ТУҒАН  ЖЕРІН ТҮЛЕТКЕН ПЕРЗЕНТТЕР тамаша саябақ тұрғызды

 

     Қайда жүрсең, Атамекен,

     Көкейіңде жатады екен.

     Күннің өзі ұясына,

     Қимай оны батады екен,-деп өзімізге сондайлық таныс, жанымызға жақын ән жолдарында айтылғандай, туған жер, өскен ортадан айналайық! Ауыл-алтын бесік. Әрдайым жанарыңда, жүрегіңде тұратын туған жер қымбатты да қастерлі. Алыста жүрсе де ойлай жүретін, қолында бар  болса соған арнағасы келіп тұратын перзенттері бар да ауылдарымыз құлазып кетпейді. Қайта атқан таң, шыққан күнмен шырайлана, ажарлана түседі.

   Райымбек ауданындағы Қақпақ ауылы осы өңірдегі сулы, нулы жер. Әйгілі Тянь-Шань тауларының сілемдері көрік берген қастерлі мекен. Үш Қақпақ, Дегерез, Лабасы атты кеуделі, көрікті таулар ажарын аша түседі. Үш Қақпақтың әр шатқалынан арынды тау өзендері бастау алып, Текес өзеніне қосылып жатыр. Мөлдір тау өзендерінде патша балықтары мекендейді. Үлкен Қақпақты, ондағы балықты көргенде арманда, көрмегенде арманда. Қақпақ ауылдық өңіріне қарасты Тұйық, Көксай, Көкбел, Елібай, Қарабатыр, Қарасай, Шұбартал секілді орманды, аршалы, шыршалы, өзен мен мөлдір бұлақты, жасыл құрақты жерлері талай-талай ғасырлардан бері құшағында жүрген адамдарға бар жақсылығын, бар шапағатын тигізіп келеді.

   Білетін жұрт Қақпақ ауылын Жәмеңке бабамыздың ауылы деп жатады. Оған негіз жоқ емес. Сонау бір замандарда Жәмеңке бабамыз осы Үш Қақпақ өңірін таңдап алып, киелі қоныс еткен екен. Бабамыздың Сүлеймен, Смағұл, Сыдық, Нүсіп, Сыдықбек атты ұлдарын туған ұрпақтары қазір осы ауылда, Алматы облысында, республика көлемінде өмір сүріп жатыр. Бір ғана мысал, Қақпақ ауылында Жәмеңкенің Сүлеймен атты ұлынан тарайтын Құдайберген атты немересі Қақпақ ауылында өмір сүріп, дүниеден өтті. Жәмеңке бабамыздың Моңқай Сүлейменов атты шөбересі осы ауылда тұрып жатыр. Бар ғұмырын ұстаздыққа арнап, зейнеткерлікке шыққан. Бабаның шөпшек тері де жетіп-артылады. Ауылда Шоған абыздың, Қарқара көтерілісіне қатысушылардың бірі Құдярбек Шотаманұлының тағы басқалардың ұрпақтары өмір сүріп келеді. Ауылдағы орта мектеп Жәмеңке Мәмбетұлының есімімен аталады. Бірсыпыра көшелерге Қарқара көтерілісіне қатысқан Құдярбек Шотаманұлының, ағайынды Монай, Мұқан Ұзақбайұлдарының, Қожеке Жарылқасынұлының есімдері берілген.  Қақпақтың қасиетті топырағынан Бүкей Исабекұлы, Чапай Нұрқабаев, Октябрь Қожекеев, Абай Баспақов, Болат Әлиев, Телман Айнабеков, Нұрлан Шыныбеков, Асан Ахметқазиев, Жұмақадыр Әлімғожаев, Әнуар Оспанов, Атығай Бижанов, Ерболат Нұрпейісов, Тамаша Әлдибеков, Серік Кеңесбаев, Майра Құрманғалиева, Жұбат Байбатырұлы секілді көптеген айтулы азаматтары шықты. Серік Кеңесбаевтай ғалым қазір педогогика ғылымының докторы атанды. Өз тұсында «Алматы-құрылыс» холдингтік компаниясының филиалын басқарған Ерболат Нұрпейісов ауылдың  өркендеуіне өзіндік үлесін қосты. Қақпақ ауылы туралы жазылған «Қарашада қара үй тұр» атты кітапқа белсене атсалысты. Майра Құрманғалиевадай ауыл қарлығашы мешіттің бой көтеруіне, мейрамхана құрылысының аяқталуына шапағатын тигізді.

    Қақпақ ауылы соңғы жылдар ауқымында жайнап, жаңғыра түсті. Мемлекеттік бағдарлама аясында ауыз су жүйесі жаңғыртылып жатыр. Биыл жыл аяғына дейін пайдалануға беріледі. Ауылдан жаңадан дәрігерлік шаңырақ бой көтерді. Жәмеңке бабамыздың атындағы орта мектеп күрделі жөндеуден өтті. Мәдениет үйін күрделі жөндеуден өткізудің жоба-жоспары жасалып, негізі қалануда. Өңірдегі шаруа қожалықтарының жағдайлары жақсы. Олардың дені заманға лайық іс-әрекет жасап, шаруаларын шалқыта түсті. Биыл «Үш Қақпақ» атты өндірістік кооператив құрылып, ауылға жаңадан 5 трактор, көптеген ауылшаруашылығына қажетті агрегаттар келді. Бұл жақсылықтың нышаны.

   Туған жерім деп тебіреніп, туған елім деп еміреніп жүрген азаматтар баршылық. Нұрлан Әбдікерімов, Тасқын Есенаманов секілді төл перзенттері бастаған ауыл түлектері, ауылда, қалада тұратын азаматтары «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып», бірлесе іс жасап, қаражат қарастырып ауыл үшін көп жұмыс жасауда. Мектептің түлектері соңғы жылдардың ауанында ауыл орталығынан шағын футбол алаңын, балалардың ойын алаңын жасап, сыйға тартты. Нұрлан мен Тасқын бастаған азаматтар былтыр ауылдың бас қақпасын орнатты. Оның жанынан адамдар отыратын орын тұрғызды. Биыл соның іргесін кеңітті. Бір гектар жерді қоршап, көрнекті саябақ жасады. Саябаққа 300 түп алманың, тал-теректің көшеттері отырғызылды. Бір гектар жер қоршалып, сырланды. Айналдыра көшет өсірілді. Саябақтың ішінен екі киіз үйдің орны жасалып, алыстан көз тартатын қос қазақ үйі тігіліп қойылды. Ауыл қақпасы мен оның жанындағы саябақтың іші  күннің сәулесінен қуат алып, түн ішінде жарқырап тұратын дүниемен ажарланған. Адамдар тамақ әзірлейтін, кәуәп пісіретін, қол жуатын орындар да дайын. Тамаша саябаққа қос алтыбақан орнатылып қойылыпты. Бір сөзбен айтқанда, алыстан ат арылтып келетін мәртебелі қонақтарды қарсы алып, бір демалдырып, күтіп алар қастерлі орын, барлық керек-жарағы қамтылған көрнекті саябақ – осындағы тұрғындардың көз қуанышына айналды.

-Құрметті ауыл тұрғындары! Шын мәнінде ауданымыз бойынша бірден-бір саябақ Қақпақ ауылының кіреберісінен бой көтеріп отыр. Бұл елім-жерім деген біртуар азаматтарының шарапаты. Бұл туған ауылым деген жандардың ыстық ықыласы, перзенттік борышының өтеуі деп бағалаймыз. Қайда жүрсе де ауылын ұмытпай, жақсылығын жасап жүрген азаматтарымыз аттан түспесін, осындағы ел-жұрттың қазандары оттан түспесін! Қақпақ ауылдық округіне қарасты екі ауылдың да тұрғындарына жақсылық тілеймін! «Ауылына қарап, азаматын таны»,-демекші, азаматтарымыздың жүзі жарық, қолдары қуатты, өмірлері шуақты бола берсін!,-деді Райымбек ауданының әкімі Нұржан Құдайбергенов саябақтың салтанатты ашылуында шынайы көңілін білдіріп.

   Осынау қуанышқа аудандық мәслихаттың хатшысы Ерлан Құдабаев, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының орынбасары Гүлнара Арипова тағы басқалар да ортақтасып, жиналған көпшілікке жылы ниеттерін жеткізіп жатты. Ұмытылмас  сәтте ауылдың кіреберісінің ажарын аша түскен сәнді де салтанатты, тамаша саябақтың жасалуына негіз қалаған Нұрлан Әбдікермов пен Тасқын Есенамановқа аудан әкімінің Алғыс хаты тапсырылды.

-Ауылымыздың бүгінгі қуанышты оқиғасына арнайы келіп, ортақтасып, ыстық ықыластарын білдіріп жатқан аудан әкімі Нұржан ініме, қасындағы азаматтарға ауыл тұрғындарының атынан алғысымды айтамын. Ауыз суымыздың мәселесі шешімін тапты. Мектебіміз заманға лайық жаңғыра түсті. Жалпы, ауылымызда жақсылық көп. Біз ауыл тұрғындары болып Нұрлан, Тасқын бастаған балаларымыздың еткен еңбектеріне, жасаған істеріне дән ризамыз. Ауылдың кем-кетігін бүтіндеп, іргемізді көркейтіп жүрген азаматтарымыздан айналайық! Осындай азаматтарымызға, Майра секілді айтулы қарлығашымызға ауданның Құрметті азаматын берсе артық етпейді. Осы мәселе ойларыңызда болса екен,-деді қарт ұстаз Меліс Жұманов.  Саябақтың ашылуына қатысқан мәртебелі қонақтар саябақтың ішіндегі қазақ үйлерден дәм татып, дән риза болып аттанды.

    Ораза айттың алғашқы күні аталған саябақта ауыл тұрғындары тағы да бас қосты. Ақ сақалды қариялар мен ақ жаулықты аналар,  асыл әжелер ортаны толтырды. Азаматтар  оларға ораза айт мерекесіне орай дайындаған ақ дастархандарын ұсынды. Осы күні ауыл әкімі Жұмаш Әлімғожаев, Көкбел ауылының имамы Бақытнұр Әбдірақынов, ауыл тұрғыны Нұртай Солтанғазиев сөз алып, жұртшылықты саябақтың іске қосылуымен, Ораза айт мерекесімен құттықтады. Көпшіліктің ортасында өз тұсында атақты шопан болған, көптеген орден, медалдармен марапатталған Рабат Өтегенов, Ешен Құдиярбеков те жүрді. Жастар жағы алтыбақан теуіп, бір желпінісіп қалды.

   Қалай десек те, ауылдың азаматтары тұрғызған саябақ елдің игілігі іспетті. Оның ішіндегі қос қазақ үйі жаз маусымында қымызханаға айналдырылып, түрлі дәмін ұсынып жатса, нұр үстіне нұр. Қақпаққа сапар шеккен жандардың осынау саябаққа бұрылмай кетпесі анық. Саябақты көріп аттанғандардың көңілінде оны ойластырған, қамдастырған, жүзеге асырған азаматтарына деген алғыстары атойлап тұрары даусыз. Біз соған қуанамыз. Соған жұбанамыз.

                                                                              Қ. Сатыбалды,

                                                                                 Қақпақ ауылы.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password