Шекара шебіндегі шарапатты шара

генерал — лейтенант Меркуловтың  100 жылдығына  арналды

         Айнаш  ӘЛДИБЕК, Елдос  НҰРҒАНАТ(суреттер), «Хантәңірі»

 Меркулов Матвей Кузьмич , Семей облысы Бородулиха ауданы, Жаңа Шүлбі ауданында 1918  жылы18 тамызда  дүниеге келген. Семейдегі мұғалімдер курсын бітіргеннен кейін Бородулиха ауданы Девятка мектебінде мұғалім, кейін директор қызметінде болған. 1938 жылы Кеңес əскері қатарына шақырылған. 1941 жылы Харьков шекара əскери училищесін бітіріп, Алматы облысы Райымбек ауданындағы  Есекартқан шекарасында застава бастығы қызметіне  келіпті. Қазақстан Республикасының Үкіметінің 2000 жылғы 5 қыркүйектегі №1343 Қаулысымен Шонжы шекара отрядының «Есекартқан» шекара бекетіне  Кеңес одағының батыры, генерал — лейтенант М.К.Меркуловтың есімі берілген  екен.

Жуырда  М.К. Меркуловтың туғанына 100 жыл толуына  орай  Райымбек ауданына қарасты айтулы  шекара бекетінде батырды еске алу  шарасы  салтанатты  түрде өріс  тапты. Жиынға Ресей елінен батырдың көзін көрген замандастары, тәрбиесінде болған  шәкірттері келді. Сондай-ақ,  «Шығыс» өңірлік басқармасының бастығы, полковник Алиев Айдос Абдивахабұлы арнайы келіп, алғашқы сөз кезегін алды. Сөз барысында М.К.Меркуловтың өмірбаянымен таныстырып, ерен еңбектерін тілге тиек етіп, әскери шекарадағы  қызметкерлерге  тілегін білдірді. Бір  айта  кетерлігі   биыл  Шонжы шекаралық әскери бөлімінің   құрылғанына 50 жыл  толған  екен. Қосарынан  келген  айтулы  шара  көпшіліктің  ыстық  ықыласымен  құрметтелді. Айдос  Алиев  бұл  мәселеге  ерекше  тоқталып, шекара  қызметін  қысқаша  баяндап  өтті. Мерейтойға  құрмет  көрсете  келген  шекаралық  ауданның   әкімі  Жолан  Омаровты  мерекелік  төсбелгімен марапаттады.

Өз кезегінде сөз алған аудан әкімі  Жолан  Омаров  ойын «бүгінгі таңда еліміздің тұтастығын, тыныштығымен  мен тұрақтылығын кірпік қақпай күзететін жауапты міндетті мінсіз атқару жолында  қызмет  жасап  жатқан Сіздерге қырағылық, батылдық пен табандылық  тілеймін. Шекарасын шегендеп, ел  іргесін бекемдеп, тұрақты дамудың сара жолына түскен тәуелсіз  мемлекетіміздің  тұғыры  қашанда биік, халқымыздың еңсесі жоғары  болсын!» деген жүрекжарды лебізімен  түйіндеді. Шекара бекетінде  қазіргі  таңда  қызмет  атқарып  жатқан Біржан Ержанұлы, Темірлан Қайратұлы, Медет Тергенбаев , Ершат Асанов, Яруслан Масимахунов, Дидар Максутов, Сергей Владимиров сынды  әскери  қызметкерлерге Кеңес Одағының  батыры  М.К Меркуловтың туғанына 100 жыл, Шонжы шекара жасағының құрылуына 50 жыл толуына орай мемлекеттік шекара күзету кезінде қырағы қызмет көрсеткендері үшін  Райымбек  ауданы  әкімінің   мақтау грамоталарымен марапаттады. Сонымен қатар,ауданымызға алыстан арнайы ат басын бұрып  келген қонақтарға ризашылығын білдірді.

  Шекара  бекетінің байырғы  полковнигі  А.Т.Брекишев  М.К. Меркуловтың қырағылы мен қайсарлығын тебірене  отырып  тілге  тиек  жасады. Шекара шебіндегі әскерлерге алғысын білдіріп, генерал М.К.Меркуловтың өмірбаяны жинақталған фото-альбом  мен  кітаптарын табыстады. Сондай-ақ,аудан  әкімі  Жолан  Омаровты  Кеңес Одағының батыры генерал-лейтенант М.К. Меркуловтың туғанына 100 жыл толуына орай  шыққан мерекелік төсбелгімен  марапаттады. Дәл сондай құрметпен мерекелік төсбелгі шекара бөлімінің командирі Бауыржан Тасимовтың  омырауынан да  орын  алды.  

     1981-1983 жылдары Нарынқол (қазіргі Есекартқан)  шекара заставасында отандық борышын атқарған мерзімді әскери қызметшісі, шекара қызметінің ардагері С.К.Арыстанов  өзі  қызмет  жасаған  орынға  35 жылдан кейін арнайы келгенін айтып,  шекара шебінде өткен  өмірін  сағынышпен есіне алды.Аудан  өнерпаздары ән мен жырдан шашу шашып, шарапатты  шараның  абыройын  асқақтатты..

      Астын  сызып  айтар  бір  мәселеге  тоқталмасқа  болмайды. Ол — биыл Елбасының Жарлығымен Райымбек ауданы өз алдына жеке аудан болуы. Сол тарихи сәттен бастап санаулы уақыт ішінде аудан орталығын көшіруге қатысты бірқатар іргелі істер  жүзеге  асырылды,әлі  де  жалғасуда. Ең бастысы шекараның шебіне аудан орталығы қоныстанып, шекара қорғанысы  бекемделе  түсті. «Елдің қамын — ер ойлар» демекші,  ел тыныштығын күндіз-түні күзетіп, шекарамыздың  қауіпсіздігіне   қалтқысыз  қызмет  етіп жүрген шекара жасағындағы жауынгерлерге  біз  де  алғыс  сезімімізді  білдіріп, бекеттен  риза  көңілмен  аттандық.

                                                           «Есекартқан» шекара  бекеті.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password