Парасаттылық Мемлекеттік қызметшінің басты құзіретінің бірі

    Мемлекетке қызмет ету – жалпы алғанда отанға,  ұлтқа қызмет ету. Ал бұл игіліктің қадір-қасиетін тереңнен түйсіну осынау жауапты саланың шетінде жүрген кез келген адам үшін азаматтық міндеп деп есептеймін. Сондықтан парасаттылық мемлекеттік қызметшінің басты құзіреті болуға тиіс. Олай дейтінім бабаларымыздың «отанға қызмет ету иманнан» дейтін отты  сөзі бар. Осыны негізге алар болсақ,  парасат пен иман бір-бірімен өзара тұтасып, қабысып жататын құндылықтар.

        Мемлекеттік қызметкердің парасаттылығы деген  не? Алдымен осының жігін тарқатып алғанымыз жөн. Парасат – ең әуелі адалдық пен әділдік. Бұл қасиетті бойына қондырған азамат қандай сын сағаттарда да өз жеке басының мүддесін мемлекет мүддесінен жоғары қоймайды. Яғни әділеттің ақ туын желбіретіп, өзіне жүктелген міндеттерді жауапкершілікпен атқарады. Мемлекет мүлкіне, өзгенің құқығына қол сұқпайды. Бұл парасаттылық пен адамдықтың бастау бұлағы.

          Менің еншіме Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері  агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментінде қызмет ету бағы бұйырыпты. Бұл салада еңбек ете жүріп,  сан түрлі оқиғаларға кездесеміз. Көп жағдайда азаматтардың жолдан тайып, ниетінің бұзылуына отбасындағы терең тәрбие мен өмірлік парасат пайымының төмендігі әсер ете ме деп ойлаймын. Дана халқымыз: «Зорлықпен көркейген, қарғыспен күйрейді» немесе «Қуғынмен келген, сүргінмен кетеді» деп бекер айтпаған. Өйткені жалғандық пен жемқорлықтың арты қуыс. Оған жоламаған ләзім. Бұл әрбір отбасында айтылатын қарапайым ғана «ешкімнің ала жібін аттама» деген қағиданы елемеудің салдарынан туындаған індет деп айтар едім. Ізгілік, парасат, адалдық – азаматты алға жетелейтін қуатты күш. Осы берік тұтқадан ажырамаған мемлекеттік қызметкердің қай салада болсын жүзі жарық, ісі берекелі болмақ.

          Осы тұрғыдан алғанда мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін жетілдіріп, оларды дайындайтын мемлекеттік басқару академиялары, инс­титуттарындағы ұстаздар, шәкірттер жадына бұл мақсаттарды тереңірек сіңіріп, мем­лекеттік қызметшілерге қандай жаңа бі­лім беру керектігін ғана емес, олардың жоғары мәдени әлеуетін өрістетуге де күш салса игі.

                                                                                        Нұрлан ОКТЯБР

 

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password