КӨПТЕН КҮТКЕН ҚУАНЫШ

       Айлардың сұлтаны рамазан, түндердің сұлтаны қадір түні, күндердің сұлтаны қасиетті жұмамен тұспа- тұс келген қуанышты күн тәңіртау тұрғындары үшін ерекше болды. Олай дейтінімізге бірден-бір себеп, Райымбек ауданы бойынша тұрмысы төмен, аз қамтылған, көп балалы 18 отбасы демеушілердің көмегімен, аудан әкімінің қолдауымен баспаналы болып, бақытқа кенелуде. Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Нұр Отан» партиясының сьезінде «Көпбалалы аналарға, оның ішінде аз қамтылған жанұяларға берілетін ұлғайтылған атаулы әлеуметтік көмек көздерін көбейту керек» деген болатын. Осыған байланысты облыс әкімі Амандық Ғаббасұлы қолдап, «Бақытты отбасы» жобасы бастау алды. Облысымызда көмекке мұқтаж жандарға 60 үй тапсырса, бүгін мінекей қайырымды жандардың мұрындық болуымен аталмыш жоба Райымбек ауданында жалғасын тауып отыр.  

1 – маусым халықаралық балаларды қорғау күнінің қарсаңында қайырымды жандардың жомарттығымен жасалған шарапатты шара үш күнге жалғасты. Ауданымыздың қақпасы саналатын Сарыжаз ауылының тұрғыны 7 бала тәрбиелеп отырған көпбалалы ана Жазықбаева Шолпанға алты бөлмелі баспананы сол ауылдың О.Атеев, Т.Төлемісов, Н.Чубанов, Б.Кейкеев, Е.Жүнісбеков, О.Әбдіразақов, Ғ.Нарын сынды кәсіпкер азаматтары демеушілік жасап, алып беріп отыр. Баспанадан бөлек тұрмыстық техникамен, үй жиһаздарымен, төсеніштермен де қаматамасыз еткен жомарт жандардың жақсылықтарына ел сүйсінді.

Одан бөлек, аудан орталығы Нарынқол ауылында төрт  бірдей отбасы баспанамен қамтамасыз етілді. Атап айтсақ, аз қамтылған отбасы Оспанбаева Әлия «ГУММ строй сервис» ЖШС директоры Ертіс Несіпханұлының демеушілігімен, жалғыз басты көпбалалы ана Күлембекова Айгүл «ДСУ-13» АҚ директоры Владимир Михаиловичтың демеушілігімен, жеті баланың анасы  Бақытгүл Бағашарқызы «FoodMS» ЖШС директоры Сейтжан Құсайыновтың, аз қамтылған, алты баланың анасы Динара Мырзаханқызының отбасы кәсіпкер Жанболат Қаратайұлының қолдауымен баспаналы болып, мерейленді.

Сонымен қатар, Шалкөде, Қарасаз, Қақпақ, Тегістік,Текес,Ұзақ батыр, Сүмбе, Қайнар ауылдық округтерінен Жадыра Абирова, Салима Исенаманова, Айгерім Скакова, Ләйлә Әжібекова, Назира Сламахунова, Толқын Қазарбекова, Айгерім Сванбекова, Гүлнар Кенжемолдаева, Мереке Жеңіс, Эльмира Алайдаровна, мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиесіндегі Майгүл Бекбосынова, Кизларгүл Саймаханова, Гүлнұр Болат сынды көмекке мұқтаж отбасылар баспаналы болды. Айтулы қуанышты бөлісуге аудан әкімі Жолан Омаров, мәслихат хатшысы Ерлан Құдабаев, Аудандық ақсақалдар алқасының төрағасы Бекболат Бірбаев баспана иелерін арнайы құттықтап, демеушілерге ризашылығын  білдіріп қайтты. Демеушілер үй иелерінің кілтін өз қолдарымен табыстап, сый сияпаттарын көрсетті. Сондай ақ, сауаптан сырт қалғысы келмеген өзге кәсіпкерлер де  үй жиһаздарын, бүлдіршіндерге арналған киім- кешек, ойыншықтарын сыйлап, көңілдерін марқайтты. Айтулы шараға облыстық, республикалық БАҚ өкілдері, телеарна журналистері қатысып керемет күннің куәсі болды.

Жаңа қоныстарына қоныстанып үлгерген үй иелерінің қуаныштарында шек болмады. Бүлдіршіндердің «енді біздің өз бөлмеміз болады» деп  жадыраған жүздерін көрген жүрек шымырламай қоймады. Көптің көңіліне қуаныш сыйлап, жүздеріне күлкі үйірген жомарт азаматтарға алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Бұл дәстүрлі шара өз жалғасын тауып, көмекке зәру жандардың жанына демеу болатын қайырымды пенделердің қатары көбейсе екен дейміз.

  Айнаш Әлдибек, Елдос Ахметжан (фото), «Хантәңірі»

 

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password