Сталинградтағы отты күндер

   (Қабыжан Төлепбергенұлы)

      Біздің Нарынқол ауданы Қаратоған ауылынан Сталинград шайқасына қатысқан менің әкемнің туған бөлесі марқұм Қабыжан Төлепбергенұлы еді. Ол кісі өткен өмірі жайлы былайша еске алды:

      Менің руым Албан, тегім Шоған, Шоғанның Тұғыжым ұрпағымын. Соғысқа қатысқанды қоспағанда 1992 жылдың тамыз айына дейін 50 жыл еліме еңбек еттім.

      Мен 1924 жылы 20 наурызында Байынқол жерінде дүниеге келіппін. (Әкем Төлепбергеннің маған көрсеткен қағазы бойынша). 1938-1939 оқу жылында 6-класста оқып жүрген кезімде бір жасымды үлкейтіп 1939 жылғы 16-ға келдім деп, комсомолға өттім. Содан барлық документте 1923 жылы 20 наурызда  туған болдым. Ол кезде шекаралы аудан адамдарының балаларын 19 жасында алатын (шын жасым 18, өтірік жасым 19-да). Отан қорғауға 1942 жылы 8 наурызда IX класта оқып жүргенде аттандым. Кегеннен Алматыға он екі тәулік жаяу жүріп бардық. Алматыдан 10 мамыр күні пойызға отырып, жол жөнекей Қазан қаласында екі жетідей болып, оның Сельвовка деген селосында 28 тамызға дейін бізге соғыс тактикасын үйретіп, дайындады.

              28 тамыз 1942 жылы Саратовтан біздің армияны таңертең сағат алтыда жүргізді.

      3 қыркүйек күні Сталинградтың солтүстік батыс жағында 30 шақырымнан қашықтықта неміс басқыншыларымен шайқасқа кірдік. Осы арада мені партияға өтуге дайындады. «Отличник-минометчик» деген атаққа ұсынды. Соғыс жағдайымен бәрі болмады, себебі: командирім жарақаттанып қалды. Сталинградтан біздің 538-атқыштар полкінен қалған елу-алпыс адамды 15 қазан күні соғыстан 30-35 шақырым кейін алып шығып, қайтадан жасақтап, яғни толықтырып, орта Дон өзенінің бойына әкелді.

      Біздің рота минометтік 82 колибрлі еді, ротада 8 миномет бар еді. Мен бір миномет көздеушісі, яғни ноботшігі. Командир бөлімшесінің орынбасары, ефрейтор едім.

      Біз маршал Ракоссовскийдегі армиясында болдық. 1942 жылы 19 қараша күні бұрын  мен көрмеген апат соғыс басталды. Ол ертеңгі сағат 4-5 те басталды деп хабарланған. Содан біз неміс басқыншыларын 40 шақырым  қуып, поляк румындарын тұтқынға алдық. Осыған қатыстым 5 желтоқсан күні ертеңгі сағат 10дар шамасында постыда тұрғанымда ауыр жараландым. Кейін есім кіргенде білдім, оқ оң жақ жауырынымнан тиіп, емшегімнің үстінен шығып, комсомол билетті тесіп, күпәйкенің мақтасына тоқтапты. Сталинград  қаласын азат етіп, немістің жеңімпаз маршалы Паулисті тұтқынға алуға 19-қараша күнгі бастама себеп болды.

      1942 жылдың 5 желтоқсанынан 1943 жылдың 28 шілдесіне дейін бірнеше қалада, әскери госпиталда емделіп, оң қолым жарымжан, өйткені қан тамырлары үзілген, жауырын, оның астындағы бұғана қабырғалар сынған, қолды мойныма асып, 10 тамызда елге оралдым.

      Майданда басымнан өткен жағдайлардың  бәрін айтып жеткізу мүмкін емес. Ұрыс саябырсыған кезде сәлкем тыныштықта туған елге хат жазатынбыз. Армандайтынымыз…Осы сұрапыл, қатігез соғыстан елге аман оралып, туған жердің топырағын бір құшсақ қой дейтінбіз. Ақ тілек бәрімізге бірдей қабыл болмады. Қаруластарымның көпшілігі бұл күнге жете алмады. Мен олардың есімін әрдайым құрметпен еске аламын. Бейбітшілік үшін, жеңіс үшін өмірлерін пида етті, жазықсыз оққа ұшты. Бүгінгі жастар бақытты ғой…!

      Сұм соғыстың зардабы ауыл азаматтарына оңай соқпады. Бір ғана К.Маркс атындағы  картоп совхозынан 89 ер азамат қан майданнан оралмапты. Бетпе-бет келген ажалдан тайсалмаған, қарсы тұра білген, жеңе білген сол боздақтардың жас шамалары 18-30-дың аралығында еді. Өмірлерінің гүлденген шағында мезгілсіз көз жұмды. Жылжып өткен жылдар сол бір қыршын кеткен боздақтардың жарқын бейнелерін жүрегімізден өшірмей келеді. Ол өшпейді де. Отаны үшін құрбан болған Айтбай Мұқан Қасымовтар, Ы. Кенебаев, М. Расымбаев, А.Қалимолдаев, Е. Хорин, А. Ярывой, М. Сосин, С. Жайлаубаев тағы басқа көптеген ер азаматтар тай құлындай тебісіп өскен бір жылдың төлдері еді. Амал не…

      Халық ерлердің есімін ешқашан ұмытпайды. 1974 жылдың 20 ақпанынан 18 көкекке дейін Воршиловоград қаласында бүкіл одақтық  сельхоз  техниканың экономисттерінің білімін көтеру курсында оқыдық, Украинаның бірнеше қалаларында Севастополь т.б. қалаларды араладық. Түркіменстаннан келген Аманбаев Құралбай екеуіміз құрдас болып шықтық. Бірге жүріп ақылдасып, Мамай қорғанын, Сталинградты аралайық деп, 8 наурыз мерекесін пайдаланып, Ворошиловоградтан поездбен шығып, Орта Дон өзені жерлерімен бара жатып, 1942 жылғы қыркүйек, қазан айларында Сталинградты қоршаудан босатуды осы жерде біздің армияны дайындап, 19 қарашада шабуылға шыққанымыз, алғашқы неміс тұтқындарын тұтқындағанымызды «Сталинградская битва» кинокартинасын көргенімде алып қыршын кеткен майдандастарды есіме алып, тағзым еттім.

      Ерекше әсерде болдым. Сталинградта қираған, бұрын тәулігіне 20 тонна ұн шығаратын диірмен, генерал Павел Павлос штаб еткен екі қабатты универмаг пен екі қабатты сегіз бөлмелі ағаш үй сол кезде облыстық кеңестің кеңсесі екен. Осыларды естелікке қалдырыпты. Мәдениет үйінен Германиядан алынған аппарат Азомин аспандағы планеталардың қалай орналасқанын айда Лунаходпен жер қазып жатқанын көрсетеді. Поволжье су электростанциясына, трактор зауытын, Мамай қорғандарын араладық. Мамай қорғаны жеті алаңға бөлінеді. Соңғысы жетінші алаң әрі қарай ішіне кірсең, биіктігі 15 метрдей дөңгелектің ортасында өшпес алау от жанып тұрады кіре берістен екі жағында екі солдат қарауылда күмбездің ішінде керегесіне қайтыс болғандардың аты-жөні, әскери атағы, алфавит бойынша кілем түрінде жазылған. 30 жолда 700 мыңға жуық адамның тізімі бар. Анда-санда Ұлы Отан соғысы жөнінде хабар берген Левитанның дауысы естіліп тұр. Сыртында ананың ескерткіші орналасқан. Биіктігі 135 метр. Салмағы 120тонна, сапысының салмағы 25 тонна.

      Үкімет пен партияда еңбегімді бағаламай қойған «И. Лениннің 100 жылдығы», «Еңбек ардагері» медальдары мен әскери 20-25-30 жылдың «Ұлы Отан соғысының жеңісіне» 40-50-60 жылдық т.б. мерекелік медальдармен бірге, 9-10 бесжылдықтардың жеңімпазы тың игерудің 20 жылдық значоктарын алумен бірге, әскери 1 дәрежелі ордені Г.К.Жуков медальын және Жеңістің 55 жылдығы значогін сыйлады. Кеудемде осы орден медальдары жарқырайды.

      9 мамыр 1985 жылы 40 жылдық Жеңісте, Мәскеуге 9 мамырда парадқа В.И.Лениннің 100 жылдығына арнайы берілген жолдамамен В.И.Лениннің болған жерін араладым. 1970 жылы сәуірде Мәскеуде 1985 жылы парадта болғанда Остан кино телемұнарасына шықтым. Биіктігі 540 метр. Міне осындай үкімет пен партияның құрметіне бөлендім. Ұлы Отан соғысынан 2-топтағы мүгедегі ретінде берілген барлық жеңілдіктерді пайдаланып жүрмін.

      Жерлесіміз Н.Өмірзақов атындағы орта мектептің түлегі екенімді мектептің ұжымы, оқушылары естеріне алып, оқушы кезімнен естелік, еңбек жолымды сұрап хат жазғандарына, Отан соғысы мен еңбек ардагері және әкелік ретінде  жанұяда тату, өмірде бақытты, еңбекте табысты, оқуда озат болуларына тілектестігімді білдіріп естелік, еңбегімді, өмір жолдарымды жазып, кейінгі ұрпаққа үлгі өнеге ретінде ақыл кеңесімді айтып отырамын. К. Маркс атындағы совхоздың дирекциясы, кәсіподақ ұйымы ГДР мен ЧССР-ін аралауға 375 сомның жолдамасын тегін беріп, 1987 жылы 31 тамыздан 26 қыркүйекке дейін мәдениеті өркендеген  демократиялық республикаларды аралап тамашаладым, көргенімді, көңілге түйгенімді мектеп оқушыларына айтып бердім.

      Аудандық агроөнеркәсіп бірлестігінің Текес селосындағы жөндеу шеберханасымен материалдық-техникалық жабдықтау мекемесінде аға экономист және бастауыш партия ұйымының хатшысы болып ұзақ жылдар жұмыс істедім. Текес ауылы бойынша соғыс, еңбек ардагерлер кеңесінің төрағасы болып қоғамдық жұмыстар атқарып жүрдім.

      1996 жылдың тамыз айынан бері құрметті демалыстамын. 2001 жылы Райымбек ауданының «Құрметті азаматы» деген атақ алдым.

                                                                        Алтай Байбосынов,

 зейнеткер ұстаз,

Текес ауылы.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password