«Қансонарда бүркітші шығады аңға»

    Ежелден батырлар мен ақындардың қасиетті мекені болған ауданымызда дәстүрлі өнерімізді, ұлттық мәдениетімізді насихаттау мақсатында Алматы облысы әкімінің қолдауымен, «Қыран» федерациясының ұйымдастыруымен Ұлттық спорт түрі Құсбегіліктен «Сонар-2019» Халықаралық турнирі өткізілді. Аспантаулар аясында орналасқан Қайнар ауылдық округіне қарасты Лабасы тауының етегінде өткен дүбірлі додада көршілес Қырғыз, Қытай, Монғолиядағы құсбегі қандастарымыз, Республиканың Ақмола, Маңғыстау, Атырау, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Жамбыл, Алматы облысы, Алматы қаласы, Нұр-Сұлтан қаласынан келген құсбегілер бас қосты.

Сеңсең ішік, түлкі тымақ киген қолына құс қондырып тазы ит ерткен саятшылармен сұлу табиғатымыз жарасып-ақ кетті. Ұлы дала мәдениетін жалғастырушылар көк Туымызда айшықты бейнеленген қасиетті құсты көк аспанымызда самғатты.

Аты әлемге әйгілі құсбегілер бақ сынайтын Халықаралық құсбегілер турнирі ауданымызда екінші рет өтіп отырғанын мақтанышпен айтамыз. «Сонар-2019» турнирін аудан әкімінің орынбасары Нұрбол Сағатбекұлы, «Қыран» федерациясының вице-президенті Сәкен Әбдіқалиев, «Қыран» федерациясының атқарушы директоры, осы турнирдің бас төрешісі Бағдат Мүптекеқызы, Алматы облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының «Ұлттық спорт» бөлімінің басшысы Алмат Үшкемпіровтар арнайы құттықтау сөздерімен салтанатты түрде ашты. Сайысқа қатысушыларға дуалы ауыз ақсақалдарымыз ақ батасын берді. Аталған турнир үш күнге жалғасты. Бірінші күні құстың сыны, құсбегінің киім үлгісі, бүркітті қолға шақыру, еркін аңға салу бойынша сайыстың бірінші кезеңі аяқталды. Екінші күні іріктелген бүркіттер жартылай финалдық кездесуде қоянға салынды. Осы күні кешке Қайнар ауылдық мәдениет үйінде құсбегілердің ұйымдастыруымен көрермендерге концерттік бағдарлама ұсынылды. Үшінші күні ителгі, қаршығалар қолға шақыру, далбайға шақыру мен қатар кептерге түсті. Бағы мен бабы қатар шауып ақтық сынға жолдама алған үш бүркіт қырдың қызылына түсіп, қаршыға мен ителгілер қоянға жіберілді. Сонымен қатар тазы иттерді түлкіге салып, аңшы иттердің жарысы да қатар өткізілді. Төрешілер сайыс қортындысын шығарғанша сахна төрінде аудандық көркемөнерпаздар шаршы топтың алдында өз өнерлерін паш етті.

   Халықаралық турнирдің қортынды сөзін аудан әкімі Нұржан Құдайбергенов, Алматы облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбақыт Теңізбаев, Мемлекет және қоғам қайраткері, экономика ғылымдарының докторы Бақыт Оспанов, Құсбегіліктен мемлекеттік жаттықтырушы Базарбек Күнтуған, «Сонар-2019» Халықаралық турнирінің бас төрешісі Бағдат Мүптекеқызы сөйледі. Осы орайда жасы сексенге келген бүркітші Жұқай Молдабайұлына ұлттық спортты ұзақ уақыт ұлықтағаны үшін алғыс хат беріліп, шапан жабылды. Сондай-ақ, «Қыран» федерациясының атынан ұлттық нақыштағы тұрмыстық заттарды өз қолымен жасайтын шебер Нұрлыбек Бұлжан Н. Теңізбаевқа жігіттің бес қаруының бірі «Шоқпарды» сыйға тартты. Ел алдында жүрген азаматқа ақ тілегін айтып, шоқпар сыйлау жақсы ырым екенін де  жеткізді. Жомар халықтың ұрпағы екендігімізді дәлелдеп сахна төрінде Қайнар ауылдық округінің әкімі С. Шаловқа сайысқа қатысушылар өз бүркітін сыйға тартып, «құсбегілікті дамытуды қолға алсаңыздар екен»- деген ақжарма тілегін жеткізді.

  ҚР «Саят» Ұлттық спорт түрінен «Сонар-2019» Құсбегілердің Халықаралық турнирі барысында Қандыбалақ қаршығалар иесінің киім үлгісі, құстың бабы, қолға шақыру, кептерге салу, қоянға салу бойынша бағаланды. Көк тағысы жылдамдығына көз ілеспес көк кептердің көкірегін сығып алды. Әр кезең бойынша жоғары ұпай жинап, бірінші орынды Алматы облысынан қатысқан Баетбай Сағыныш, екінші орынды Алматы облысының құсбегісі Сейітжан Бексұлтан, үшінші орынды Қуанышбаев Бекнияз жеңіп алды. Имек тұмсық ителгілер сайысында да иесінің киім үлгісі, құстың бабы, қолға шақыру, далбайға ойнату, қоянға салу кезеңдері бойынша ұпай қойылды. Аталған құс додасы байынша бірінші орынды Шалипов Медет Алматы облысының қатысушысы, екінші орынды Қошқаров Арман, үшінші орынды Абулов Руслан иеленді. Бүркітшілер арасында Алматы қаласынан келген Ғабит Таңаттың қыраны қырағы екенін дәлелдеді. Қашқан аң құтылмайтын, бабында тұрған «Өткір» атты тас түлек  жүлделі бірінші орынды алып, бес жүз мың теңгені қанжығасына байлап, кубок және арнайы дипломмен марапатталды. Екінші орынды Алматы облысының құсбегісі Сейітжан Алмас алып, ақшалай сыйлықпен қоса диплом, кубок иеленді. Баетбай Өмірханның қыраны осы турнирде үшінші орынға табан тіреп, жүлделі болып қайтты. Райымбек ауданынан бақ сынаған Сәрсенбек Жанболат пен Атырау облысынан келген Қошқаров Арманның бүркіттері төртінші бесінші орындарды бөлісіп алды.  .

Халқымыздың арғы-бергі тарихына үңілсек саятшылық өнердің үш мың жылға жуық тарихы бар көрінеді. Бабадан балаға мұра болып келе жатқан бұл дәстүр қазақтың қанында бар екені белгілі. Кеше ғана санамыздан өше жаздаған, ата-бабамыздың асыл мұрасы бүгін қайта оралды. Қолына қаршығасын қондырған қаршадай балаларды көргенде бұл салтымыз болашақ ұрпаққа жететініне көзіміз жетті. Республикамызда ат төбеліндей ғана құсбегілер бар екені анық. Осы сиреп кеткен дәстүрімізді қайта жандандырып, саятшылықтың тасын өрге домалатып жүрген жандарға алғыстан байқа айтарымыз жоқ. Алдағы уақытта аталған дәстүрімізге көп көңіл бөлініп, бұдан да үлкен дәрежеде аталып тұрса нұр үстіне нұр.

Дастан ҚАСЕНҰЛЫ

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password