Гиппократ антына адалдық — парызымыз

       «Қоғамның байлығы – адам, адамның байлығы – денсаулық» десек, бірінші байлығымыздың сақшысына айналған дәрігерлердің еңбегі ерен! Өлім мен өмір майданында өлшеусіз ерлік көрсетіп жүрген ақ желеңді абзал жандарға алғысымыз шексіз. Осы орайда,  дәрігерлер күнінің қарсаңында ШЖҚ  «Райымбек  аудандық аурханасы» коммуналдық мемлекеттік кәсіп орнының директоры Жантас  Нұрланұлы Әкімбаевпен аудан ауруханасының жәй-күйі, бүгіні мен ертеңі туралы, жалпы денсаулық тақырыбында тілдескен едік. Аудан ауруханасының бүгіні мен ертеңі туралы, қандай жетістіктер мен жаңалықтар бар осы туралы мәліметтерге сұхбатымызды оқып қаныға аласыздар деген ойдамыз.

 – Жантас Нұрланұлы, Сіздің аудан ауруханасына басшы болып келгеніңізге көп болған жоқ. Өзіңіз осы ауданның тумасысыз. Бірқатар уақыт облыстық ауруханада қызмет еттіңіз. Өзіңіз білетіндей қазір әлем медицинасы қарқынды даму үстінде. Сондықтан, Сіз үшін біздің еліміздің медициналық әлеуеті таңсық деп айта алмаймын. Аудандық аурухананың кешегісінен де жақсы хабардарсыз. Осы орайда, әңгімемізді аудан ауруханасының кешегісі мен бүгінгісін салыстырып айтып берсеңіз.

     – Райымбек ауданы өз тарихында Кеген ауданына 3 рет қосылыпты. Соңғы қосылуы 1997 жылы, мен 10 сынып оқып жүрген кезде  орын алыпты. Райымбек ауданының орталығы Нарынқол болып тұрғанда Талас ауылынан  әскери военкоматқа келгенім есімде. Аудан Кегенге қосылғаннан кейін, шыны керек Нарынқолдың ажары кете бастады, көшелер тозды, ғимараттар ескірді, мекеме қызметкерлері  Кегенге қатынасып жұмыс жасады. Райымбек аудандық ауруханасы ауылдық ауруханаға айналды. Ауылдық аурухана болып қалды, бірақ, өзіміздің ағамыз  Нұрғожа Таутайұлының арқасында біраз уақытқа дейін тозуға жол берілмеді. Мен 2006 жылы Алматы облыстық ауруханаға травматолог болып орналасқаннан кейін Райымбек ауданының, оның ішінде Райымбек аудандық Кеген-Нарынқол ауылы, Ұйғыр ауданы, Еңбекшіқазақ аудандарындағы жарақат алған науқастарға  травматологиялық көмек көрсетіп, облыстық аурухана тарапынан кеңесші консультант болдым. Сол кездерде аурухана ғимараттарының ахуалы жаман емес еді. Уақыт өте келе ауданымыздың 21 жыл бойы басқа ауруханаға қосылу салдарынан, аурухана дүниелерінің тозуы, маман жетіспеушілігі, аудан халқының менталитетінің өзгергені,  баяғыдай аудандық  орталық болмағанның салдары көрініп, жұмыстың бәсеңдеуі, хирургиялық көмектің
төмендегені байқалады.

      -Әлбетте, орталықтың шалғайда орналасуы кез-келген салаға көлеңкесін түсірмеуі мүмкін емес. Нұрғожа Таутайұлының басшылықтан кетуінен кейін аурухананың ішкі тәртібі, қызмет көрсету сапасы төмендегені рас. Талай жерде жауапты қызметтерді атқардыңыз, өткенге өкініп отыра берген де өрге шығармайтынын өз тәжрибеңізден жақсы білесіз. Сіз келгелі аудан ауруханасының жұмысы қалай қарай өзгеруде,  сапасын  қаншалықты межеге  көтеруге жұмыс жасап жатсыздар,  қандай мамандар тартылуда?

       — Мен, 2019 жылы 22 тамызда облыстық Денсаулық басқармасының шешімімен Шаруашылық жүргізу құқығындағы Райымбек аудандық  ауруханасы коммуналдық мемлекттік кәсіпорынға басшы болып тағайындалдым. Оғанға дейін Алматы облыстық көп салалы ауруханаларында травматолог, Талғар ауданында,   соның ішінде Қызыл Қайрат, Белбұлақ, Іле ауданында ауылдық  ауруханасында, басшының емдеу ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқардым. Ауданымызға,  Райымбек  батырдың атына  тіл тигізбеймін. Ауданымыздың үнемі жақсы жағынан көрінуіне барымды саламын. Өзім — Райымбек батырдың тікелей ұрпағымын. Осында келудегі мақсатымның өзі-ауданымыздың  көркейюіне ат салысу. Мен келгелі ауруханамыздың біраз өзгерістер орын алды. Ең бірінші-бюджет саласы, емдеу-сауықтыру, ем-шараларын жандандыру жағын реттеуден жұмысты бастап кеттік. Аудан халқын 2020 жылы 1-қаңтардан бастап  Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыруға  кіргіздім.

        Актуализация жасау жұмыстары қарқынды қолға алынды. Аудандық ауруханамызда атап айтқанда, бюджет қайта жоспарланып  өткен жылдардағы аурухана қарызын  біртіндеп жабу жұмысы басталды. (Ауруханада 9 бухгалтерия маманның штаты қысқартылып, 4 бухгалтерия маманы қалдырылды, 3-директордың орынбасарының біреуі қысқартылды). Бұл дегеніміз-аурухана экономикасын жақсартуды,  бюджетті экономдау  мақсатында атқарылған жұмыс. Менің ауданға келгендегі мақсатым — сонау облыстық ауруханада істеп жүріп көрген аудан кемшіліктерін орнына келтіру. Соның ішінде хирургия саласын дамыту, аудандық аурухана мәртебесін көтеру еді. Қазіргі таңда аудандық аурухана қабылдау бөліміне 5 медбике, 5 санитарка штаты берілді. Қабылдау бөліміндегі кіші ота жасау бөлімі (жарақат таңу кабинеті) жеке бөлініп хирургия бөліміндегі операциялық бөлімше жеке ұйымдастырылды. 4 медбике штаты тәулік бойы жұмыс атқаратын болды. Лаборатория бөлімшесі емханадан қабылдау бөліміне көшіп біріктірілді. 5 медбике штаты беріліп, тәулік бойы жұмыс істейтін лаборатория бөлімшесі ұйымдастырылды. Рентген бөліміне 4 рентген лаборанттар оқытылып, рентген тәулік бойы жұмыс істейтін болды. Біздің мұндағы мақсатымыз -аудандық аурухананың мәртебесін — Райымбек аудандық орталық ауруханалық мәртебесіне жеткізу. Рентген операциялық бөлімше, лаборатория, қабылдау бөлімі тәулік бойы жұмыс істеуге тиісті.

Мен келгелі 2 ( ВОП дәрігері ) жалпы тәжірбиелі дәрігер, 1 эндокринолог дәрігері, 1 балалар хирургы, 2 ВОП дәрігері  (келді). Әлі де келетін дәрігеріміз бар. Аудандық әкіммен келісіп  жаңа  мамандарға үй мәселесі шешілуде. Тұңғыш  Елбасымыз  Н.Ә.Назарбаевтың шешімімен шалғай Райымбек ауданын  қайта жеке бөліп бергеніне алғысымыз шексіз. Қазіргі Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың  қолдауымен ауданда айтарлықтай жетістіктер бар. Қазір Райымбек ауданы облыс әкімі Амандық  Ғаббасұлы Баталовтың тікелей қатаң бақылауында. Себебі, шекаралық аймақ берік болсын деген мақсатта, осы кісілерге менде  Райымбек ауданының тұрғыны ретінде алғысымды айтамын. Жаңа ауданға жаңа басшы ретінде  Жолан Ыбырайақынұлы ағамыз тағайындалды. Одан кейінгі ауданның әкімі –Нұржан Кеңесұлы Құдайбергеновтың басқаруымен айтарлықтай жұмыстар атқарылып жатыр. Ауданымызда жаңа ғиараттар салынып, әр сала мекемелер күрделі жөндеу жұмыстары өткізілуде. Осы орайда медицина саласында айта кету керек бізде көштен қалмадық. Айта кетсек бірінші қуанышымыз 2019 жылы қазан айында Облыс әкімінің тікелей көмегімен 5 жаңа жедел-жәрдем автокөлігін алдық. Ауданымыздағы алыс ауылдарға таратылды. Одан кейін биылғы жылы қазан-қараша айларында Аудандық ауруханамыздың 4 ғимараты күрделі жөндеу жұмысынан өткізіледі. Қазіргі таңда жобалық-сметалық документ дайындалып бітті. Келешекте жұмыс басталады деп күтілуде. Ауданымызда медицина саласын қуантатындай оқиға қазан-қараша айларында аурухана жанына жаңа  250  науқас қабылдайтын емхана ғимараты бой көтеретін болады. Бұл емханада қазіргі жаңа технологияға сай ғимараттың  ішкі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Жаңа ғимарат ішінде компьютерлік томаграфия науқастарды диагностикалау үшін қолданылатын болады. Ауруханамыздың 2-ші қабатында кіші ота жасау бөлімі ол жерде қазіргі жаңа технологиямен сүйек сынуына, қуыс сүйектердің сынуына ота жасау ұйымдастырылады. ЭОП (электронно-оптический преобразователь) аппарат қойылады. Осы аппарат арқылы жарақат алған науқастарға жоғары дәрежелі медициналық көмек көрсетеміз деп жоспарлап отырмыз. Айта кету керек, -Алматы облысының Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бауыржан Ербозымұлының тікелей бақылауымен күрделі жөндеуден өткізу жұмыс қарсаңында аудандық хирургиялық ота жасауды жоғары дәрежеге көтеру мақсатында «лапароскопиялық стойки» аппаратымен де қамтамасыз етілетін болады. Бұл аппаратпен өт, тас ауруы, ішекке, жатырға жасалынатын оталарды теріні үлкен көлемде кеспей аз көлемде кесу арқылы қазіргі технологияға сай көмек көрсету жоспарлануда, Осындай көмек беріп жатқан облыс басшыларына алғысым шексіз.

    -Жақсы бастамалар қолға алынуда екен. Тағы бір мәселе, дәрі-дәрмек туралы құлағымыз шалып қалатын әңгімелер бар. Қазір кей керекті дәрілердің бағасы аспандап тұрған уақыт. Кейбір аудандарда мемлекеттен бөлінетін тегін дәрілердің көшедегі дәріханаларда сатылып тұрғаны туралы желдей ескен әңгімені естіп қаламыз. Аудандық аурухана осы келеңсіздікпен қалай күресуде. Ауруханада дәрі-дәрмектің мәселесі бір жолға қойылған ба,  жалпы қор жеткілікті ме?

    -Аудандық ауруханада дәрі –дәрмек жеткілікті, толық қамтамасыз етілуде деп айта аламын. Осы мәселеде жан таппай жұмыс істеп жатырмыз. Бұл салада да білікті мамандар еңбек етуде. Жақында аудандық ауруханада дәрі-дәрмек сақтайтын қоймаларды да жақсарту, жаңа тоңазытқыштармен жабдықтау жоспарда бар. Ауылдық амбулаториялардың іс- қимылы,жұмысы өзімнің тарапымнан 2 айда бір қадағаланып тұрады. Аудан көлемінде халық саны жеткіліксіз болғандықтан кейбір ауылдарда штат санының қысқарылуы орын алуда. Мүмкіндігімізше  Денсаулық сақтау министрлігінің №885 бұйрығына сай штат мәселесі аудандық емдеу мекемелерін қысқартпай, сағат санын ғана азайтып жұмыс жасап жатырмыз.Бұл уақытша дүние, келешекте ауданымыз көркейіп,аурухананың жағдайы жақсарса,халық саны көбейсе қайтадан орнына келеді деген үміттеміз.

-Елдің игілігіне қызмет етем деген ниетіңіз жемісті болсын. Осы орайда Сізді келіп жеткен мерекелеріңіз «дәрігерлер күнімен» құттықтаймын! Ақ желеңдеріңіз желбіреп, еліміздің денсаулығы үшін еткен еңбектеріңіз еленіп, абыройларыңыз биіктей берсін! Отбасыларыңыз аман, дендеріңіз сау болсын! Өз әріптестеріңізге тілегіңізді айта кетсеңіз?

-Құрметті әріптестер! Сіздерді кәсіптік мерекелеріңіз — медицина қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Адам өмірін ұзартуға септігін тигізіп, ажалдан арашалаушы дәрігер мамандығын халқымыз ежелден қастерлеп, құрметтеген.
Адам өміріне арашашы абзал жандарды төл мерекелерімен құттықтаймын! Медицина мамандығы өте ауыр, өте жауапты болғанына қарамастан  осы салада қажымай жұмыс істеп жүрген әріптестерімізге дендеріне саулық, отбасыларына амандық, толағай табыстар тілеймін. Дүние жүзін дүр сілкіндірген індетке қарсы тұрған батыр әріптестерімізге қажымас қайрат тілейміз.Төл мерекелеріңіз тағы да құтты болсын!

     — Ашық-жарқын сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан Айбек Ережеп.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password