«ОТАНДЫ СҮЮ ИМАННАН»

      Еліміздің өніп, өркендеуініңбасты қозғалтқышы болатындай маңызды факторының бірі, халықтың бойында еліне, отанына деген патриоттық сезімнің болуы. Бүкіл пайғамбарлар да ел ішінен шығып, өздері мекен еткен қауымға дін насихаттап, Хақ Алланы танытқан. Адам ата мен Хауа анадан тараған ұрпақ халық болып, ұлт пен ұлысқа жалғасып, жер шарында тіршілік етіп келеді. Қарап отырсақ, әрқайсысының өзіне тән ұлттық ерекшелігі, тілі, діни сенімдері мен дәстүрі қалыптасқан. Алла Құранда:«Әй, адам баласы! Шүбәсіз сендерді бір ер, бір әйелден (Адам ата мен Хауа анадан) жараттық. Сондай-ақ, бір-біріңді тануларың үшін сендерді ұлттарға және руларға жіктеп қойдық. Шынында, Алланың құзырында құрметтілерің тақуалы болғандарың. Алла шексіз білгір, бәрінен хабардар» (Хұжұрат сүресі, 13-аят). Аятқа зер салсақ, Алла Тағала адамзатты бір-бірінетанытып, өзара қоғам, отан құрумен тіршілік ететінін меңзеген. Бір атадан тараған жер бетіндегі әрбір ұлт-ұлыстың туып өскен жерін «Отаным» деп марқайып, «елім» деп езіле түсуі бекер емес.Біздің бабаларымыз да отанның қадірін жете түсініп, «Елім-ай» деп жырлады. Тіпті,«Отан – оттан да ыстық» немесе «Отан үшін отқа түс, күймейсің» деп елін, жерін сүюге үндеген. Өйткені, Отаны бардың құрар отауы бар екенін білген бабаларымыз ұлтарақтай жері болса, бағым сол деп біліп, ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен ұрпағы үшін осынша байтақ даламызды қорғай білді.  Міне, біз мекен еткен қазақтың ұланғайыр даласында ғасырлар бойы салт-дәстүріміз қалыптасып, рухани бай мұрамыз сақталып, ұлттық құндылығымыз бен терең тарихымыз күні бүгінге жетті. Отансыз халық болғанымызда осынша құнды дүние сақталар ма еді?! Сол үшін ислам діні әрбір иманды жанға өзі туып өскен отанын сүюге, оны қорғауға үндеп келеді.Пайғамбарымыздың өзі өскен жерін қимай, оған ұзақ қарап «Мен үшін сенен артық жер жоқ»  көңіл құлазыған сәті де біз үшін сабақ. Мұны білген бабаларымыз «Ит – тойған жеріне, ер  жігіт – туған жеріне» деп мағыналы нақыл қалдырған.

     Отан дегеніміз не? Құс екеш құстың өзі де ұясыз болмайды, сол демекші адам баласын да туған жерсіз елестету мүмкін емес. Өйткені, әрбір адамның туған жері, өлкесі бар. Яғни, кісінің дүниеге келіп, сол жердің топырағына аунап-қунап өскен жерін «Отан» деп атайды. Сондай-ақ, ондағы халықпен бірге тұрмыс кешіп, туған жері үшін жан беретін мекенді айтады. Өз алдына шекарасы, ел басқарар патшасы, құқықтық заңдары, тілі, діні, салт-дәстүрі бар тәуелсіз мемлекетті«Отан» десек, онда татулықта тіршілік кешіп жатқан халық бір-бірін «Отандас» деп құрмет көрсетуі қандай тамаша?! Алланың Елшісі с.ғ.с Отан қорғаудың қандай сауапты іс екендігін айтқаны бар. Ардақты сахабалардың бірі Пайғамбарымыздан: «Уа, Расулалла! Ең абзал амал не?», – деп сұрағанда, Алла Елшісі: «Шекараны, Отанды қорғау үшін бір күн, бір түн күзетте тұру, бір ай нәпіл ораза ұстап, түнде намаз оқудан қайырлы», – деген. Және бір хадисте пайғамбарымыз Мұхаммед с.ғ.с: «Екі көз ақыретте тозаққа күймейді: біріншісі, күнәсына өкініш білдіріп, оңашада егіліп жылаған көз, екіншісі, Отанды қорғап, шекара күзеткен көз» (Тирмизи, Фадаилул-Жихад,12).Еліміздің әрбір азаматы отанын, тілін, дінін қастерлеп құрметтеуі, отанының гүлденуі үшін ат салысуы қажет. Елбасымыз Н.Назарбаев  айтқандай: «Туған жеріңнің тарихын, ана тіліңді, өз тегіңді білмей тұрып, нағыз патриот бола алмайсың. Қазақстандықтардың туып-өскен жері бар, бұл біздің Отанымыз. Еліміздің тарихы туралы барлық мәліметті жүйелендіріп, оның біртұтас нұсқасын әзірлеу қажет.» – деген. Қандай да бір халықтың әдет-ғұрпын, әсіресе тарихын ұмыттыру – оларды құрдымға жіберудің, әлем сахнасынан жоюдың оңай жолы. Ұлттық құндылықтарынан, елдік тәжірибелерінен мақрұм қалған халық, болашағын құру үшін мықты негіз таба алмай, жойылуға бейім болады. Мұның мысалын өз түбін, өз тілін жоғалтып басқа ұлттарға сіңісіп кеткен қаншама мәдениеттерден көруге болады. Сондықтан сан-ғасырлық тарихымызды, түбімізді, әдебиетімізді, тарихи тұлғаларымызды, патшаларымыз,шешендеріміз, көсемдеріміз, билеріміз бен батырларымызды, мәдениетімізді, әдет-ғұрпымызды біліп, келешек буынның санасына сіңіре жүру қажет. Әрбір отандасымыздың, әр қазақтың өз елінің, ата-бабаларының алдын­дағы жауапкершілікті терең сезіне білуі, осы жолда етене еңбектене білуі, күресе білуі керек. Әсі­ресе, оқу орындарындағы оқу-тәрбие жұмыстарына жауапты адамдардың да мұны терең түсінгендері жөн. Жастарымызды ақылды, парасатты, рухани ойлау дәрежесі биік, ар- ожданы мол, еңбекқор, іскер, талғамы жоғары және бойында т.б. ізгі қасиеттері бар патриот азамат етіп тәрбиелеуді негізге алу керек.  Отаншылдық – елжандылық туған отбасына, туып-өскен ортаға, туған топырағы мен табиғатына деген құрметтен басталады. Сондықтан, отаншылдықтың қайнар көзі адамгершілік қасиеттер болмақ. Отансүйгіштік, тіл, дін, ұлттық сана-сезім, мәдениеті мен тарихын, өнерін сүю, өзге ұлттармен бейбіт қатынаста өмір сүру әрбір азаматтың басты ұстанымына айналуы тиіс. Өз ұлтын,отанын сүйіп, оның мұңын мұңдап, жоғын жоқтайтын азамат қана отаншыл, патриот болады.

Тасқын Қалиұлы,

 «Дін саласындағы мәселелерді зерттеу»

Орталығы мемлекеттік мекемесінің

Райымбек ауданы бойынша дінтанушы маманы.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password