бекасыл Назым сияқты жас өнерпаздар,Шәуден Сәлімғазиев, Мүтәліп Қабаев, Тұрсынбай Исанбеков, Қасым Мысамолдаев, Нұрсалқан, Ғажен Мұқаев сияқты қарттар қатарын түзеген үлкендер, Ержан Тілекжан, Еркін Жанкелді, Елдос Кемелжан, Айбар Сартбаев сияқты жасөспірім өнерпаздардың ауыл мәдениетін асқақтата көтеруге лайықты үлес қосып жүргенін қалай мақтаса да жарасады. Ал, солардың ең алдында талай майдандарда әскерін жеңіске жеткізген даңқты қолбасшыдай болып Бақытжанның жүргенін айтпасақ өзімізге күнә болатын шығар. Өңіріндегі жарқыраған «Қазақ мәдениетінің қайраткері» медалі соның жарқын көрінісі. Дастархан басындағы әңгімеміз жараса отырып, өзіміз мәдениет майталманына балаған Бәкеңнен бір ән салып беруін өтіндік. Бәлсінген жоқ.Кең тынысты, майда қоңыр даусымен Шәмшінің «Ана туралы әнін» шырқап қоя берді.

ДЕНСАУЛЫҚ САҚШЫСЫ

       Бақытжанның әңгімесіне ара-тұра дем беріп қойып,қонақ күтуге машықтанған адамның әдетімен апы кіріп,күпі шығып жүрген Сәулені де сөзге тартудың сәті келді. Денсаулық саласында ұзақ жылдар үздіксіз еңбек етіп келе жатқан отанасын қызмет бабымен емханаға барғанда кездестіретініміз болмаса, шүйіркелесіп отырғанымыз осы ғана. Артық сөзге жоқ, өз ісіне тындырымды, отбасына аналық мейірімі арқылы жылылық ұялата білген, дидарынан мейірім шуағы төгілген ардақты жанның сөйлеген сөзі мен жүріс-тұрысы тектілікті пір тұтатын, тәлімді-тәрбиелі жерден шыққанын айтқызбай айқындап тұр.

        — 38 жыл бір емханада балалар дәрігері болып қызмет еттім.Бір адамның өміріне бара-бар осы уақыттың 32 жылын басшылыққа арнадым. Әрине, көппен жұмыс істеудің қиындығы да қызығы да көп. Ал, әркіммен тіл табыса білудің машақаты одан да зор. Перзентханаға келіп перзентті болған ананың қуанышын өз қуанышымдай көрдім. Сырқаттанып келген нәрестеге қолданған емім қонып, айығып жатса, соның өзін баға жетпес бақытқа балаған сәттер аз болған жоқ. Осының бәрі де әке мен шешеден дарыған қасиет, отбасындағы тәлімді тәрбиенің жемісі екеніне талай-талай көз жеткіздім, — дейді Сәуле.

       Сәуленің пайымынша өмірдің өзі – үлкен мектеп. Адам сол өмірдегі жақсы-жаманды көре жүріп жетіледі. Содан сабақ алады. Болашағын айқындайды. Ал, отбасы –кішігірім мемлекет. Сол мемлекеттің бақыты – ауызбіршілігі. Отбасында жылылық, береке,бірлік, ынтымақ болса, сол жерге ырыс келіп, бақ қонады. Балаларды әдеби кітапты көп оқуға үйретудің маңызы зор. Өйткені, адам жанына қажет асылдың бәрі кітапта. Өкінішке қарай, керағарлық етек алып бара жатқаны алаңдаушылық туғызуда. Ұялы телефонды қолданып, оның бетіндегі адамгершілікке жат құбылыстарға қызығушылығы арта түсуде. Күнделікті орын алып жатқан қайғылы оқиғалар, түрлі дәрежедегі қылмыстардың етек алуы рухани құндылықтан алыстап бара жатқанның әсері. Сәуленің әңгімесін ести отырып, ой, пікірі мен көзқарасына қарсы дау айта алмадық.

       Үйде отанасы, жұмысында ақ желеңді абзал жан атанған Сәуленің медицина саласындағы ұзақ жылғы еңбегі бүгінде лайықты бағасын алған. «Медицинаға еңбегі сіңген дәрігер», «Сыбаға», «Конституцияға -20 жыл» медальдары омырауында жарқыраса, 2016 жылы «Райымбек ауданының Құрметті азаматы» атанып, мерейі тағы да тасыды. Бүгінде зейнеткер атанса да еңбектен қол үзген жоқ. Балалар денсаулығы үшін күресуден айнымай, қажыр-қайратын ұлы мақсаттың жолына жұмсап жүрген жайы бар.

ТҮЙІН

       Иә,біз әңгімеге өзек жасаған ерлі-зайыпты Бақытжан Қайыпбердіұлы мен Сәуле Сыпатаеваның өмір мектебінен алған сабақтары осылайша өріле береді. Бір кездегі әке мен шешенің ұлағатты ұлы мен ибалы қызы, одан кейін көңілдері жарасқан жас отау иелері бүгінде өркен жайған өріске, мәуе жайған бәйтерекке айналған. Өз кіндіктерінен тараған 2 ұл, 1 қыз әке көріп оқ жонған, ана көріп тон пішкен аталы сөзге лайықты жауап беретін азаматтар. Бәрі де жоғары білімді. Тұңғыштары Манас –заңгер. Талғар аудандық полиция бөлімінің майор шеніндегі қызметкері.Бауыржан – энергетик. Жеке кәсіпкерлікпен шұғылданады. Айдананың мамандығы –есепші-статист. Олардан тараған 10-ға тарта немерелер ата-әжесінің қолғанаты, көз қуаныштары. Біз бүгін қалам тербеп, мәуе жайған қос бәйтеректің ғибратты ғұмырын әңгімеге өзек жасадық. Өмір-айдында қатар жүзуден жазбаған қос аққудай аяулы жандардың бұдан кейінгі ғұмырлары да бақыт пен шаттыққа толы болсын дейміз.

Жұмабек ТӘЛІПҰЛЫ,

Қазақ журналистикасының қайраткері.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password