Бала  жанының  бағбаны

 Эльмира  Бижанованы  Сарыжаз  орта  мектебіндегі  әріптестері  де, ата-аналар  да  осылай  атайды. Оның  өзіндік  себебі  де  жоқ  емес. Осынау  абырой биігіне  көтерілуі ұлағатты  мамандықты  құрмет  тұтып, жас  ұрпақ  тәрбиесіне  тыңнан  түрен  салғандай  ізгілікті  ісімен  жауап  бере  білгендігі  арқылы  қаланғандығы  анық.

     Абай  атындағы  педагогикалық  унтверситетті 1996  жылы қазақ  тілі  мен әдебиеті маманы  болып  бітірген  Эльмира  алғашқы  еңбек  жолын Сарыжаз  орта  мектебінен  бастады. Жас  келсе, іске  демекші  ол  алғашқы  күннен-ақ  жоғары  оқу  орнынан  алған  білімімен  шәкірттердің  кеудесіне  сәуле түсіруге  ұмтылды. Төл тіліміздің ғылыми тұрғыдағы  ерекшеліктеріне  баса  назар  аударып, оқушыға неғұрлым түсінікті жолмен  ұғындыруға  тырысты. Ғасырдан-ғасырға  жалғасып, ұрпаққа  мұра  болып  келе  жатқан  төл  әдебиетімізбен  мейлінше  сусындауына  ізденісті  еңбегімен  жауап  беруді  басты  мақсат тұтты. Білімін  біліктілікке  ұштастырды. Шәкірттерге  дәріс  бере  жүріп, білімін  ғылыми дүниелер  арқылы  жетілдіруді, тереңдетуді  ойдан  шығарған  жоқ. Өз  білгенін  жас  буынға  үйретсе,  мамандығының  кемшін  тұстарын  жетілдіру  үшін  саналы  ғұмырларын  мектеп  өмірімен  байланыстырып  келе  жатқан  ұстаздардың  тәжірибесіне  жүгінді. Бұл  орайда  өзіне  дер  кезінде  көмек  қолын  созып, ақыл-кеңестерін  аямаған  Бақтылы  Рысқұлова, Қуаныш  Қайыпбаева, Зағира  Шүкеева  сынды  ұстаз  апайларына  айтар  алғысы  шексіз.

    Бір  кезде  жас  маман  болып, білім  шаңырағының  есігін  имене  ашқан Эльмира бүгінгі  таңда, тәжірибесі  молыққан, білімі  жан-жақты  жетілген  ұлағатты  ұстаздардың  қатарында. Ұстаздық  еткен  бүгінге  дейінгі  аралықта  алдынан  сандаған  шәкірттерді  білім  нәрімен  сусындатып, үлкен  өмірге  қанат  қақтырды. Олардың  бәрі қоғамның  сан-саласына лайықты  кірпіш  болып  қаланып, тәуелсіз  еліміздің  дамуына үлес қосып  жүрсе, Айман  Қабаева, Айдос  Қазыбаев, Мағжан  Рауанов  сияқты  шәкірттері өзінің  жолын  қуып, осы  мектепте  ұстаз  болып  еңбек  етуде.

    Эльмира  Бижанова  мектептегі қоғамдық  жұмыстарға  да  белсене  қатысып, ұйымдастыру  жұмыстарына  ұйытқы  болып  жүрген  жан. Пәндік  олимпиадалар  мен  Кіші  ғылым  академияларына  оқушылар  дайындауда  талап  пен  талғамға  айрықша  мән  береді. Нәтижесінде  оқушылары  аудандық, облыстық  байқауларда  жүлделі  орындардан  көрінуде. Қазір  қосымша  білім  беру  педагогы  ретінде  жас  мамандарға  іс-тәжірибесін  үйретсе, дарынды  балалармен  жұмыс  жасауда  да  жеткен  жетістіктері  білім  саласына үлес  болып  қосылуда. Мамандығын  мақтан  тұтып, бала  жанының  бағбаны  атана  білген  Элмираның  білім  саласындағы  ізденісті  еңбегі  лайықты  бағасын  алып  келеді. Омырауындағы  «педагогика саласының  үздігі» медалі  мен  аудан, облыс  тарапынан  алған  мақтау  қағаздары  соның  айқын  дәлелі. Реті  келгенде  біз  де  ұстаздығын  ұлағатқа  жалғай  білген  Эльмираға  алдағы  еңбек  жолында  да  тың  табыстар  тілейміз.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password