Тілшілік тәлім, ақындық ақыл

    Л.Толстой атындағы облыстық кітапханада белгілі ақын, журналист, облыстық «Қостанай таңы» газетінің тілшісі Нұрқанат Құлабаевпен кездесу өтті. Құрметті мейман өзінің өмірі, қызметі мен шығармашылық жолы туралы баяндап, жас оқырмандарының сұрақтарына жауап берді. 

        Еңбек жолын жоғары оқу орындарында оқытушылықтан бастап, кейін журналистика саласына бағыт бұрған, қаламы жүйткіп, сөзі ағып тұрған кейіпкеріміздің өскелең буынға өнеге етіп айтары көп. Мұқағалиларды әліппесіндей етіп өскен Нарынқолдың тумасының қостанайлыққа айналғанына ширек ғасырдан асады. Тағдыры Тобыл-Торғай төсіне байланған туындыгер осы өңірдің руханиятына аз үлес қоспады, әлі де сөз өнеріне, өлең өлкесіне қанат ұрған іні-қарындастарға үлгі болумен келеді…

Мінекей, осындай өнегелі ағамыз кездесу барысында қостанайлық жастарды әсерлі әңгімесіне ұйытты. Бірде кемел ойлы кемеңгерше толғанса, бірде «сәби салған суреттей» шынайы, таза көңілінен шыққан тосын ойларымен баурады. Әңгіме ауаны кейіпкердің кешегі-бүгінгі қызметі, шығармашылығына сайды, дәстүрлі және заманауи журналистиканың қыр-сыры, тілшілік тіршіліктің «тылсымы», техногенездік заманның артық-кем тұстары да ақын пікіріне арқау болды. Жастарды өнер-білімге жақын жүруге, өңір әдебиетін, оның ішінде Бейімбет шығармаларын оқуға, мамандық таңдауда жаңылыспауға, кәделі кәсіп атаулыны танып-ұштауға кеңес берді. Облыс баспасөзінің қарашаңырағы – «Қостанай таңы» газеті туралы кең мағлұмат берді, барлық көрерменді қарт басылымның тұрақты оқырманына айналуға шақырды. Көрермендер қойған әртүрлі сауалдарға да жауап беріп отырды. Келелі кездесудің шарықтау шегінде автор өзінің «Тәңір түсі» атты жинағына енген, жырсүйер қауымның биік бағасын әлдеқашан алып қойған бірнеше тамаша туындысын оқып берді. Ал соңына ерген інілері бұл жүздесу жуырда шығармашылық кешке ұлассын деген лебіздерін жасырмады.

Шара соңы естелік суретке түсумен аяқталды.

Жандос ЖҮСІПБЕК,

суреттерді түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password