Іссапармен ауданымызда болды

       Ағымдағы аптаның бейсенбісінде Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Мақатұлы ТҰРЛАШЕВ кезекті жұмыс сапарымен ауданымызға келіп, аудан орталығындағы жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстардың барысымен танысты. Лаззат Махатұлына жаңа еңсе көтеріп келе жатқан ауданның, оның орталығы Нарынқол ауылының жай-жапсары жат емес. Осыған дейін де бірнеше мәрте іссапармен келіп, құрылыс орындарындағы жүйелі жұмыстарды саралаудан өткізген. Тиісті бағытбағдар берген. Сондықтан атпал азаматтың есімі аудан тұрғындарына жақсы таныс. Алғашқы жұмысын Нарынқолдың өр жағынан орын теуіп, құрылысы аяқталуға таяп қалған аудандық спорт кешенінен бастаған ол, аталған нысанның бүгінгі таңға дейінгі жетістігіне назар аударды.

       Алматы облысының әкімі Амандық Баталов аудандық спорт кешенінің қадасын ауданымызға келген кезекті сапарында осыдан екі жыл бұрын, яғни осы сәуір айында өз қолымен қағып, құрылыс жұмысына сәттілік тілегені ел-жұрттың ойынан шыға қойған жоқ. Облыс әкімі де өзі бастаған істі ұдайы назарда ұстап, барынша қолдау көрсетіп отырды. «Бітер істің басына, жақсы келер қасына» демекші, қада қағылған сәттен мұндағы жұмыс бір сәтке де толас тапқан емес.

       Жалпы аумағы 4,2 гектар жерге орын тепкен спорт кешенінің жобалық құны 1млрд. 86 млн. 400 мың теңге тұратын нысанның құрылысын «Фуд-МС» ЖШС жауапкершілігіне алған болатын. Аталған серіктестік уәделерінде тұрып, кешенді жоспарланған екі жыл уақыт ішінде аяқтап шығуға қол жеткізді. Мұндағы ойын-жаттығу, күрес, бокс залдары, ауладағы футбол, волейбол, баскетбол, теннис алаңдары мен кешеннің жертөлесіндегі стол теннисі,шахмат, дойбы сияқты ой спортына арналған бөлмелер, маман-қызметкерлердің жұмыс бөлмелері, жылыту қазандығы, басқа да орындардағы майда-шүйде жұмыстары болмаса, спорт орталығы толық бітті десе де болады. Спорт кешенінің ашылу сәті жақындаған сайын мұндағы жұмыс бұрынғыдан да қыза түсуде. Нысанның іші-сыртындағы қауырт қимыл, толассыз еңбек дүбірі соны аңғартады.

       Лаззат Тұрлашев аудан әкімі Нұржан Құдайбергеновпен, сондай-ақ, құрылыстың басы-қасында жүрген басқа да мамандармен бірлікте нысанның іші-сыртын аралай жүріп, жобалы жұмысты тағы бір пысықтаудан өткізді. Әлі де орындалуын күтіп тұрған кейбір мәселелерге назар қойып, қысқа мерзімде жүзеге асыру жөнінде жауапты адамдарға шұғыл тапсырмалар берді. Жұмыстарына сәттілік тіледі. Облыс әкімінің бірінші орынбасары бұдан кейін құрылысы қарқынмен жүріп жатқан 50 тұрғын үйге де ат басын бұрды. Атқарылып жатқан жұмыстарға қанағаттанғандық танытты. Жұмысы жаңа басталған аудандық мұрағаттың, аудандық полиция бөлімінің жапсаржай құрылысын да көзімен көріп, жұмыс барысына көңіл қойды. Мұндағы шешімін күткен өзекті мәселенің мәні-жайынан хабардар болды. Құрылыс саласының мамандарына өз жауапкершіліктеріндегі жұмыстарын ары қарай жандандыруды тапсырды.

 «Хантәңірі».

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password