ҚАРАСАЗДАН ШЫҚҚАН АҚЫН АЙБЫН оның шығар биіктері алда

      Мұқағали мен Еркіндей айтулы ақындар, Мұқтархан мен Хасен, Даубай сынды өлең десе арқасы қозып кететін жыр сүлейлері көптеп шыққан қасиетті Қарасаздан тағы да бала қыран қанатын қағып, қиясына қарай бет алып бара жатыр. Қарасаздың киелі топырағы тағы да бір ақын ұлын дүниеге әкеліп, балапандай баулып, ұлтымыздың айтыс деп аталатын үлкен өнер әлеміне самғайтын жайы бар. Бәрекелді! Мұқағалиды жаратқан топырақ әлі талай-талай таланттарды өмірге әкелері даусыз.
Жас ақын, айтыскер ақын Айбын Жәмәли! Бұл қасиетті Қарасазға, Райымбектей батыр бабамыздың ауданына ғана емес Жетісу жеріне, Алматы қаласындағы жоғары оқу орындарындағы өлең мен өнерді сүйетін студенттерге жақсы таныс есім. Әлі есімізде, бұрнағы жылдары Қарасазда өткен республикалық Мұқағали оқуларында жұлдыздай жарқырап, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар болып бас бәйгелі болған Айбын әлі де сол өзі құралпы өнерлі жастардың арасында қара үзіп келе жатыр. Абай мен Мұқағалидың жырларын жаттап өскен, өзі де өлең мен өнерге бір табан жақын Айбын өткен жылы Оразалы Досбосыновтың туған күніне орай Алматы қаласындағы жетекші жоғары оқу орындарының жас ақындары арасында ұйымдастырылған «Ақынмын сөзі жетер сан ғасырға…» атты айтыста бас жүлделі болды. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті филология және әлем тілдері факультетінің ұйымдастыруымен өткізілген байқауда «Ең үздік айтыскер» аталымы бойынша жылдың ең үздік 30 студентінің бірі болды. Өлең менен сабағында да алғыр Айбын Жәмәли аталған факультеттің «Сұңқар» атты студенттер мен магистранттар кәсіптік бюросының ұйымдастыруымен өткен «1+1» жобасында «Ең үздік студент» аталымы бойынша марапатталған.
Ұлы ақын Абай Құнанбаевтың 175 жылдығының алғашқы айлары Айбынға қуаныш сыйлап, жақсылықпен бастау алып жатқан жайы бар. Абайдың 175 жылдығы аясында ұйымдастырылған «Менің пірім – Сүйінбай!» атты ІҮ республикалық жас ақындардың айтысында жүлделі 2 орынды иеленді. Сөйтіп, жер жаннаты Жетісу өлкесінің, Райымбек ауданының, Қарасаз топырағының мерейін аспандатты. Ол кезінде өзіміз «Жетпістегі агроном» деп қалам тербеген, өлең мен жырға жақын Әбдіш ағамыз бен ұзақ жылдар кітапханашы болып еңбек еткен, рухани дүниесі бай Тұрсынбүбідей жеңгеміздің қымбатты ұлы. Айбындай жас ақынның жүзі жарқын, жолы ашық, алар асулары алда, шығар биіктері еңселі бола бергей!

Қанат Біржансал,
Қарасаз ауылы.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password