«ХАНТӘҢІРІ» ГАЗЕТІ АУДАННЫҢ АЙНАСЫ

   Аудандық «Советтік шекара» газетін бала кезімізде әкеміз үйге жазғызып алатын. Өзі хат таныса да бізге дауыстатып оқытушы еді. Біз білмейтін адамдардың  аты-жөнін айтып, олардың кім  екенін, қандай қызмет істейтінін және бізге қандай жақындығы бар екенін де айтып беретін. Сол бізге сабақ болып, аудандық газеттің нөмірін жібермей оқуды өмірлік күн тәртібімізге енгізіп қойып едік. Кейін  аудандық газет жайлы мәліметті архивтен толығырақ білдік.  Ауданда алғашқы «Советтік Шекара» газеті аудан құрылған 1936 жылдың 1 қыркүйегінен бастап шыға бастады. Газеттің алғашқы бас редакторы Әріпбай Сәтбаев болды. Аудан Қарқара болып тұрған кездегі шыққан газет 1934 жылы «Қызылшекара» деп аталған.  Ол 1936 жылы «Советтік шекара» болып ауысқан. Ә.Сәтбаевтан кейін Ә.Құлмырзаев, одан соң Б. Атшабаров, Шотаман Әміров, Исабай Құлжабаев, Мәжит Түменов газетке басшылық жасаған.(ҚРПМ.қ-26,т-17,іс-217)

    Құлжабаев Исабай 1914 жылы Сүмбе ауылында дүниеге келген. Бастауыш білімді Сүмбе ауылындағы мектептен алып, «Ынтымақ» колхозында колхозшы болып істеген. 1940 жылы ауылшаруашылық техникумын бітіріп, аудандық комсомол комитетінде бөлім меңгерушісі,1941-42 жылдары бірінші хатшысы болып қызмет істеген.1942 жылы өз өтінішімен Ұлы Отан соғысына аттанған. 1945 жылы елге оралып, аудандық партия комитетінің бөлім меңгерушісі болып, 1947 жылы аудандық «Советтік шекара» газетінің редакторы болып қызмет атқарған. 1949-1951 жылы Алматы қаласындағы екі жылдық жоғарғы партия мектебін бітірген. 1951-1955 жылдары Текес ауылындағы МТС та директордың орынбасары және бастауыш партия ұйымының хатшысы болып істеген.1955-1962 жылдары аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарған. Жұмыс барысында бірнеше мәрте аудандық советтің депутаты, аудандық партия комитетінің пленум мүшесі болып сайланып, көптеген Құрмет грамоталары және медальдармен марапатталған. «Советтік шекара»  газеті кезінде алғаш мақалалары басылған классик жазушы Бердібек Соқпақбаев,   журналист болып қызмет жасаған ақиық ақын Мұқағали Мақатаев, жазушы –драматург Баққожа Мұқаев, ақын Еркін Ібітановтар бүгіндері халық мақтаныштары. Газетте  бас редактордың орынбасары болып қызмет жасағандар Мұханбек Естенов, Әбілбек Айтақынов, Естеу Нүсіпбеков, Қыдырбек Нүсіпалиев, Еркін Ібітановтар болды. Одан кейінгі шығармашылық тәжірибеден өткен жастар легі журналисттер  Жанболат Аупбаев,  Муса Жанәділов, Мұқатай Жылқайдаров, Рысбек Сәрсенбаев, Батық Мәжитұлы, Жолымбет Кейкелов, Айтақын Әбдіқалов, Мінуар Әкімханов, Әбітай Әденов, Рысбек Сүгірбеков, Алдаберген Жандаралов, Иемберген Тастанов, Қанат Тәкебаев, Қанат Біржансалов,  фотокор әрі журналист   Дүйсен Досымбаев  сияқты азаматтар  аудан жұртшылығының естерінде. Газеттің белді журналистері, шындықты ашып батыл түрде жазатын  Әбітай Әденов пен Рысбек Тұрдақынұлы Сүгірбеков екеуі де марқұм болған журналистер.Топырақтары торқа болсын!

     1963 жылы 2 қаңтарда Кеген мен Нарынқол ауданы біріккен кезде «Советтік Шекара»  газетімен Кеген ауданының «Екпінді малшы» газеті 2 жыл тұрақты қызмет жасап, «Коммунизм нұры» деп аталған.1966 жылы екі аудан қайта бөлінген кезде  Нарынқолда «Советтік Шекара» газеті қайта шыға бастады. Аудандық газет қашан да аудан өмірінің айнасы. Газеттің атын «Хантәңірі» атына өзгерту жайлы баспасөзде 1991 жылы жазыла бастады. 1991 жылы 17 желтоқсанда болған аудандық кеңесінің атқару комитеті аудандық газет ұжымының және аудан жұртшылығының ұсыныстарына сәйкес аудандық газеттің атын «Хантәңірі» деп атау жөнінде шешім қабылдап, бекітуді аудандық Кеңестің кезекті сессиясында сұраған болатын.  Мәселе, 1992 жылы  17 ақпандағы Халық депутаттары аудандық кеңесінің  Х11-сессиясында күн тәртібіне қойылап,   «Советтік шекара» газеті  1992 жылы 1 наурыздан бастап «Хантәңірі» болып  аталсын деп  шешім шығарған. Сонымен,  «Советтік шекара» газетінің соңғы  13 (5643) нөмері 29 ақпанда шығарылып, өз жұмысын тоқтатқан. Жаңа «Хантәңірінің» алғашқы номері кезекті сан ретімен № 14- болып 1992 жылы  наурыздың 4 күні  жарыққа шыққан. «Хантәңірі» болып аталғаннан кейін газет өз жұмысын  жалғастыра берді. Редакторы болып Дәулет Желдікбаев тағайындалған. Газетте Еркін Ібітанов редактордың орынбасары болып көп жыл істеген.

       ӘЛНҰР МЕЙІРБЕКОВ  1921 жылы Ақбейіт ауылында дүниеге келген. Ұлы Отан соғысына қатысқан. Елге аман-есен оралған соң аудандық газетте жұмысқа кірген. Әлекеңнің бүкіл өмірі аудандық газетпен тығыз байланысты. Газетте  1976 жылға дейін 36 жыл үзбей жұмыс істеп, еңбек демалысына шыққан.Әлекеңнен тәрбие алған сол кездегі жас журналистер  қауымы осы күнге дейін өздерін Әлекеңнің шәкірттеріміз деп санайды.  Газетте 1976 дан 1983 жылға дейін Айдаралиев Төлек  бас редактор болып қызмет жасаған.

   Төлек Айдаралиев 1936 жылы 20 қаңтарда Жамбыл ауылында дүниеге келген.1955 жылы орта мектепті,1961 жылы Алматы қаласындағы жоғарғы партия мектебін бітірген.1959 жылы Мәскеу қаласындағы КСРО  комсомол қызметкерлерін даярлайтын мектебінде білім алған. 1960 жылы аудандық комсомол комитетінің екінші хатшысы және «Советтік шекара» газетінің ауылшаруашылық бөлімінің меңгерушісі, 1968-1976 жылдары Калинин және Коммунизм колхоздарында партком секретары болған. 1976-83 жылдары аудандық газеттің редакторы, 1983-1988 жылдары «Білім» қоғамының меңгерушісі және лектор болып қызмет жасаған.Аудандық советтің бірнеше дүркін депутаты болып сайланған. 53 жасында дүниеден озған.   Осы жылдары газет редакторының орынбасары болып Қазақтың  Ұлттық университетін және партияның жоғарғы мектебін бітірген Нүсіпәлиев Қыдырбек істеген. 1970 жылдары Еңбекшіқазақ ауданында  аудандық газетінің редакторы болған.Кейін аудандық «Советтік шекара» газетінде қызмет істеп, денсаулығына байланысты өмірден озған. 1983 жылдан 1997 жылға дейін редакцияны Д.Желдікбаев басқарған.

    Дәулетхан Желдікбаев Ахметбайұлы 1936 жылы дүниеге келген.  1953-56 жылы Құлжа қаласындағы гимназияны, 1961-66 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін бітірген.1956 -1960 жылдарда Құлжа қаласында «Іле жастары» альманағы және «Іле жастары» газетін шығаруға белсене араласып бөлім редакторы болған. Газет шығаруда тәжірибесі бар Дәулетхан Ахметбайұлы 1966 жылдан бастап  аудандық  «Советтік шекара» кейінгі «Хантәңірі»  газетінде жауапты хатшы, редактордың орынбасары және редакторы болып 31 жыл еңбек еткен. Осы жылдарда республикалық, облыстық және аудандық баспасөздерде жалпы көлемі 600 баспа табақтан асатын шығармалары жарық көрген. 1972 жылдан КСРО Журналистер одағының мүшесі  Желдікбаевтың «Нарынқол нұрлы өңір» және «Нарынқол картобы» атты  кітаптары жарық көрген.  1983-97 жылдары аудандық  партия комитетінің мүшесі және аудандық советтің бірнеше дүркін депутаты болып сайланған. Шығармашылық табыстары үшін Қазақстан Журналистер одағының Тельман Жанұзақов атындағы сыйлығының лауреаты атанған. Аудандық газетте Дәулет  Ахметбайұлы қол үзбей 31 жыл еңбек етіп, Қазақстан Журналистер одағының екі съезіне делегат болып қатысқан. Аудандық советтің бірнеше дүркін депутаты болып сайланып,  көптеген Алғыс хаттар және медальдармен марапатталған.

    Ібітанов Еркін 1935 жылы 4 шілдеде Қарасаз ауылында дүниеге келген. Орта мектепті және 1955 жылы Ұлттық университетін бітірген. Еңбек жолын Нарынқол ауданында бастап, аудандық халық театрын құруға көп еңбек сіңірген. 1959 жылдан бастап аудандық газетте тілші, бөлім меңгерушісі және редактордың орынбасары болып істеген. Ерекеңнің «Қойшылар поэмасы» және «Хантәңірі қайдасың», «Арман әлемі», «Елшенбүйрек»  атты және басқа өлеңдер кітабы жарық көрген. Оның шығармаларынан қала мен ауыл адамдарына тән мінезді айнытпай тануға болады.  Көптеген өлеңдері орысшаға аударылған.

    Халықаралық «Алаш  әдеби» сыйлығының иегері Батық Мәжітұлының   «Мына заман қай заман» және 2010 жылы    «Ататолғау» атты кітаптары жарық көрген. Қазір Мұқағали журналының Бас редакторы қызметін атқаруда.

   «Құрмет» ордені мен Мұқағали Мақатаев атындағы сыйлықтың иегері  — Айтақын Әбдіқаловтың 2006 жылы «Ғұмыр дастан», «Бастау», «Балауса», «Өмір кеме», «Ұшырайын құсымды»  және  Мұқағали жайлы жазған  «Хантәңірінің мұзбалағы» атты  естелігінің авторы. Газетте тілші болып істеген Алдаберген Жандараловтың 1986 жылы «Ақ жаңбыр» атты өлең кітабы шыққан.

    Газетте істей жүріп ақындығын шыңдаған Мінуар Әкімханов 2011 жылы «Нарынқол нақыштары», «Шалкөде», «Кеусен» атты кітаптары жарық  көрген.

        Тастанов Иемберді Сасықбайұлы 1952 жылы 2 қаңтарда  Нарынқол ауылында дүниеге келген.1971 жылы Нарынқол орта мектебін бітірген. Әскери борышын Монғолия мемлекетінде өтеп қайтқан. 1979 жылы Қазақтың Ұлттық университетін бітіріп, еңбек жолын Торғай облысы Қима аудандық  «Дала таңы» газетінде бастаған. 1983-87 жылдары Нарынқол аудандық  «Советтік шекара» газетінде,1987-91 жылдары  «Білім» қоғамында жауапты хатшы болып қызмет істеген.1994 жылдан бастап аудандық мәслихаттың  бас маманы, 2010-2012 жылдары аудандық әкімшілікте ішкі саясат бөлімінің басшысы болған. 2012-2015 жылдары аудандық  «Хантәңірі» газетінің бөлім басшысы, редактордың орынбасары қызметін істеген. Жазған өлеңдері баспасөздерде үнемі жарық көріп отырған.1996 жылы Алматы қаласында өткен Жамбыл Жабаевтың 150 жылдығына арналған республикалық жазба ақындар мүшәйрасының  жүлдегері атанған.  2018 жылы  «Ескі қыстау» атты кітабы жарық көрген.  Райымбек ауданының 70 және 80 жылдығына байланысты шыққан кітаптарын құрастырушы авторларының бірі болған. Тастанов Иемберді қызмет істеген жылдары облыс және аудан әкімдерінің мақтау қағаздарымен және  еліміздің 20, 25 жылдығы атындағы Тәуелсіздік медальдарымен марапатталған. Қазір зейнеткер Иемберді уақытын ылғи жеңілсе де шахмат ойнаумен және өлең жазумен  өткізіп, Кеген ауылында тұрады. Досымбаев Дүйсен 1850 жылы Қаратоғанда туған. 1978 жылы  «Советтік шекара» газетіне фототілші болып кірген. ҚазМУ дің журналистика факультетін бітірген. Осы жылдары аудандық радио хабарларын таратушы міндетін қоса атқарған. Газетте бөлім меңгерушісі  болып істеген. Аудан қосылған жылдары газет редакторының орынбасары болған. Қазір еңбек демалысында.  Кезінде ауданда өткізіліп отыратын  ақындар  айтысы осы газетте үнемі жарық көріп тұрды. Сондағы айтысқа қатысқан  ақындар Еркін Ібітанов, Оралбек Шамырханов Қанат Тәліпов, Тілеужан Сақалов, Әбдірахман Айнабековтердің айтыс өлеңдерін аудан еңбеккерлері осы газеттен оқып тамашалаған. Осындай аудан ақындарын ұстаз тұтып, олардан үлгі алған оқушы  Оразалы Досбосынов кейін Республикаға танымал айтыскер ақын болды. Сол жылдары газетте әріп терушілер мен машинка басқан Рысқан, Секер, Нұржамал және  Әйнек Байтерекова апайлар газет шығаруда үлкен еңбек етті.

    Аудандағы алғашқы да соңғы баспаны басқарып, оның жұмысын жолға қоя білген Қошқардың тумасы  Қалыбек Нұрмұқанбетов  жолдасы Күлән  Есмақынова еңбектері бір төбе.                                                                             2015 жылдың қыркүйек айынан, 2016 жылдың қыркүйек айына дейін Қазақстан Журналистер, Жазушылар одағының мүшесі, облыстық «Жетісу» газетінің меншікті тілшісі Қанат Біржансал редактор болды. 2018 жылы аудан өз алдына жеке отау тіккен кезде «Хантәңірі» газетінің бас редакторы болып Ғани Бейқұтбай  істеуде.

      Бейқұтбай Ғани 1985 жылы Кеген ауданында дүниеге келген. 2003 жылы орта мектепті, 2009 жылы Абай атындағы Қазақтың Ұлттық педагогикалық Университетінің журналистика  факультетін бітірген. Еңбек жолын 2003 жылы «Хантәңірі» газетінде  теруші, беттеуші және 2011-2016 жылдары  жауапты хатшы болып бастаған. 2016-2017 жылдары «Хантәңірі» газеті директоры-бас редактордың  міндетін уақытша атқарушы болып, 2017 жылдың 1 ақпанында аудан әкімінің №9-ө-ж/к өкімімен «Хантәңірі»ЖШС директоры-бас редактор болып тағайындалған. Ғани Бейқұтбайұлының жазған мақалалары мен өлеңдері баспасөздерде жарық көріп келген. «Айналайын, атамекен, ақ мекен», «Аспантау аясында», «Білім көкжиегі», «Соғыстың соңғы жылдары», «Жүрек сыры» атты кітаптарда топтама өлеңдері мен мақалалары басылған. Мәдениет министрлігінің сертификаты,  облыс, аудан әкімдерінің Алғыс хаттарымен бірнеше мәрте марапатталған. Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Ғани өлең-жыр мүшәйраларының бірнеше дүркін жеңімпазы болған.

      Тұрдиев  Жұмабек Тәліпұлы 1959 жылы 25 қыркүйекте Текес ауылында дүниеге келген. 1976 жылы Текес орта мектебін, кейін Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетін бітірген. Еңбек жолын 1985 жылы аудандық  «Советтік шекара» газетінде  фототілші болып бастаған. 1991-1996 жылдары аудандық радиохабарын тарату редакциясында  редактор, 1996-97 жылдары аудандық «Хантәңірі» газетінде тілші, 1997-2003 жылдары Текес ауылындағы   Қ.Шорманов атындағы орта мектебінде ұстаз болып қызмет  істеген.  2003-2008 жылдары  «Хантәңірі» газетінде бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы қызметтерін атқарған. 2008-2016 жылдары ұстаздық қызметте болып, 2016 жылдан бері аудандық «Хантәңірі» газетінде бөлім меңгерушісі,  жауапты хатшы  қазір редактордың орынбасары болып жұмысын жалғастыруда. Жазған өлеңдері мерзімдік баспаларда үнемі жарық көріп келеді. Қазақстан Журналистер  Одағының мүшесі, Қазақ журналистикасының қайраткері. Жұмабектің  «Ананы аңсау», «Анкета» тағы басқа өлеңдерін оқырмандар жақсы қабылдаған.  Газет редакциясында бас редактордың орынбасары болып Сабит Құралбек, қазір Тұрдиев Жұмабек Тәліпұлы істеуде. Қазіргі газеттің жауапты хатшысы  (2012 жылдан бері) Серікжан Мурасилов, тілшілер Айнаш Әлдибек, оператор-дизайнері Мақпал Тобажанова, кооректор, кейіннен тілші болып Дастан Қасенұлы, фототілшісі Елдос Ахметжан, бас есепшісі Перизат Ізтелеу қызмет істеуде. Газеттің  тиражы 3200 дана болып шығарылуда.

                        БЕРКІН ӘКЕБАЕВ,

Республикалық «Алтын қалам» байқауының иегері.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password