Қазақилықтың исі аңқыған

        Даналықтың алтын кілті – ата-бабаларымыз. Осы ата-бабаларымыздың жолын жалғап келе жатқан бүгінгі күнгі ақсақал аталарымыз бен ақ жаулықты әжелеріміз. Қарияларымыз үйдің берекесі мен мерекесі, шаңырақтың ажары, отбасымыздың ұйытқысы.

       Біздің жерде ұзақ жасаған көне көз қарттар көп екенін кеуде керіп мақтанышпен айтамыз. Райымбек ауданы қаймағы бұзылмаған, батырлар мен ақындардың мекені деген атқа ие болуы да сол кісілердің арқасы екені анық. Осындай қазыналы қарияларымыз деп Нарынқол ауылының тұрғындары Тұрғынбаев Малай Сембайұлы мен Сейдалина Айсұлу апамызды ауыз толтырып айтуға болады. Малай атамыз қазір 85 жаста құдай қосқан қосағы Айсұлу апамыз 75 жаста. Қария 1958 жылы ҚХР нан көшіп келіпті. Ақсақал 1962- 1965 жылдары РСФСР де Ангарск, Иркутск қалаларында әскери борышын өтеп келген. Құдайдың берген қуатының арқасында ата-апамыз жігіт пен қыздай, денсаулықтары да жақсы, әлі тың. Есте сақтау қабілеттері де қазіргі жастардан әлдеқайда жақсырақ. Әңгіме барысында атамыз 1966 жылы күзде Шалкөде ауылындағы Айсұлу апамызды қалай алып қашып келгенін баяндап берді. Содан бері 54 жыл өтіпті. Даланың қазынасы төрт түлік болса, үйдің қазынасы қариялар. Ата-әжесі бар үйдің балалары да өзгеден ерек, олардың ерекшелігі қариялардың ыстық алақанынан дәм татып, жауһар сөздерін саналарына сіңіріп өскендігі білініп тұрады. Аталған ата-апамыз төрт ұл, төрт қызды тәрбиелеп өсірген. Балаларының алды биыл 54 жасқа келді. Алла көрсеткен осы балалардан 17 немере, 8 шөбере сүйіп, тәтті қылықтарына тәнті болып отыр. Қос қария ата дәстүр салтымыздан таймай, ескі ғұрыптармен немерелерін нағыз қазақтың салтын сақтар бабалардың жолыменен жүретін өр рухты етіп тәрбиелеп өсіретіндігіне сенім мол. Қай жерде болсын қарты бар үйден қазақилықтың иісі аңқып тұрады. Екеуі өткен өмірлерін естеріне алып «біздің көрген бейнетті ұрпағымыз көрмесе екен»,-деп отырады. Атамыз 1966 жылдан бастап Қайнар ауылында автоклубта өзі киномеханик, өзі шофер болған, апамыз осы жерде зававтоклуб болып 7 жыл жұмыс істеген. 1972 жылы Нарынқолға көшіп келіп Малай ата савхозда механизатор, апамыз «Айгөлек» балабақшасында жұмыс істеген. Қос қария 1994 жылдан бастап зейнетке шыққан. Совхоз тарағаннан кейін ұжымда шекараның ішінде 7 жыл күзетші болған. Көненің көзі асылдың сынығындай болған қазыналарымыздың кейбір насихат әңгімелерін жер жүзін жеті рет айналып шықсаң да кезіктіре алмайсың. Осындай атқа лайықты қарттарымыз аман болсын, еліміздің қазынасы шашылмасын!

Д. ҚАСЕНҰЛЫ,

Нарынқол ауылы.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password