Зайырлы білімді болу — заман талабы

        Адамзат тарихында білім беру жүйесінің түрлері көп болған. Ал қазіргі білім алу үрдісінде қолданылатын оқу-жазу машықтары ежелден көбіне діни институттардың қалыптасуымен дамып келді. Дегенмен, бүгінде Ата Заңын зайырлы қағидаттарға негіздеп құрылған демократиялық тәуелсіз Қазақстан Республикасындағы білім беру жүйесі зайырлы және діни сипатта екі бөлек жүйеде қарастырылады. Осы ретте білім беру жүйесін дамыту стратегиясының басты мақсаты − ұлттық білім моделін жасау. Елбасы Н.Ә. Назарбаев: «Қазір кейбір сыртқы күштер жастарымызды ислам дінінің хақ жолынан адастырып, теріс бағытқа тартуға тырысуда. Мұндай ұлттық табиғатымызға жат келеңсіздіктерден бойымызды аулақ салуымыз керек. Бізде зайырлы қоғамның дәстүрлері де бар екенін ұмытпауымыз керек. Біз елдің дәстүрлері мен мәдени нормаларына сәйкес келетін діни сана қалыптастыруға тиіспіз» − деп, қоғам мен діннің өзара ықпалдастығының тиімді моделін табу қажеттігіне назар аудара отырып, еліміздің тарихи таңдауы зайырлы білім мен зайырлы мемлекет болып саналатынын атап айтты. Қазақстан Республикасы Конституциясының 1-бабында Қазақстан өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады деп көрсетілген. Осындағы «зайырлы» ұғымы діннің мемлекеттік саясаттан бөлінгендігін білдіреді. Сондай-ақ, «зайырлы» ұғымы мемлекет ұстанымының дінге деген демократиялық сипатын танытады. Аталмыш заңның зайырлылық туралы нормасы елдегі діни қатынастарды реттеудің конституциялық негізін құрайды. Сонымен қатар, 2011 жылы қабылданған ҚР «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңының преамбуласындағы «Қазақстан Республикасын демократиялық, зайырлы мемлекет ретінде әркімнің ар-ождан бостандығы құқығын құрметтеп, халықтың мәдениетінің дамуы мен рухани өмірінде сүнниттік ханафи мәзһабі мен православтық христиан дінінің тарихи рөлін мойындайтындығы» деген сөздер Қазақстанның преференциялық (бір немесе бірнеше дінге мемлекет тұрғысынан қолдау көрсететін) сипаттағы зайырлы мемлекет екендігін дәйектейді.

       Өкінішке орай, бүгінде кең жайылған діни сауатсыздық проблемасы қоғамдағы радикалды идеялар мен шетін көзқарастардың таралуына жол беретін басты себепке айналып отыр. Азаматтардың санасында радикалды идеяларға қарсы иммунитет қалыптастырып, оларға мемлекеттің зайырлылық қағидаттарын дұрыс жеткізе білу әрі халықтың дәстүрлі құндылықтарына қызығушылығын арттыру үшін діни және талабына айналған аса маңызды мәселелердің бірі саналады. Ал зайырлы қоғам дамуының басты талабы – зайырлы білімнің дамуына көңіл бөлу. «Зайырлы мемлекет» ұғымының мектеп қабырғасынан бастап балалар мен жасөспірімдер санасына орнығуын қамтамасыз ету заман талабы. Зайырлылықтың дінсіздік еместігін, зайырлы мемлекеттің жоғары рухани құндылықтарды негізге алатындығын, дәстүрлі діндердің де рухани-өнегелі құндылықтарға негізделгендігін ұғыну жастардың қоғам өмірінен оқшаулануы мен оларды дін туралы тар түсініктен сақтап қана қоймай, діннің формасына емес, мазмұнына баса мән беруіне өз септігін тигізері анық. Білім беру жүйесінің зайырлы сипатына сәйкес дінтанулық білім − азаматтық, отаншылдық, адамгершілік пен демократия принциптерін ұстануға, діни мәдениет пен мәңгілік құндылықтарды құрметтеуге баулып, өмірлік жағдайлар мен әр түрлі ағымдағы діни мәліметтерге, конфессияларға байланысты шынайы ақпаратты қабылдауға негіз болатын міндетті пән ретінде үлкен маңызға ие.

Тасқын Қалиұлы,

облыстық дін істері басқармасы

«Дін саласындағы мәселелерді зерттеу орталығы»

ММ аудан бойынша дінтанушысы.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password