Көдек Маралбайұлының, Таңжарық Жолдыұлының «Таңжарық пен Қойдымның айтысы» атты өлеңіне жауап хаты.

 

       Мен бұл «жауап хатты» үстідегі жылы шілденің 7-8-күндері тәлейім келіп дыбысқа жазып алғам. Бұл менің арманым еді.  Сол күні Қытайдан көшіп, Кеген ауданына келген, туысымыз, 83 жастағы Қуандық Сыдықұлы ағамызға салам бере барғанмын. Түнімен арғы бергіні айтыстық. Мен Көдектің өлеңдерін тыңнан зерттеп, оған дәлелдер іздеп жүргенімді айттым. Қуандық аға Көдек ұлы Айтуғанның досы екен. Айтуғаннан  жаттағандарын айтқыза отырып, мен телофоныма жазып алдым. Осы нұсқа сол Қуандық ағаның жатқа айқан нұсқасы. Куәгер ауылдарыңызда.

Айтып берген: Қуандық Сыдықұлы.

  Тағы бір құлақ қағыс:

Айтуған ағаның өтініші және айтуы бойынша мен, Қытай Шынжаң өлкесінде шығатын «Шынжаң қоғамдық ғылымдары» атты академялық журналда, мақала жариялап, Таңжарық пен Қойдым айтыспағанын, бұл тапсырма бойынша жазылған ұлтты арандату екенін айтып мақала жазып, «үлкен пәлеге» қалған болатынмын. Бүгін «пәледен» құтылғандаймын. Сол мақаланы қоса жібердім. Онда Албандардың қытайға ауғандағы  Қазақтың бір ауыздылығы  мен басқа надандықтарда айтылған. Кездессек кеңінен айтып беремін. Бұл ендігі ұрпақтар үшін ауадай қажат. Ерекше айтарым «ЖАУАП ХАТТАҒЫ» адам аттары мен уақыт шегі, уақиғаларды  «Ақынның ақылдан адасуы немесе Таңжарық пен Қойдымның айтысы туралы» деген мақаладан жауап алуға болады.           

     Жауап хат

 Авторы: Көдек Маралбайұлы Байшыған немересі

      

 Аман ба, ағайындар мал- басыңа-ай!

 Сыйнған мұсылмандар Алласына-ай!

 Жаралып жер бетіне келгеннен соң.

 Бір нәубет келмей қоймас жан басына-ай!

 Мысалы, ұшқан құста кете бермей,

         Қанаты талған жерге қонбасын ба-ай!

         Жер үсті кемеліне келгеннен соң,

         Толады аспандағы он бесінде-ай.

        Жалғанның келуі өр, кетуі ылдый,

        Биенің қатпа болған сұлбасындай.

        Түріне бұл дүниенің қарағанда,

        Іленің егілмелі борбасындай.

        Жамандық аяқ асты таблғанда,

        Жақсылық ұзақ қалар тау басындай.

        Бұл дүние кімге жолдас болар дейсің,

        Бір күні жерге тиер жамбасың–ай!

        Үлгілі, өнегелі әңгімеге,

        Сусының естігенде қанбасын ба-ай!

        Ішінде аз өмірдің, бұл тірлікте,

        Сыйласып жүрген жақсы жалғасып-ай!

        Қайтарған жас талабын жарамайды,

        Жас кезің шамаң келсе зауласын-ай!

        Зейінді, зерек болар азаматтың,

        Белгісі он бес пенен он жасында-ай!

        Білімді, терең жігіт мыңнан біреу,

        Байлардың астық құйған қамбасындай.

        Кең ойлы, миы терең жігіттердің,

        Ақылы кең өзеннің арнасындай.

        Бұрынғы Қарқараға барған кезде,

        Жақсы айтып жүрушедің жан досым-ай!

        Өзіңше сабырың бар, сабаз едің,

        Зауыттың соғып шыққан балғасындай.

        Таңжарық ақынысың ордалы елдің,

        Сарттардың мешіттегі молдасындай.

        Қайраты қашқын елдің жетпейді екен,

        Ордалы жыланменен арбасуға-ай!

        Күдігің қайда болса, қатер сонан,

        Аш күшіктей етекке жармасуы-ай!

        Тар жолда былай тартса өгіз өліп,

        Былай тартса, қалмайды арба  сынбай.

        Болады өмір жолы кеңде, тар да,

        Арықтап арысаңда, ар қалсын-ай!

        Өркендеп, өсіп- өнген Албан, Қызай,

        Бақшаның  қатар піскен алмасындай.

        Қараң-құраң өлең жыр әркімде бар,

        Секілді құтпандағы жал басындай.

        Түрің мен өлеңіңе қарағанда,

        Шәрінің алып сатар саудасындай.

        Ынтымақ тұрған жерде ырыс тұрар,

        Жарамас жүргеніміз арбасып-ай!

        Астарлы әңгіменің түйіні бар,

        Білермен түбін ойлап шарласын-ай!

        Маңызды жұмыр сөзің байқалмайды,

        Үн шықпас диірменнің қалбасындай.

        Тыңдаған азаматтар  біле жүрсін,

        Сөзімнің соғар жерін дәл басып-ай!

        Алыстан орағынып сөз айтамын,

        Қалмақтың лақтырған шалмасындай.

        Пенденің кәуабында  дәм мен тұзы,

        Әр жаққа тағдыр қуып бармасын ба-ай!

        Күнеске анау жылы барғанымда,

        Еркінбек қондырмады алғашында-ай!

        Бір жігіт артымыздан шақырған соң,

        Асанның бір түн қондық ордасына-ай.

        Біреуі көп жылқының өлген екен,

        Науқастың бір ет жедік қалжасындай.

        Бұрынғы Солтанқұлдың үлгісі жоқ,

        Ұқсау жоқ, мақтауы мен формасын да-ай!

        Ақалақшы, мампаңның бәрі солай,

       Бәрі де бір мінезді ол да солай.

       Бұл жаққа не шаруамен келдіңіз -деп,

     

        Ешкімі сұрамады жол болсын- ай!

        Әр кімнің атасының үлгісі бар,

        Алты күн аш қалсаңда қарны ашып-ай!

       Кешегі Ұзақ батыр айтқанындай,

       Әйтеуір тірі болсын, бар болсын-ай!

      Бұл жәйлар осылай боп тұра тұрсын,

      Басқа сөз айтылмастан қалмасын-ай!

      Үйінде Алпысбайдың айтып едім,

      Ойдағы айтылмай сөз қалмасын-ай!

      Қағазын оқып көрсек болар еді,

      Бір хабар бізден бұрын барған сыңай.

      Ауызша әңгімеге қарағанда,

      Мақсұтың хат жаздырған молдасына.

      Жолықпай маған неге кетеді-деп,

      Өкпелеп қалған екен алғашында-ай.

      Сөзіне сөз қайтарып жіберейін,

      Із шалған сонаршыдай қар басылмай.

       Алғашқы біз барғанда үйінде жоқ,

      Кетіпті Дағытыға жол тосып-ай!

      Кісіден барып келген сұрап едім,

      Бір қонып жетеді екен жол басып-ай!

      Арасы қашығырақ болғаннан соң,

      Мақсұтқа жолығуға жол қашық-ай!

      Қойдыммен айтыстым деп, ел жамандап,

      Таңжарық не қылығың жолдасым-ай!

      Біз жаққа Ресейге қашып барып,

      Сонда Албан көрмеп пе еді көз жасыңды-ай!

      Қойдым мен кім айтысқан әңгіме бер?

      Қалайша жалғандықпен жалғастың-ай!

      Шошаңдап шықылықтап сауысқандай,

      Қыршаңқың үйреншікті қозбасын ба-ай?

      Ақын деп ел таныған Әсел ғана,

     Қалатын басқа әйел далдасында.

    Кетер ед, сен айтыссаң шаң қаптырып,

    Ізінде көрелмаушең шаң басып-ай!

    Ақын боп Қойдым саған көрініпті,

    Қалай екен Тәкеңнің жан басуы-ай!

    Қойдымның жәй-жапсарын ел біледі,

    Бойдақ жан, бой түзеген сән басып-ай!

    Таңжарыққа солай боп көрінді ме?

    Түлкінің ән салдырған қарғасындай.

    Сұрадым Сұраншыдан келгеннен соң,

    Таңжарық бар деген соң сол қасымда-ай!

       Сұраншы сұрап едім бас шайқайды,

        Қалайша өтірікті қолдасын-ай!

        Өз халқын өзі сырттан жамандапты,

         Ағайын осығанда нанғансың ба-ай!

         Өз жынын, бақсы болып шақырыпты,

         Құдайым не пәлеге салғансың-ай!

          Артында ажырамас қоңырау бар,

          Қақпаншының салатын салмасындай.

         Желікке сені қосып жіберген соң,

         Мақсұттың болып жүрсің «Таймасындай»

        Албан, Қызай төрт көзі түгел келсін!

        Таңжарық сөзің болса, алға шық-ай!

         Өлеңің бір-екі ауыз бар сияқты,

        Жылқының үш аяқты жорғасындай.

         Сар желіп, серпе тастап айта алмайсың,

         Жолыңды жүре алмапсың дәл басып-ай!

       Қойдым мен ауыз екі айтыстым деп,

       Бағаңды кетіріпсің алжасып-ай!

       Таңжарық бір ықтасын тапқан екен,

       Шіріген қарағайдың ордасындай.

       Өзіне тиер сөзді байқамаған,

       Бұқаның бұтындағы дорбасындай.

       Білімді, текті адамның ұлы болса,

       Рулы елді осылай, қорласын ба-ай!

       Халықтың бәрін бірдей шанитұғұн,

       Қытайдың келіппе едің олжасына-ай!

       Дарубай, Жабықбайдан сұрап көрші,

        Қызай ана аруағы қолдасын-ай!

        Әйтпесе бәрімізге рұқсат бер,

        Көкітіп қоясың ба бейбасыңды-ай!

        Жақсының қалсытғы оңай тимес,

        Бұл шындық ауыр тиер қорғасындай.

        Жолықпай қаршығаға жүріпсің-ау!

        Тоғайдың паналаған қарғасындай.

     Жауабым айта берсем толып жатыр,

        Пешеттің тұра тұрсын аузы ашылмай!

                                                                                                                                                                      Дыбысқа жазып алған

Нұрмұқан Жанұзақұлы

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

 ақын, сыншы, тарих зерттеушісі, журналист.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password