Берлинде сайран салған Бектұр

      Ұлы Отан соғысы басталғанда он сегіз жастағы Бектұр ағамыз Қарасаздағы мектептен орта білім алып оқып шығыпты. Ауылдағы сауаттылардың бірі ретінде Селолық Совет атқарушысы, кейде есепші болып жұмыс атқарып жүргенде Ұлы Отан соғысы басталып, ел басына күн туады. Ауылдан алғашқы буын ағаларын соғысқа алып кеткен соң Бектұрдың басына ел ауыртпалығы салмағын салып күндіз-түні еңбек етеді. Өзімен бірге туған ағасы Иемберген де соғысқа аттанып кетіпті. Бұл 1941-1942 жылдар екен. 1943 жылдың жаз айында он тоғыздан жиырма жасқа шығайын деген Бектұрды және бұл кісінің бірнеше құрдастарына шақыру қағазы келіп, соғысқа аттанады. Майдан шебіне келген Бектұр кескілескен ұрысқа Молдавияны азат ету операциясына  қатысып, 1944 жылдың қысында Калининград майданына жөнелтіледі. «Бұл кез нағыз жанталасқан ұрыстың қызған кезі» еді дейтін еді Бектұр аға. Белоруссиямен Польшада совет әскерлері жан алып жан беріп үлкен жеңістерге жетіп келе жатқан екен. Бектұр барлаушылар тобында соғысып, талай-талай неміс офицерлерімен солдаттарын қолға түсіріп, батыстың меңіреу ормандарын кездік – дейтін. Калинин майданын аяқтап, фашисттерді түре қуып герман шекарасына жақындағанда немістердің киімін киіп алған еді. Әлгі неміс жатағын тауып оларды тұтқынға алып, бірнеше жігіт едік, жататын орнымызға оралғанда бізді бір топ өзіміздің совет әскерлері тұтқиылдан бас салып ұстап алды. Содан соң бір жас командир ортаға шығып: — сендер сатқынсыңдар, үстілеріңде неміс киімі қайдан жүр? – деп бетімізге қарап тұрып мені танып, Бектұр сенсің бе, шық алға, өз қолыммен атамын ит-деді, дейді. Қарасам өзімнің немерелес бауырым Тұрысбек Нұрмұханбетұлы екен. Сол арада бізді өз командирлеріміз келіп араша түсіп ажыратып алды-дейтін еді. Кейін Тұрысбек аға «Ол рас, құдай бір сақтады мұны»-дейтін.

       Бектұр 1946 жылдың аяғында соғыстан оралды. Ол бірінші дәрежелі Отан соғысы ордені және бірнеше медальдармен марапатталған адам. Соғыстан келген соң көп жыл Селолық Совет прецедателі, одан соң хатшысы болып жұмыс істеді. 1947 жылы жолдасы Мақабылқызы Әлипаға үйленіп, бес ұл, бес қыз өсірді. Қарындасы Молдағожаева Динаны тәрбиелеп оқытып, азамат жасады. Өзі 1960  жылдары Талдықорғандағы малдәрігерлік-зоотехникалық техникумды бітіріп, өмірінің соңына дейін колхозда дәрігерлік қызмет атқарды. Ол жетпіс екі жасында 1992 жылы өмірден өтті.

Нұрлан Әкімбайұлы,

 Райымбек ауданының құрметті азаматы,

зейнеткер,Талас ауылы.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password