СЕКЕР  ТӘТЕ

       Нарынқолдың орталық көшесіндегі маңдайшасында «Нотариус» деген жазуы бар, көше жаққа қараған қабырғалары әртүрлі жарнамалармен көмкерілген үйдің қасынан өткен сайын, осыдан 30 жыл бұрынғы өзім осы шаңырақтың астында жұмыс істегенде басымнан өткен оқиғалар ойыма оралып, санамда қайта жаңғырығады. Шіркін, ол да бір қиындығы мен қызығы мол, қас-қағым сәтін ешнәрсемен өлшеуге болмайтын өзекті өмірдің өркенді өткелдері екен-ау! Сырты жұпыны болғанмен ішінде басқа тірліктен өзгеше құбылыс тыным алмай, қазандай қайнап жатушы еді. Кіре беріс есіктің сол жағын ала «Советтік шекара» газетінің редакциясы деген жазудың өзі-ақ, мұндағы тіршіліктің басқалардан айрықша мәнге ие екенін аңғартып тұрар еді. Кілең бір жүздерінен нұр, сөздерінен бал тамған адамдар қаламдарын қайрап, өтпелі өмірдің аласапыранға толы сәттерін тілдерінің майын тамыза ақ қағаздың бетіне түсірумен, сосын барып, баспа арқылы қалың бұқараға жолдаумен беймаза күйге түсіп жатар еді. Солардың әрқайсысының-ақ, туа бітті бойларына біткен өзіндік ерекше қасиеттері болушы еді. Адами құндылыққа негізделген сол асыл қасиеттер тәлім-тәрбиенің қайнар көзі еді. Сондай асыл қасиеттерімен дараланып, жаныңа жылылық нұрын себуден айнымаған аяулы жанның бірі – секретарь-машинистка болып істейтін Мұқасалиева Секер тәтеміз еді. Сырт көлемі онша үлкен болмағанмен, іші 7-8 бөлмеден тұратын редакцияның ең бірінші бөлмесі Секер тәтемнің жұмыс орны болатын.  Ол кісі газет жұмысына шынайы берілген, оны ештеңемен теңгермейтін,өз міндетін басқа тірліктің бәрінен жоғары қоятын жан еді. Жұмыстан кешігу, болмашыны сылтауратып сыртқа кеткісі келіп тұратын керағар қасиеттер Секер тәте үшін жат құбылыс саналатын. Қашан көрсең де электрлі жазу машинкасы сартылдап, жұмысты бастап кетуге сақадай сай тұратын. Журналистердің дайындап әкеліп машинкаға бастыратын мақалалары ауыздарынан шығып үлгермей жатып, қағаз бетінен орын алып жататын. Және үтір-нүктесіне дейін дәл қойылып отыратын. Ойдың ұшқырлығы мен тілдің көркемдігі жағынан, болмаса сауаттылық жағынан түзеп-күзеуді көп қажет етпейтін.

      Секер тәтемнің автоматша сартылдап тұратын машинкасының қасынан өзім де талай табылдым. Он ойланып, мың толғанып жазған мақаламды машинкаға бастырып, редакторға уақытынан қалдырмай ұсынуым керек. Қолжазбамды оқи бастаймын. Машинкасын күні бұрын сайлап отыратын Секер тәтем қолы-қолына жұқпай жазуға кіріседі. Журналистердің қасында көп біліне қоймайтын тәжірибесіздігім, ол кісінің қасында аңғарылып қалатын.Кейде мақаладағы бір сөз өз орнымен қолданылмай,  қажетті сөзге тілдің байлығы жетпей, жүріп келе жатып, дөңгелегі тасқа тіреліп қалған арбадай кілт тоқтап қалам ғой. Сонда Секер тәтем кәнігі журналистердей әлгі жерге қажетті сөзді өз жанынан дереу қолданып жіберіп, жазуды іркіліссіз жалғап кететін еді. Сөйтіп, жұмыстың тежелуіне де, дайындалған мақаланың жадағай болып шығуына да жол бермейтін.

        -Шырағым, ізденісіңнен тана көрме. Жалқаулықты жаныңа жолдас етпе. Ерінбей еңбектенсең мұратыңа жетесің. Күні ертең-ақ, осындағы қаламы қарымды ағаларыңның қатарынан табыласың,- деп ақ тілегін білдіруден айнымаушы еді жарықтық. Журналистік кәсіптің жілігін шағып,майын ішкен сақа қаламгерлердей жазу жұмысына жаңа төселіп жүрген біздерден ақыл-кеңесін аямайтын. Сөйтіп, мәнді де нәрлі сөзімен жазудан қиналып, жабырқап жүрген жанды жадыратып жіберетін. Сыпайылығы, тас атқанға ас ататын турашылдығы ұжым арасында да сыйласымдылыққа жол ашып жүретін.Секер тәтем бүгінде өмірде жоқ. Жаратқанның жарлығымен бұл жарық жалғандағы сапарын осыдан біраз жыл бұрын аяқтаған. Бірақ, ол кісінің күн дидарлы жайдары жүзі, жаздай жарқын бейнесі,аузын ашса жүрегі көрінетін ақпейілі, туған анамдай мейірімінің шуағына шомылдырған қамқор көңілі, газет жұмысының айналасында апы кіріп, күпі шығып жүретін ширақ қимылы күні бүгінгідей көз алдымда.Жатқан жайыңыз жарық, жаныңыз жәннаттың төрінде болсын, аяулы Секер тәте!

                                                                            Жұмабек  ТӘЛІПҰЛЫ,

                                                                                журналист.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password