Түлектердің туған жерге тартуы

               

25- мамыр – соңғы қоңырау соғылып қызығы мен қиыншылығы мол тағы бір оқу жылы артта қалатын күн. Әр оқу жылы тарихқа толы қайталанбас мектептің мерекесі. Алда жаз, маусым, ал артта 9 айлық өлшеусіз еңбек. Бұл күні әр оқушы әртүрлі ойда болады. 11 жыл бұрын мектеп табалдырығын имене аттаған кішкентай бүлдіршіндердің ойы толып, бойы өсіп үлкен өмірге дайын болады. Осынша уақыт ішінде ұлағатты ұстаздарға, алтын қабырғалы мектепке, сыныптастарына бауыр басып қалған жас түлектердің ойы сан саққа кететіні де рас. Түлектердің көңілінде қуанышқа қарағанда қимастықтың басымырақ болатыны анық. Осы күні Сүмбе ауылындағы Абай атындағы орта мектепте де соңғы қоңырау сыңғырлап осындай бір сәттің куәсі болып қайттық.Мерекенің басын мектеп директоры Көшімбаева Гүлзат құттықтау сөзімен бастады. Жүйрік уақыт тағы бір топ оқушыларды түлек етіп ұшырды. 2018-2019 оқу жылында осы мектепте 23 сыныпта 472 оқушы білім алды, осы оқушыларға 67 мұғалім сабақ берді. Биылғы жылы 11-сыныпты 23 оқушы аяқтап балашақтан болашаққа қанат қағып, үлкен өмірге аттанды.

Осыдан 20 жыл бұрын яғни 1999 жылы Абай атындағы орта бітірген түлектер, туған жеріндегі алтын ұя мектебіне келіп бас қосты. Тай жарыстырып, асық атқан, құрбылармен қуыршақ ойнаған енді қайтып келмейтін, баға жетпес балалық шақтарын естеріне алды. Араға 20 жыл салып осы мектептен ұшқалы тұрған жас түлектерге тілектерін айтып, жолдарына жақсылық, өмірлеріне сәттілік тіледі. Қасиетті Рамазан айымен тұспа-тұс келген бұл мерекеге жиналған 1999 жылғы түлектер ауыл мешітінде, халыққы ауызашар беріп сауапты істен де құр қалған жоқ. Өздерімен бірге жүрген, бірақта бүгінгі таңда қатарлары сиреп, о дүниеге кеткен құрдастарына құран бағыштап, сағынышпен еске алды. Сонымен қатар футболдан жарыс ұйымдастырып, ауыл спортына да көңіл бөлінді. Жарыс қорытындысы бойынша 1-орынды ауыл жастары, 2- орынды мектеп бітіргеніне 10 жыл болған түлектер, 3- орынды биылғы бітіруші түлектер жеңіп алды. Әр жеңімпаз командаларды кубоктар, мақтау қағазы, ақшалай сыйлықтармен марапаттады. Ауылдың футбол командасына біркелкі формалар табыс етілді. «Албан жиһаз» фирмасынан 1982 жылғы ауыл тумалары мектепке және балабақшаға жиһаздар сыйлады. Ауылдағы әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға азық-түліктер, үйлеріне жиһаз, бұйымдар алып берді. Оның сыртында, ауылдың кіреберісінен «Жастар саябағын» ашты. Жалпы көлемі 50 шаршы метрді құрайтын саябақта, 200 ге тарта жасыл теректер отырғызылды. Сырты қоршалып заман талабына сай жасалған жастар саябағында шет мемлекеттерден алынған 22 түп шырша, әр түрлі тал-теректер тамыр жаятын болады. Алдағы уақытта саябақтың ішіне жарық шамдар түсіріліп, жаяу адам жүретін жолдар жасалады. Кездесушілердің бұндағы мақсаттары ауыл жастарының бірлігін бекемдеп, ынтымағын арттырып, туған жерін көркейту екенін жасырып қалған жоқ. Туған жерден қанша алыста жүрсе де жүректің түкпірінде ауылға деген сағыныш жататыны айдан анық. Өзге жердің жүз күнінен, өз жеріңнің бір күні артық екені бесенеден белгілі. Осы орайда Абай атындағы орта мектебінің 1999 жылғы түлектері ауылдарына көп көмек жасап, бірліктері бекем екенін дәлелдеп көрсете білді. Ауыл әкімі Жеңіс Қозбақов,ауыл имамы Қуат Сәрсембиев, қоғамдық кеңестің төрағасы Бүркітжан Әбитаев, Бірлік Әбілқайыров, ауыл жастары атынан Ермек Қабылбековтер кездесушілерге алғыстарын жаудырды. Осындай татулығымыз бен ынтамығымыз мәңгі болса болашағымыз жарқын деген түйінге келіп, түлектер жақсы тілекпен тарқасты.

                                                       Дастан Қасенұлы,

Сүмбе ауылы.    

                                  

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password