МҰЗДАУАН-МЕРГЕНБАЙ

        Сүмбе ауылының шекарашылар бекеті маңында Волосевич атты әскери адамның мазары бар (суретте). Мен бұрын әкемнен:

         – Бұл кімнің мазары?  –  деп сұраушы едім.

     – Баяғыда Қытайға қашқан елді аяусыз қырған заставаның басшысы болыпты. Соны Мергенбай батыр ебін тауып жер жастандырған екен, – дейтін ол (Волосевичтің қаза табуы туралы тарихты кейінірек жазатын боламыз).

         Мен содан бері Мергенбай батыр жайында айтылған әр аңызға құлағымды түре жүретін болдым. Кейіннен классик жазушы Бердібек Соқпақбаевтың Мергенбай туралы роман жазу үшін ел-аузындағы аңыз әңгімелерді жиғанын естіп, батыр тұлғасына деген қызығушылығым тіпті артты. Бүгін сол өзім білетін біраз жайтты назарларыңызға ұсынбақпын!

Осташкиннің марапаты

             Ел аузында Сарыжаз әскери комендатурасының басшысы Шалдин мен Мергенбайдың қалай танысқаны жөнінде аңыз сақталған.

        Мергенбай бағып жүрген жылқысын суғару үшін таудан Қақпақ өзеніне түседі-міс. Өзенге келсе, қос ат жеккен арба су ішінде қайраңдап тұр екен.  4-5 қызыл әскер атты арбаны судан шығара алмай, әбігерленіп жатады. Мергенбай өзенге түседі де, белуардан суға батқан арбаны итеріп жағаға шығарады. Қызыл әскердің командирі дала қазағының жойқын күшіне тамсанып: «Мынау нағыз батыр екен» деп арқасынан қағады.

          Шалдин мен Мергенбай осы оқиғадан кейін төс қағыстырып, дос болыпты. Шалдин Мергенбайды отряд командирі етіп, шекара қорғау қызметіне алыпты.

            Аңыз түбі – ақиқат. «Халық айтса, қалт айтпайды»… Бірақ, сол «ақиқаттың» нақ сипаты қандай?

        Біздің білуімізше суға кеткен арбаны құтқару ерлігін Мергенбай Жаманкөзұлы 19 жасында, яғни 1903 жылы Ақ Патша тақтан таймай тұрып жасаған. Патша әскері болыстықтардың құжатын арбаға тиеп, Жаркентке апара жатқан кезде Қақпақ өзенінің суы тасып, өткел бермейді. «Судан арбаны өткіземіз» деп жүріп, әскерилер қаза табады. Патша әскеріне Дүйше Сұлтанов (қырғыз) пен Мергенбай Жаманкөзов көмектесіп, мемлекеттік маңызы бар құжаттарды өзеннен аман-есен өткізіп береді.

Осы ерлігі үшін Жетісу облысы әскери вице-губернаторының жарлығымен Мергенбай Жаманкөзұлы марапатқа ұсынылады.

       Осташкиннің қолы қойылған осы марапат Мергенбайға тиген соң (Мергенбайға марапатпен қоса аты-жөні жазылған бесатар мылтық тарту етілген), ел оны «батыр» атап кеткен.

         Бұл оқиғаны ел аңызға айналдырып, Кеңестік кезеңде болғандай етіп өзгертіп жіберген. Кеңес үкіметі Нарынқолға орнаған 1918-1920 жылдарда Мергенбай батырдың атағы алты қырдан ары асып, есімі естілсе, қалмақтың жылаған баласы (бұл тұста түрлі барымта шайқастары болып тұрғаны белгілі) уанатын уақыт еді. Шалдиннің арқадан қағуына батыр ол кезде мұқтаж емес болатын. Кеңес Үкіметі Нарынқолға туын тіккен тұста Мергенбай Хан-Тәңірдің көкжалына айналып, елді уысында ұстап тұрды.

Бірақ, аңыздың жалпы сұлбасы мен деректік құжат арасы тым алшақ емес. Екеуінде де арба суға кеткен, екеуінде де батыр атанғаны айтылады. Біз архивтік дерекке сүйеніп, аңызды ақиқатқа айналдырып отырмыз.

Шіркеудегі мазақ

         Қайтадан Патша уағына оралайық… 1872 жылдан бастап Ресейден қазақ жерін отарлау үшін келген қарашекпен орыстар құйқалы жер Нарынқолға «Охотничий» атты бекініс салып, орнығады. 1904-1906 жылдарға таман қарулы орыстар күшейіп, бекініс маңына жақындаған, өзеннен су алмақ болған қазақтарды атып тастайтын оқиғалар болған. Отарлаушылардың зорлық-зомбылығына шыдамаған қазақтар Ұзақ (Саурықұлы) батырға шағымдана бастайды.

         Ұзақ батыр ақсақалдармен ақылдасып, орыстарды жөнге салуды Мергенбайға тапсырады. Көп болып күш көрсетсе, Верный (Алматы) мен Пржевальскіден (Қарақол) жазалаушы отряд шығып, ел қырылуы мүмкін. Сондықтан да, «ел ішіндегі бір тентектің сотқарлығы» деп ақталу үшін де өте маңызды операцияны Мергенбай жалғыз өзі жасауға бекиді.

         Мергенбай батыр Пасха мейрамы күні (орыстардың бәрі шіркеуге жиналған болатын) екі оқ шығарып шіркеудің ағаш-кресінің быт-шытын шығарады да, тоғайға кіріп, көзден ғайып болады. Қайдағы бір «басурманның» осыншалық басынғанына орыстар намыстанып, ертесі қазақтарды жазалау үшін жорыққа аттанбақ болады.

         «Жорық алдында құлшылық етеміз» деп отыз шақты әскер шіркеуге кіргенде жақын маңда аңдып жүрген Мергенбай мамағашта байлаулы тұрған аттардың шылбырын кездікпен қиып, қалың жылқыны өткелге қарай дүркірете айдай жөнеледі.

         Шіркеу төбесіндегі кресті атып түсіру… Жорыққа мінетін аттарды ер-тұрманымен айдап әкету… Осының бәрін істеп жүрген бір ғана «дикарь». Ал олардың мұнда 10-ы немесе 20-сы келсе не болмақ? Осыны ойлаған орыстар қазаққа жөнсіз соқтығуды қойған екен.

Мергенбай тұрған үйдің қысқаша тарихы

          1919 жылы «Ақгвардияшылар» Нарынқолда Кеңес өкіметін құлатады. 1920 жылдың жазында жергілікті халықтан құралған Мергенбай жасағы Байынқол аңғарындағы Талдысайдың аузында 300-дей ақтардың «атты эскадронын» қоршауға алып, жойып жібереді. Осы шайқаста Қожеке Жарылқасынұлы, Оразымбет Қазыбеков, Құдайберсін Жауғашев, Жазылбек Серібаев, т.б батырлар ерлік көрсетеді.

          Батырдың туыстарының айтуынша, Мергенбай өз қолымен ақтар құлатқан қызылдар үкіметін қайта орнатты. Бәйбішесі Жәмилә Қоржынбайқызын Алматыға аудан атынан депутат етіп, делегаттыққа жіберіп (әйел теңдігі саясаты белең алған кезең), артынша ОГПУ-ға қызметке алынды. Сөйтіп, Сарыжаз әскери комендатурасында отряд командирі қызметін атқарды. Сол тұста әскери комендатураның кеңсесі болған тарихи ғимаратта (суретте) отбасымен бірге бір жыл тұрған.

Сақаймайтын ауру…

         «Халықты теңдікке жеткізеді» деген Кеңес өкіметінің пиғылы өзгерді. Кіл жалаңаяқ кедейлер «Батырақ» ұйымын құрып, «Бай-құлақ» деп өз ағайынын Итжеккенге айдататын заман туды. Қолында азын-аулақ малы бар азаматтар жаппай тұтқындала бастады. Бұл жайттар батырға оңай тиген жоқ.

         Елдің аузындағы әңгімеге қарағанда, Мергенбай өз қолымен орнатқан өкіметі ел ішін бүлдіріп, бүліншілік жасап жатқасын бар күшін жазықсыз елді құтқаруға жұмылдырады.

         Мәселен, Уәлібай деген ағайынына бір тәулік ішінде 6 центнер жүн салығы салынған. Уәлібай «бар қойымды сойып, етін өздерің алып, жүнін жұлып беріңдер» деп елге сауын айтады.  Бір тәулікте мұндай жүнді табу оңай шаруа емес. Мергенбай жұртты ұйымдастырып, көрпелерін сөгіп, айтылған бұйрықты уақытында орындатқызады. Артынша немере інісі Құлатайға он тонна ет өткізу үкімі шығарылады. Мергенбай тағы елдің көмегімен салықты кешіктірмей төлейді. Уәлібай мен Құлатайды қызыл әскер сапында жүрген Мергенбайдың құтқаруы «батырақтардың» билік орындарына арыз жаудыруына сеп болды.

          Тықыр таянғанын сезген Мергенбай тау-тасты паналап, елді Қытай асыруға қамдана бастайды. Осы тек қамданудың өзі 18 адамның шейіт кетуімен аяқталған.

          Ел ішінде айтылатын әңгімелердің нобайы осындай…

«Мергенбай Жантай бандысының адамы»

          Енді Шалдиннің Мергенбайды қызметке қалай алғаны туралы айтқанына (орыс жазушысы Олег Мухиннің дерегіне сүйеніп) кезек берейік.

          Мергенбай бастапқыда шекара әскерінің жылқысын қараушы болып орналасады. Шалдинге жергілікті билік өтініш жасап «Мергенбай бұрын бір байдың жылқысын баққан адам» деп комотрядқа қызметке тұруын сұрайды. Шалдин жергілікті биліктің айтқанына көніп, Мергенбайдың қолына қару беріп, комотрядқа алады. Батыр шекарашы қызметін өте жақсы атқарады.

          Осы тұста ОГПУ тыңшылары Мергенбайды қырғыз батыры (бандысы) Жантай Омановтың (Жантай Омановтың қызы Мергенбай батырдың әйелі болған) тыңшысы екенін, қызыл әскердің барлық жоспарын алдын-ала бандыларға хабарлап келгенін анықтайды. Жантай Омановтың әскері Нарынқолдағы заставаға басып кіргенде, Мергенбай күзетшінің көзін жойып, бандылардың әскери бекетті басып алуына жағдай жасамақ болған-мыс.

          ОГПУ-дың жендеттері тұтқындауға шыққанын біліп, Мергенбай тауға жасырынады.

          Шалдин қатаң сөгіс алып, бұрынғы еңбегі ескеріліп, қызметінде қалдырылады.

          Жантай Оманов «бандысы» бірнеше топтан құралған еді. Олар бір уақытта бірнеше жерде шабуылға шыға алатын. Мергенбай шекара заставаларындағы ішкі жағдайды, күзеттің қай мезгілде ауысып, әскер қай уақытта демалатынын жақсы білетін. Сондықтан да, қызылдарға Мергенбай тобы ең қауіпті жау болды. Осылайша, бұрын «керемет із кесуші», «комотрядтың таңдаулы жолбасшысы», «кеңес қызыл әскерлерінің сенімді серігі» деп дәріптелген Мергенбай бір-ақ күнде «банды» атанып шыға келді.

Шитім оқиғасы

         1929 жылы Мергенбай батыр Үлкен Қақпақ шатқалындағы қазір Шитім сай аталатын тауға бекініп, бүкіл елді Қытай асырмаққа дайындалып жатты. Бір күні Мергенбайдың Қырғыз жеріне сауда жасауға жіберген адамдары келіп, әкелген заттарды көруге бүкіл туыс бір киіз үйге жиналады. Сыртағы қарауылдары да орындарын тастап, үйге кіреді.

         Осындай оңтайлы сәтті күтіп жүрген орыс әскері тұтқиылдан шабуыл жасап, киіз үйдің сыртынан оқ жаудырады. Мергенбай батыр алдымен керегені көтеріп жіберіп, томаршаны қояды да, іштегі адамдардың шығуына көмектесетеді. Сосын өзі дереу қарағайды паналап, әскерге тойтарыс беріп, атқылай бастайды (Кейбір деректер бұл қырғын кезінде Мергенбайдың басқа жақта болғанын айтады). Мергенбайдың өзі де бар екенін білген қызылдың солдаттары шегініп кетеді.

          Шитім оқиғасында 18 адам көз жұмды. Оның жетеуі – шиіттей күнәсіз сәбилер болатын. Қаза болғандардың ішінде Мергенбайдың әкесі Жаманкөз (Ел Жаманкөзді қасиетті кісі болған деседі. Ол егер малға, яки адамға тура қараса, тіл тартпай кетеді-міс. Сондықтан да азан шақырып қойған Жанболат аты ұмытылып, Жаманкөз аталып кетіпті) де бар еді.

          Сонымен бірге Шитім деген ана қызымен бірге оққа ұшқан. Шитім ана қызын көтеріп, киіз үйден аман шығады да, қашып таудың аңғарына жетеді. Қызыл әскер қуып барып, сәбиін көтере қашқан ананы (қызымен бірге) атып өлтіреді. Екі күн бойы қансырап жатып, көз жұмған ананың ажалынан кейін ол жер «Шитім сайы» аталып кеткен.

Осы қырғында Мергенбай батыр әкесі Жаманкөз бен туысы Шитім анадан бөлек туған бауыры Несіпбек, ағасы Базарбайдың ұлы Рамазан секілді ет жақындарынан айырылды.

          «Орыс тасқа атады, Мергенбай басқа атады»

          Мергенбай Жаманкөзұлы Шитім оқиғасынан кейін елді түп қопара Қытай асыруға біржола бекінеді. Шекара күзеткен қызылдардың әскеріне тойтарыс беріп, аз уақытта әрқайсысында 250-300 отбасы бар бірнеше көшті аман-есен Қытай жеріне ерулеп үлгереді.

          Қытайдың шекарасын күзеткен қалмақ-сібе әскерлерімен бейбіт келісімге келіп, мылтықтың аузын жалап, серттеседі. Бастапқыда қалмақтар көшті жасқап, аспанға ғана оқ жаудырып, елді шекарадан өткізбеуге бар күшін салып жатқандай сыңай танытатын. Көшті бастаған Мергенбай жасағы да оқты аямай аспанға атып, қызылдардың көзін алдайтын.

Кейіннен қалмақтар көшті тонауға құнығып, сертті бұзды.

Қытайға қашқан ел «Орыс тасқа атады, Мергенбай басқа атады» (Көдек ақынның өлеңінде де «Орыстың тасқа, Мергенбайдың басқа ататыны» жазылған) деп ауыздан-ауызға аңыз таратып, Мергенбайдың тұлғасын асқақтатып, қызылдардың қауқарсыздығын әйгілеп жатты.

          Мергенбай халықты түп қотара Қытайға асырып кету мақсатымен қазақ жігіттерінен жасақ құрды. Өз бауырлары Базарбай, Базарқұл, Тойғұлылар мергендігімен шайқастарда көзге түсіп, қызыл әскердің бетін қайтарар әскербасыларға айналып шыға келді.

          Қызылдар қазақ батырларын соғысып жеңе алмасын білген соң, оларды астыртын жою әрекетімен әлектене бастайды.

          Елді көшіру үшін Мергенбайдың екі ағасы Базарбай мен Базарқұл бастаған батырлар Төте асуында отырған елге келіп, бір үйде тынығып ұйықтап жатқанда аңдып жүрген қызыл әскер үйдің сыртынан от қойып, батырдың екі ағасын өртеп жібереді.

Шитімдегі қырғын мен бауырларының шейіт кетуі батырға ауыр тиді. Ол осы қайғылы жағдайлардан соң, кейбір көнбеген елді күшпен көшіріп әкетуге мәжбүр болды. Өйткені, малы кәмпескеге түскен елді аштық жайлайтынын, қазақтың тұяқ серпуге шамасы келмей қырылып қаларын батыр жақсы білді. Сондықтан да, Мергенбай кез-келген қазақ ауылына барып, халықты «батырақ, байсың» деп бөлмей, «Қытайға көшесің» деп талап қоя бастады.

Қызылдардың жеңілісі

       «Мергенбай батыр кеңестік идеологияның қызыл ұранын тас-талқан етті» деген сөзімізді тарихшы Р.Оразовтың мына бір деректері арқылы дәйектей кетсек…

   Шекаралы аудан халқының Қытайға жаппай көшуі 1928 жылғы байларды тәркілеу науқанынан басталып, 1933 жылдарға дейін жалғасты.

       Кеген аудандық Партия комитетінің (Нарынқол 1936 жылы ғана жеке аудан болып бөлінді) хатшысы Жәрдемалиевтің қолы қойылған «Ауданның саяси жағдайы» туралы аса құпия құжатта 1929/30 жылдарда сол кездегі Кеген ауданында 15 194 қожалық болса, 1930-1931 жылдары 2 259 қожалық Қытай еліне асып кеткені жазылған. 1931/1932 жылдары қалған 12 940 қожалықтың 8 247-сі арғы бетке өтіп үлгерген. Яғни, қызылдар «банды» атандырған Мергенбай, Жақыпберді секілді қазақ оғландары Сталиндік тәркілеуге һәм кеңес саясатына жан-тәнімен қарсы тұрып, аудандағы қожалықтың 57-60 пайызын шекарадан әрі өткізіп әкетті. Бұл дегеніңіз сол қожалыққа иелік етіп отырған халықтың 57-60 пайызы Қытай асты деген сөз (құпия құжатта Қытайға көшкен халықтың саны көрсетілмеген. Осыдан-ақ Кеңес Үкіметі үшін адамның мал құрлы құны да, қадірі де болмағанын аңғаруға болады).

          Тағы бір қызық дерек келтірейік. 1931 жылғы мәлімет бойынша коммунистік партияға мүше – 26, партия мүшелігіне үміткер – 59, барлығы – 85 адам Қытайға ауған. Ал, 1932 жылы коммунистік партияға мүше – 19, партия мүшелігіне үміткер – 28, барлығы – 47 адам Мергенбайлардың жолының дұрыстығын түсініп, туған жерінен жыраққа кетуге мәжбүр болды. Қарапайым халықты былай қойып, коммунистік партияға мүше болған адамдардың Мергенбайларға еріп кетуі қызылдар үшін ауыр соққы болды.

Қазан асуындағы шайқас

         Ел арасында Мергенбай батырдың үлкен жеті көшті Қытайға аман-есен алып өткені туралы аңыздар айтылады. Жоғарыдағы деректерге қарағанда, ол көштің саны жетіден бірнеше есе көп болуы мүмкін. Мергенбай 1930 жылдары Нарынқолды былай қойып, Жаркент өңіріндегі қазақтарды да шекарадан асырып әкету операцияларын жасаған.

         Бұл жөнінде орыс жазушысы Олег Мухиннің «Еңбекші халыққа қызмет етемін» атты деректі-хикаятында кеңінен баяндалады.

         Олег Мухин бұл әңгімелерді И.Головин атты отставкадағы полковниктің және басқа да оқиғаны көзбен көрген адамдардан жазып алған. 1930 жылдарда Головин Жаркент шекара отряды оқу-жаттығу эскадронының командирі болып жүріп, бірнеше мәрте Мергенбай жасағымен бетпе-бет шайқасқа кірген.

         Соның бірін қысқаша баяндайық.

         Головин Жаркенттегі әскери комендатураның басшысының тапсырмасымен пулемет, гранатометпен мұздай қаруланған 12 әскермен елді көшіріп әкетіп бара жатқан Мергенбайдың артына түседі. Головин әскері Жаркент көшелерін шерулеп өтіп, Жоңғар Алатауын бетке алады.

         Эскадронының командирі Головин өз естелігінде: «Ол өте қауіпті, қатыгез қарсылас еді. Мергенбай шабуылды әрдайым күтпеген жерден бастайтын. Өзі сойқан ойын жүзеге асыра салып, құдды жердің астына түсіп кеткендей көзден ғайып болатын. Мергенбайдың шекара маңындағы әр ауылда өз жансыздары болды. Ол сол жансыздар арқылы қызыл әскерден төнетін қауіпті алдын-ала біліп отыратын. Оның үстіне ол жер жағдайын өте жақсы білетін. Адам аяғы баспайтын таулардың ой-шұқыры оған сөз емес еді. Шабарман шекара заставаларына хабар беріп, қосымша күш шығып болғанша, Мергенбай ізін жасырып үлгеретін. Ара-тұра оның адамдары қолға түскенімен, біз Мергенбайдың өзін ұстай алмадық» дейді.

Осындай естелік айтқан Головин Жаркенттен шығып, Лесновкаға (қазіргі Талды ауылы) келеді. Мергенбай жасағы қызылдардың кооперативін талқандап, астық жиған қойманы өртегенін естиді. Бірақ, ешқандай адам шығыны болмаған.

Лесновкадан 10 шақырым жерде орналасқан тағы бір ауылға Мергенбай із қалдырған. Ондағы бар малды айдап әкетіпті.

          Сол ауылдағы көшке ілесе алмай қалған бір шал: «Бізді көшіріп әкетуге көндіріп бақты. «Большевиктердің сөзіне еріп, Құранға қарсы келіп отырсыңдар! Алла жазалайды, сендерді» деді Мергенбай. Сосын: «Егер көштен кім қалып кетсе, соның бәрін атып тастаңдар» деп бұйырды. Біз қорыққаннан артынан ердік» дейді.

          Головиннің қарулы күші Тышқан тауының етегіне ілінгенде алдарынан үш қызыл әскер жолығады. Олар Мергенбайдың Өсек өзенін бойлап, Тышқан тауына (суретте) өрлеп кеткенін баяндайды.

         «Мергенбайлардың ізінен қалмауға болар еді. Бірақ, бір қаптал түгел жар болғандықтан көштің алдын орауға мүмкіндік болмады. Көштің ізімен жүрген едік, шатқалға кіре бере тұзаққа түстік. Амалсыз шегінуге тура келді» дейді олар.

          Тышқан тауындағы Қытайға асуға болатын басты жолда Мергенбай кетіп бара жатқан соң, олардың алдын орау үшін Головин өз жоспарын құрады. Ол жергілікті жұрттан сұрап, Қазан асуынан асса ғана Мергенбай жасағының алдынан тосып алуға болатынын білді.

          Шілденің өзінде қар жататын Қазан асуынан атпен асу мүмкін емес.

Головин 1930 жылдың 17 шілдесі күні аттарын арқанға байлап, құздан төменге түсіріп, сол асудан өтеді. Азық-түлік артқан аты құзға кетеді.

          Олар сосын өзеннен өткел тауып, тағы бір асуды бағындырып, Мергенбай көшіріп әкеткен көштің үстінен түседі.

          Мергенбай жасағына пулемет сөз емес еді. Бұл жолы қазақ сарбаздары тұңғыш рет аузынан от бүріккен гранатометтің сойқан соққысын көрді. Сонда да шайқас таң атқанша жалғасып қазақ әскері шегінуге мәжбүр болады. Головин көшкен елді алып, кері қайтады

Жаркентті басып алу операциясы

          Олег Мухиннің деректі-хикаятында Қазандағы шайқастан кейін Мергенбай Жаманкөзұлы Жаркентті басып алмақ болғанын жазған.

          Мергенбай Жаркенттегі әскери комендатураны басып алу үшін екі жүз сарбазымен бұрынғыдай Өсек өзені арқылы емес, Бурақожыр өзенінен шекарадан өтіп, Құлжа күрежолына қарай жақындайды. Мергенбайдың жоспарын чекистер тыңшыларының күшімен алдын-ала біліп отырған еді.

          Сондықтан да, қызыл әскер Мергенбай жасағын ішкері өткізіп жіберген соң, артынан тосқауыл қойып, Қорғас, Басқұншы, Алтынкөл заставаларының әскерін шегінер жолына бекіндіріп үлгереді.

Қызыл әскер командирлері шекара заставаларына жергілікті коммунистерден құралған отрядтармен адам қарасын көбейтіп, Мергенбай жасағының көзін алдап тұрған.

          Мергенбай бұл жорығында ешқандай ауылға соқпаған. Өзінің келгенін білдірмеу үшін қолынан келген бар айланы жасап, әбден Жаркентке жақындағанда Қытай жерінде қалған әскері тапа-тал түсте Басқұншы және Қорғас заставаларына шабуыл бастайды. Мергенбайдың ойы қызылдар бар күшін заставаларға аттандырып жатқанда Жаркенттегі комендатураның күлін көкке ұшыру болатын.

Мергенбай жасағы әбден Жаркент маңындағы Еңбекші ауылының тұсына келгенде тұзаққа түскенін білді. Сақылдаған орыс пулеметтері қазақ жасағын қыра бастайды. Кері шегінер жолды Қорғас, Басқұншы, Алтынкөл заставаларының әскері жауып тастап, ол жақтан да төпелеген оқтың астында қалады. Бір жарым сағат соғысқаннан кейін Мергенбай жасағы Шолақай құмына қарай шегініп кетуге мәжбүр болды.

          Шайқас аяқталғаннан кейін қызыл әскер қол-аяғын байлап, қымбат киім киген, басында сәлдесі бар бір қазақты комендатураға әкеледі.

          – Бұл Мергенбайдың нақ өзі, – дейді біреуі.

         Әскерилер сол адамның сөзіне сеніп, «Мергенбай Жаманкөзұлымын» деген адамды 2-3 ай тергеп, Кеңес өкіметінің Заңымен ату жазасына кеседі (Осы жолы Мергенбай жасағындағы қолға түскен бірнеше адам атылған). Бірақ, қызылдар сәлделі адамның Мергенбай емес екенін арада біраз уақыт өткеннен соң ғана біліп, санын соғып қалды.

 «Хан-Тәңірі» операциясы

         1931 жылдың 26 шілдесіндегі «Хан-Тәңірі» операциясын іске асыру Нарынқол әскери комендатурасының басшысы Шалдинге үлкен сын болды. Ол осы жолы Мергенбайды өз қолымен ажал құштыратынын айтып, қызыл әскер алдында серт береді.

         «Хан-Тәңірі» операциясы барысында Шалдин бастаған Нарынқол заставасы мен Нарынқол Партия комитетінің хатшысы (Олег Мухин әсірелеп жіберген. Дұрысы Черненко әскери комендатураның саяси жетекші (политрук) болған) Константин Черненконың қолы – оңтүстіктен, Сүмбе заставасының басшысы Волосевич бастаған отряд – солтүстіктен соққы беру ұйғарылады.

Әскери комендатураның саяси жетекші Константин Черненко телефон арқылы Мергенбай жасағымен соғысудың шебері саналатын Жаркент шекара отряды оқу-жаттығу эскадронының командирі Головинмен ақылдасады. Головин әскер санының көп-аздығы ештеңе шешпейтінін, мүмкіндігінше қызыл әскерді оңтайлы позицияда, яғни Мергенбай жасағынан биік жерге бекіндіру қажеттілігін айтады.

         300 үйлі қазақты көшірген Мергенбай жасағы Қақпақ аңғарын бойлай жоғары өрлегенде бұлардың соңына мұздай қаруланған 30 шекарашы түседі.

         Мергенбай бастаған қол қызылдармен атысып, қырғыз жеріне өтіп кетеді. Арғы жақтан қырғыз әскерімен шайқасу қаупі төнген соң, қайта қазақ жеріне қайтуға мәжбүр болады.

         Мергенбай бастаған көш Қақпақ аңғарына түсіп, Сары­қолатқа жетіп, одан Бозымбай сайына келеді. Артынан қалмай келе жатқан Шалдин мен Волосевичтің қолы екі жақтан тысқырып, Мергенбайдың көшін Тұйықашаға тірейді. Басқа барар жері қалмаған көш Тұйықашамен өрлеп отырып, Асутөрге келеді де қос қап­талы қалың қар, қарсы беткейі көк мұз Мұздауанның шатқалына барып тығылады. Шатқалға кіретін жалғыз жол бар, ал мұзды асудан ары өтіп кету мүмкін емес.

         Мергенбай алдымен қолында қаруы бар 18 адамды көштен екі шақы­рымдай жердегі шоңғал тасты мүйіске тосқауылға қояды. Содан соң епті, қимылы ширақ деген 30-40 жігітті тағы да іріктеп алып, қолдарына балта, шот береді де дереу асу­дың мұзды қапталынан адамның аяқ ұшы тұратындай кертпеш-кертпеш ойық жасауға жұмылдырады. Ал қалған қатын-қалаш, бала-шағаға комотряд келіп қалмай тұрғанда сай табанына барып, мол ғып отын жинап әкелуге әмір береді. Қашқындар көші қу жандары үшін осылай арпалысып жатады.

         Бұл кезде шатқал аузына жақындаған Шалдин әскерін мергендер тобы алыстан жасқай атып, сай аузына маңайлатпай қояды.

         «Қаш­қын­дардың осынша адам, осынша малмен ақ қар, көк мұз жапқан мына тұйық сайда жата беруі мүмкін емес. Екі-үш күннен кейін олар жағарға отыны, мал жаяр өрісі һәм ішерге тамағы жоқ (Мергенбай көшкен елге алдын ала «түймеш» дайындататын болған. Яғни, малдың етін шала пісіріп, қарынға салып алады. Осындай қиын сәтте сол түймешті бір қайнатып жіберіп, әскер де, ел де жүрек жалғайтын болған) жерден өздері де безіп шығып, бізге келіп беріледі. Сондықтан сол сәтті асықпай күтейік», – деп қызыл әскер шатқал аузына бекініс жасап күтеді.

         Мергенбай жасағы қарлы асуға алдымен екі қатар етіп адам аяғы тұрарлық ойықтар жасап шығады. Содан соң сол баспалдақтардың орта­сындағы ашық жердің ұзына бойына көштегі киіз үйлердің туырлығын кесіп-кесіп, мұзға сырғы­май­тын­дай етіп жабулайды.  Сол «киіз соқпақпен» мал да, адамдар да арғы бетке аман-есен өтіп кетеді.

         Ел аузында Мұздауан Мергенбайға өткел бергенде бір ақсақал мен қомы төмен болып қалған бір түйе ғана шығын болғаны айтылады.

Шалдиннің шәшкесі

         Мергенбай қолы Қытайға көшті аман жеткізе салып, елу шақты сарбазымен қайтадан шекарадан бері өтеді. Көште қалған бірер сарбаз бір апта демалғаннан кейін ғана ішкері көшуге дайындала бастайды. Бұл кезде Кеңес үкіметінің Қытайға жолдаған нотасында айтылған тапсырманы орындау үшін шекара күзетіндегі қалмақ-сібе әскері көшке тұтқиылдан шабуыл жасайды. Елді тонап, бірнеше адамды өлтіріп, көшті Нарынқолға бір-ақ айдап әкеледі.

          Айдап әкелген елді Шалдин атқораға қамап, тергей бастайды. Мұны естіген Мергенбай түн ішінде Нарынқолға астыртын кіріп, Шалдинмен бетпе-бет кездеседі. «Тұтқындары дереу босатпасаң, Нарынқолдағы бекіністеріңнің күлін көкке ұшырамын» дейді де шай ішіп отырған шәшкесін атып түсіреді.

          Мергенбай бұл оқиға туралы: «Бұрын дәмдес болған адам еді, өлімге қимадым» деген екен (Бұл оқиғаның «Мергенбай өзеннің арғы жағында тұрып, Шалдиннің су ішіп тұрған шәшкесін атып түсірген» деген нұсқасы да бар).

          Мергенбайдан қорыққан Шалдин тұтқындарды тізімдеп, бір-бірден босата бастайды. Осы кезде ел арасынан бір сатқын шығып, Мергенбай жасағындағы сарбаздардың өте аз қалғанын, Нарынқолдағы заставаны қиратуға шамасы жетпейтінін хабарлайды. Мұны естіген Шалдин тұтқынға түскен Мергенбай сарбаздарын Жаркентке айдатып жібереді. Өмірбайдың кегін алған сарбазды Жаркентегілер айуандықпен азаптап өлтіреді.

«Қаңғыған оқ»

         Мергенбайды Калоевтің қырғыны да тоқтата алған жоқ. ОГПУ чекистері Мергенбайға қазақтың өз ішінен шыққан адам болмаса, қызыл әскердің шамасы жетпейтінін анық аңғарды. Қызылдар 2-3 жыл бойы «Мергенбайды қолға түсіремін» деп қаншама әскерінен айрылды. Елдің тең жарымынан астамы Мергенбай сынды батырлардың күшімен Қытай асып кетті. Сондықтан да, қызылдар Мергенбайдың көзін жою үшін арнайы жансыздарды жіберуді жиілетті.

         Батырдың айналасындағы адамдардың ешқайсысы да Мергенбайдың атын атамайтын. Мергенбай өзіне астыртын қатер төнуі мүмкін екенін біліп, жұртқа «Мені Аманжол деп атаңдар» дейді екен.

         1932 жылдың күзінде Мергенбай батыр Ойқарағай тауымен тағы бір көшті бастап, Қытайға аман алып өтеді. Көшке Жабыр қырқасынан аса бергенде арып-ашқан екі жігіт келіп қосылады. Әңгіме төркініне қарағанда олардың да ойы шекара асып кету екен. Жұрт бұл екеуінен күдіктенбейді, қайта мүсіркеп қатарларына қосып алады.

         Көш таң ата Хасан қиясынан өтіп Қытай жеріне аяқ басады да, Текес өзені маңына келгенде қалмақтардың тосқауылына тап болып, атыс басталады. Шайқаста Жүкебайдың ұлы (Керімбала апаның ұлы) Нұр оққа ұшады. Мұны көрген Мергенбай: «Қап, мына ит қалмақтың қапыда біреудің жалғызын жайратқанын-ай… Атыңдар, аямаңдар кәпірлерді! Қырыңдар» деп жауға қарсы бес оқ шығарып, көшті бір айналып, қорамсаға қол салғанда, ту сыртынан екі рет оқ атылады. Оқ жотадан тиіп, қарнын жарып шыққан. Батыр тілге келмеген күйі жүріп кетеді.

         Сұмдығы сол, ажал оғының алдынан емес, артынан орағытып келгені еді.  Ту сырты деген сөз – көш, көштің іші емес пе? Жұрт осы күнге дейін бұл қазаны, елден үдіре ауып бара жатқан көшке Жабыр қырқасынан кездейсоқ қосылған екі жігіттен көреді. Бұлар «ОГПУ-дің әдейі дайындаған жансыздары еді» деседі.

         «Қазақты коммунистердің озбыр саясатынан арашалап қалам» деген асыл ердің ақтық демі 49 жасында Текес өзенінің бойындағы Құрманжан көпірі маңында мәңгілікке үзілді.

         Үлкендер қандас, рулас ағайынның арасы бүлінбесін деген ниетпен «Мергенбайға Текес бойындағы шайқаста қаңғыған оқ тиіп, шейіт кетіпті» деседі. Содан болар, қаңғыған оқтың қазақты қандай оғланынан айырғанын біз әлі де бағамдай алмай келеміз.

Түйін

    Ұлы даланың ең биік нүктесі Хан-Тәңірі маңындағы Мұздауанның қойнауы толған адам сүйегі… Егер Мергенбайлар тірі болса, ол асуда мұнша халық қырылар ма еді? Мені осы сұрақ мазалайды…

       Мергенбайдың рухы Хан-Тәңірідей асқақ еді. Ол – коммунистік-тоталитарлық жүйеге Мұздауан секілді өткел бермес асу болды.

          Ол Асу қазақ деген халық барда күн санап асқақтай береді….

Қанат Әбілқайыр,

Республикалық «BAI BOL QAZAQ» журналының бас редакторы.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password