ГАЗЕТ-ТАЛАП ПЕН ТАЛҒАМНЫҢ ЖАРШЫСЫ

 Ахмет Байтұрсынұлы айтып кеткен сөзді ескерсек «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі». Ендеше газет халықпен бірге болуға тиісті, жұртшылыққа ақпарат беруші, елдің сауатын ашушы құрал.

 Жалпы қазіргі таңда газет оқитын оқырман тек елу жастан әрі асқандар мен ерекше қызығушылығы бар адамдар болмаса, жаппай оқу үдерісі жоқ секілді. Оның орнын әлеуметтік желі басты. Себебі, аптасына, айына шығатын газеттердің беретін ақпаратын күн сайын, сағат сайын жаңалап отыратын жылдам желі жеңіп жатқандай. Ал менің ойымша, газет – талап пен талғамның жаршысы.Тіл ұстартып, адамға тәрбие беруші құрал. Ал әлеуметтік желі сізді тек ақпарат берумен қатесін түзеуге бағытталған. Кез келген журналистің бірінші біліктілігін арттыру — газеттен, журналдан бастау алу керек. Тегінде Қытайда мектеп оқушыларына жазуын бұзады деп қаламмен (ручка) жазғызбайтын. Оның орнына сиялы қаламмен жазуға үгіттейтін. Сол секілді қалам мен сиялы қаламның айырмасы бар. Біреуі дайын өнім, екіншісі еңбек. Себебі сияға малып мәнерлеп жазу – тәрбие. Осы тұрғыдан келгенде газеттің бәсі басым екенін айту керек. Тарихы сонау 1936 жылдан басталатын аудандық «Хантәңірі» (бұрынғы «Советтік шекара») газетінде кезінде Бердібек Соқпақбаев, Мұқағали Мақатаев, Баққожа Мұқаи, Әлнұр Мейірбеков, Еркін Ібітанов, Дәулет Желдікбаев, Айтақын Әбдіқалов, Батық Мәжитұлы, Мінуар Әкімханов, Рысбек Сәрсенбаев сияқты елге танымал жазушылар мен журналистер жұмыс істеген болса, бүгінде солардың көзін көріп, ісін түйген шәкірті Жұмабек Тәліпұлы еңбек етіп, өзінен кейінгі жас буынға тәлімгер болуда. Тәңіртау тұрғындарының тыныс тіршілігін айшықтайтын аудандық газетте менде өз қолтаңбамды қалдырып, аз уақыт болса да еңбек еткеніме қуаныштымын. Біздің газет — өз оқырманын қалыптастырған басылым деп білемін. Өйткені бір күн кешіксе іздейтін, әр санын тағатсыздана күтетін қырағы көзді оқырманы бар. «Ұмытылмас есімдер» айдарымен тұрақты беріліп келе жатқан кеңес дәуірінде елімізге ерен еңбектері сіңген тұлғалардың еңбек жолы жайлы жазбалары көптің көңілінен шығуда. Кітапхана, балабақша, білім, әдебиет, мәдениет, денсаулық, спорт, экономика саласындағы тың жаңалықтарды сауатты жеткізудегі көркемдік сөзден көрпе тігіп, шешендік сөздің шегесін қағатын әріптестерімнің ерен еңбектерін ескермеу күнә. Журналистік пайымдары, ізденістері мен еңбектеріне оқырманның берер бағасы да оң. Алдағы күнде әріптестерімнің  шығармашылықтарына шабыт, қаламдарыңыз қарымды болып, жаңалықтың жаршысы болып жүре беріңіздер деген тілек бар. Бүгіндеріңіз бөлекше, ертеңгі күндеріңіз ерекше, келер күндеріңіз керемет болсын.

АЙНАШ ӘЛДИБЕК,

журналист,

Алматы қаласы.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password