Елімнің бақытын тербеткен…

       Тәуелсіздік – қазақ халқының ең басты құндылығы. Тәуелсіздікке қантөгіссіз, бейбіт түрде қол жеткізгеннен кейін ғана елімізді әлемнің өркениетті мемлекеттерінің қатарына қоса алдық. 30 жыл ішінде тәуелсіз Қазақ елін қалыптастырып, нарықтың қиын өткелектерінен аман өткізіп келеміз. Осы кезеңдерде Қазақстанды дүние дидарындағы ең мықты мемлекеттер танитындай, сыйлайтындай деңгейге жеткізген ҚР Тұңғыш Президенті — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтай көреген саясаткердің ерен еңбегін дәл бүгін және әрқашанда айтып өтеміз.«Қазақстан» егеменді ел болып, дүниежүзіне танылды. 120-дан аса ұлт өкілдері тұратын осынау қасиетті мекенде, асқақтаған өлкеде, кеңшілігі керемет дархан дастархандай далада, егіні теңіздей толқыған, төрт түлігі өрбіген, өндірісі өркендеген мекенде өмір сүруші әрбір адам өз Отанын жанындай сүйіп, оның көк байрағын көкке көтеруді мақтаныш тұтады.

       Бәрімізге аян тәуелсіздіктің туын ең алғаш көтерген күн әйгілі 1986 жылдың 16 желтоқсан еді. Елді үздіксіз басқарып келген Д.А.Қонаев түсіріліп, орнына Г.Колбин ешкімнің пікірінсіз-ақ ұсынылған еді.Алаңға шығып өз ойларын айтуға тырысқан қазақтың өрімдей қарусыз жастарына солдаттар мен милиция қызметкері қарсы қойылды. Қыз жігіттерді аяусыз таяққа жықты, түрмеге қамады. Қайрат, Ербол, Ляззат, Сабира сынды жаңа ғана бүршік атып келе жатқан тал шыбықтай жастарымыздың өмірін үзді. Арада қанша жылдар өтті. Қаралы күннің қасіреті алыстап, егемендік алған еліміздің көкшіл жалауы желбіреп, биіктей түсті. Ия, Тәуелсіздік шыңы бізге оңай келмеді! Қайраттай қайратты жастардың қанымен, Ләззаттай албырт арулардың үнімен, боздаған жоқтаған қасіретті ананың зарымен, ұландарына ақ тілек айтқан бабалардың батасымен келді! Желтоқсанда опат болған боздақтарымыз тірі болғанда, отыз бес пен қырықтың арасындағы қылшылдаған азамат болар еді. Біз бүгін сіздердің рухтарыңызға бас иеміз асыл аға-әпкелер!

     Президенттің жарлығымен 1996 жылы 9 желтоқсанда Қайрат Ноғайбайұлы Рысқұлбековке “Халық қаһарманы” атағы беріліп, айрықша ерекшелік белгісі мен “Алтын жұлдыз” тапсырылды. Сабира, Ләззат, Ерболға “Ақтау жөніндегі анықтама” қағаздары берілді. Халқымыздың егемендігі жолында құрбан болғандарын дәлелдеп, оларды ақтау үшін барынша күрескен қайсар азаматтарымыз: Мұхтар Шаханов, Хасен Қожа-Ахмет сынды ағаларымыз көп еңбек етті.

       Еліміз осы ширек ғасырдан сəл асатын қысқа мерзімде Ұлы даланың зеңгір көгіндей көк Туымызды көкке көтеріп, елдіктің көшін түзеп, жүзжылдықтардың еншісіндегі тарихи үдерістерді абыроймен өткерді.

       Тəуелсіздіктің əрбір таңын қуана қарсы алып, əр күнін қажырлы еңбекпен, еңселі ерлікпен өрнектеген Қазақстан жаһан жұртшылығына алуан ұлысты бір шаңырақты ұйытқан жерұйық мекен ретінде танылды. Бүгін міне ынтымақ, бірлік, татулық салтанат құрған елдің мəртебелі биігінде, мерейлі белесінде тұрмыз. Осы жылдар бедерінде тағылымы мол, тамыры терең дəстүріміз жаңғырып, күллі əлемді аузына қаратқан, күн түбіне жортқан бабалардың ұрпағы ретінде Қазақ хандығынан Алтын Ордаға, Көк Түркке ұласатын ұлы тарихымыз ұлықталды. Барша түркі жұртының киесі – Күлтегін алтын айдарлы астана төріне қонды. Əр алуан мəдениетін байлығына балаған, татулығымен ту алған жасампаз қоғам қалыптасты. Дəуір дағдарыстарын еңсере жүріп, елдігіміз шыңдалды, мемлекетіміз нығайды. Сан түрлі сынақтан білекке білек қосып өткен халқымыз тонның ішкі бауындай тұтаса түсті. Сырт елде қалған қаракөз қандастарымызды атамекенге жинап, бауырына тартты. Əлеуетті елдермен ынтымақтастық орнатып, барша əлемге бейбіт бастамалармен танылды. Ұлы Дала елінің төрінде төрткүл дүниеге төрелік айтқан, тамам елді татулыққа шақырған алқалы жиындар, келелі келіссөздер өтті. Қонысы қонған бауыр жұрттың бірлігі ыдырап, берекесі кеткенде абдыраған ағайынға да пана болды. Аумалы-төкпелі заман сынағына ұшырап, тоқырауға түскен елдерге де қол ұшын созды. Бірлігін берік ұстаған Қазақ елі биліктің бейбіт ауысуының да ерек үлгісін көрсетті. Елдіктің еңсесін тіктеген Елбасы жүзеге асырған сарабдал саясаттың сабақтастығын халық сайлаған Президент Қасым Жомарт Тоқаевтың серпінмен жалғастырып, соңғы жылдардың үлесіне тиген сынақтарды да абыроймен еңсере білдік. Мемлекет басшысы жаһандық жаңа ахуал жағдайындағы жүрер жолымызды, барар бағдарымызды белгіледі. Халықтық реформалар арқылы жаңа деңгейдегі мемлекетке айналуды көздейтін бастамалар іске асырыла бастады.

        Төтеннен келген тосын індетке қарсы күресте жүйелі жүрісіне түсті. Бұл тұста да халқымыздың өзгенің қайғысы деп бөлмейтін ізгілігі, қайырымдылығы сынды ежелден қанында бар қасиеттері айрықша айшықталып, білекке-білек қосқанда еңсерілмейтін қиындық жоқ екенін көрсетті. Өкінішке қарай, əлемді жайлаған пандемия əлі жалғасуда. Бірақ əлеуеті бүгінгіден əлдеқайда аз болған заманда да егемендік туын еңкейтпеген қабырғалы халқымыз бұл кезеңнен де абыроймен өтеріне бек сенеміз.

       Басқа қонған бағын бағалайтын ел байлығын еселей отырып, тек алға ұмтылады. Біздің басты байлығымыз – пейілі даладай дархан, бірлігі болаттай берік, Алатаудай алып халқымыз! Тамыры терең, қазығы берік осындай елі бар мемлекеттің Тəуелсіздігі де баянды болады. Мемлекетіміз мəңгілік жасай берсін! Жаңа жылда – Тəуелсіздіктің 30 жылдығында алар асуларымыз көп болғай!

Айгүл Абдрахова,

Сарыжаз кәсіптіктехникалық колледжінің

Қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password