Сары алқаптағы шабытты шаттық

(Репортаж)

Қалыптасқан дәстүр бойынша шаруа қожалықтары алдағы қысқа берік қор жасауға биыл да білек сыбана кірісіп отыр. Сонау көктемнің көкөзегінен қолға алған егістік, шабындық алқаптарындағы жаз бойғы тынымсыз еңбек міне,енді күз маусымы белгі берісімен-ақ, өзінің алғашқы нәтижесін көрсете бастаған. Мал азығын жеткілікті қамтып алған шаруа қауымының көпшілігі көңілдерін бір демдеп алып, сары алқаптағы теңіздей тербеліп тұрған алтын дәнді төкпей-шашпай жинап алуға ынты-ықыласымен ден қойған. Биылғы бір ерекшелік – бұрынғыдай комбайнның жоқтығын көлденең тартып, астық сияқты машақаты көп жұмыстан бойын аулақ салып келген қожалық иелері алтын дәннің қадіріне енді жете бастаған сияқты. Оның дәлелін, алқаптардағы жайқалып тұрған дәнді дақыл аумағының өткен жылдардан әлдеқайда ауқымдылығынан байқауға болғандай.

     Редакцияға телефон шалып, Қақпақ өңірінде егін орағы қызу жүріп жатқанын, және сондағы бір шаруа қожалығы арпа сияқты дәнді егістің әр гектарынан 25 центнерден өнім алып жатқанын, өзінің сол жаққа шыққалы тұрғанын, қаласақ бізді де өзімен бірге ала кетпек ойы барын айтқан аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің техника жөніндегі жетекші маманы Тоқтар Елдос бауырымыздың сөзін естіген соң, жақсыны көрмек үшін хабаршыға ілесе жолға шықтық. Шынында да жиын-терін науқаны биыл ерекше бір қарқынмен жүргізіліп жатыпты. Күре жолдың екі жағын қапталдай орын тепкен алқаптардағы қарбалас қимыл соны аңғартады. Біреулері белуардан меймілдеген шабындығына енді ғана шалғы түсірсе, енді біреулері шабылған шөптерін шөмелеге салып, қаражаты молдары рулондатып, тракторларға қосақтата тіркелген сүйретпелермен үйлеріне, қыстауларға тасымалдап, әлекке түскен. Тағы бір шетте сары теңіздің бетімен баяу жүзген дала кемесін елестетіп, жайқалған астықты көмейлете жұтып комбайн кетіп барады. Қай жағыңа қарасаң да құмырсқаның илеуіндей қызу қимыл, өткен күндерге кеткен есесін толтыруға жұмылған ерен еңбек. Дала төсіндегі көз қарықтырған түрлі кейіптегі осынау жанды суреттерді қызықтай отырып, діттеген жерімізге де келіп жеттік. Мұндағы жүріп жатқан жұмыс қарқыны біз ойлағаннан да жоғары болып шықты. Көлемі он шақты гектар болып қалар-ау деген алқапты орып жатқан «Енисей» комбайнының жүрісі ширақ. Таң ертең ғана түссе де алқаптың тең жартысын жайпап үлгеріпті. Орылып алынған жердегі сабан үйінділерінің жиілігіне қарап, түсімнің де молдығына көз жеткіздік. Машинадан түскеніміз сол, егінжай арасындағы арықтарды күрегімен тегістеп, жанталасып жүрген жарау аттай жас жігіт жүгіріп қасымызға келді. Бұл – осынау қызық думан, қызыл қырман болып жатқан алқаптың иесі «Көкбастау» шаруа қожалығының жетекшісі Азамат Медіров екен. Алаулаған жүзінен өз еңбегінің еселеп қайтқаны аңғарылып тұрған дихан жігітпен аман-саулық сұраса отырып сөзге тарттық.    –Марқұм әкем Бекболаттан маған мұраға қалған жер ғой бұл. Сол асыл жанның тіршілігінде осы жерге төгілген маңдай терін аяқсыз қалдырмайын деп тәуекелге бел будым. Сөйтіп, дәнді дақыл өсіруді қолға алдым. Жер ақыңды жемейді деген халық даналығының растығына осынау алқаптағы гектар берекелігі арқылы көз жеткізіп отырмын. Бір жағы Жаратқанның жар болуы, әке әруағының қолдауы шығар бәлкім, еткен еңбегім еселеп қайтып жатыр, Тәуба,- дейді, Азамат қуанышын жасырмай.

    Диқан жігіт өзі айтқандай, ерте көктемде аудандық ауылшаруашылығы  бөлімі арқылы «Арна» атты арпа тұқымын әр килосын 100 теңгеден сатып алыпты. Өзінің иелігіндегі жерден 6,5 га тың жыртқызып,малалап, тегістепті. Әбден иініне келді-ау дегенде барып, қаптың аузынан сусыған арпаны тұқым сепкіш техникамен топырағы мападай алқаптың қойнына сіңіріпті. Судан бір рет қана өткізіпті. -Екінші рет суаруға жағдайың болмады ма?- деген сұрағымызға: -Арпа бір суды да қанағат тұтады. Екінші рет су тисе піспей, көк күйінде қалып қояды, — деп, кәнігі диқандай сенімді жауап қатты Азамат. Диқан жігіттің әңгімесіне ден қоя, астық бетімен жүзіп келе жатқан «Енисейдің» алымын қызықтап тұрғанымызда қасымызға тағы бір жеңіл көлік тоқтап, ішінен түскен адам бізге қарай беттеді. Бұл – аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің бастығы Нұрлан Оралқұлов екен. Осы Қақпақтың төл перзенті. Жоғары білімді зоотехник арнайы жолдамамен бір кездегі  Калинин атындағы колхозда мамандығына сай жемісті жұмыс істеп, мал шаруашылығының өркендеуіне сүбелі үлес қосқанын біршама білетін едік. Кейін Сарыжаз ауылының әкімі болып, ауылдың тыныс-тіршілігімен біте қайнасқанынан да хабарымыз бар. Қазіргі таңда ауылшаруашылығына басшылық жасап, «шатағы шаш етектен келетін» жұмысқа басшылық жасауда.

   -Биыл аудан бойынша жоспардағы 10026 гектардың орнына 10174 гектар алқапқа егін ектік. Оның 2000 гектары жаздық бидай болғанда, 2000 гектары күздік бидай. Сонымен қатар, 6174 гектарға арпа себілді. Диқан қауымының биыл сенімдері сергек. Олай болатын себебі,өсірген астықтарын жерге түсірмей, желге ұшырмай ысырапсыз жинап алуына барынша мүмкіндік жасалынып жатыр. Атап айтқанда, ауданда астық оратын 25 комбайн бар болса, қазір соның 18-і егін орағына қатыстырылуда. Қалғандары да орақ науқанына сақадай-сай,- деп жауап қатқан бөлім бастығы науқанға қатысты бұдан басқа да жүзеге асырылып жатқан іргелі істерді тілге тиек жасады. Биыл бір Қақпақтың өзінде ғана 595 гектар жерге астық себіліпті. Диқандар мемлекет тарапынан қарастырылып отырған қамқорлықтан да тыс қалып отырған жоқ. Соның бірі – солярканың 161 теңгеден берілуі. Май құю орындарында қазір оның бағасы 200 теңгенің айналасынан табылып, шарықтап тұрғанда, бұл дегеніңіз диқандарға үлкен көмек емес пе. Сол сияқты «Дрондир», «Класс» аталатын комбайндардың да тигізер пайдасы зор болмақ. Нұрланның тағы бір астын сызып айтқаны, ендігі жерде егін егіп, диқаншылықпен айналысам дегендерге мол мүмкіндік тудырылатыны. Ауылдық округтерде игерілмей жатқан жерлер көп. Сол жерлер конкурс арқылы егіншілікті кәсіп етем дейтіндерге оңайлатылған жолмен берілетіндігі. Шаруалардың қолын байлап отырған қиындық осылайша тиісті шешімін таппақ. Нұрланмен ілесе белуардан келіп жайқалып тұрған астықтың ортасына бардық. Жақсыны көрмекке деп, мұртты масақтан жұлып алып, тұмсығымызға апардық. Қасиетіңнен айналайын, алтын дәннен күннің иісі аңқиды. Осыған қарап, күнді де, дәнді де алтынға теңеген халықтың даналығында шек жоқ екен ғой деген ойға мықтап бекіндік. Астықты айналдыра орып жүрген комбайнда бір мезетте қасымызға келіп тоқтады. Комбайннан түсіп қасымызға келген дала кемесінің капитандарымен таныстық. Дәулет Ақшиевтің өзінің жеке меншік комбайнымен орақ науқанына қатысып отырғаны биыл үшінші жыл екен. Үйі Алматыда болса да осынау науқанда мекендестеріне қол ұшын беруге келіпті. Қасындағы серігі – Айдос Жүнісов екеуі науқан басталған екі-үш күннің ішінде 25-30 гектар алқаптың астығын орып үлгеріпті. Астық бітік шықса, комбайншыларға да рахат.

— Ораққа кіргелі мұндай мол түсімді алғаш көріп отырмын. Таңертеңнен бері Манас Сандыбаевтың «ГАЗ-53-інің» қорабы 3 мәрте толды. Алқаптың әлі тең жартысы орылған жоқ,-дейді Дәулет астықтың шығымына деген сүйсінісін жасырмай. Өнім шығымдылығына риза болып жүрген Азаматтан арпаны алдағы уақытта қандай мақсатқа жарататынын да сұрадық.

 — Өткен жылы шөпті мол жинағаныммен, жемнен біраз қиындық көрген едім. Биыл соның есесін қайтарамын. Ауылдастарыма да көктемде сатып алған бағамен сатып беремін,-деді ол ағынан жарылып.

    Иә, қақпақтық диқандар биыл алтын дәннен тау тұрғызбаса да қызыл қырман үйетіні белгілі. Егіні орылып алынған алқаптың гектар берекелігіне, жер-анаға басын иіп тұрған бидай масақтарына,сары алқаптағы шабытты шаттыққа қарап осындай байлам жасадық. Егінжай қожаларына молшылық пен сәттілік тілеп, келген жағымызға қарай жолға шықтық.

                                                              Жұмабек  ТӘЛІПҰЛЫ,

                                                                   Қақпақ  ауылы. 

                                                 Суреттерді  түсірген

  Елдос  АХМЕТЖАН.   

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password