Аңыз бен ақиқат

    «22- наурыз – бабаларымыздың бағзы за­маннан бері тойлап, бізге қалдырған аманаты, жақсылық пен келі­сімнің, жаңа күннің символы» деп атап көрсеткеніндей, Наурыз – есте жоқ ықылым заманнан бері үзілмей жалғасып келе жатқан төл мерекеміз, жаңа жылымыз.

      Жыл басы наурызбен қатар айтылатын «Самарқанның көк тасы еріген күн» деген тұрақты сөздің мәніне үңіліп көрмес бұрын, алдымен көк тас тіркесіне тоқтала кетейік. Қазақта үлкен кісі баласынан көңілі қалса, «басыма көк тас қоймай-ақ қой» деп өкпе-ренішін білдіріп жатады. Мұндағы көк тас жай тас емес, асыл тас, лағыл тас. Белгілі этнограф-қаламгер Сейіт Кенжеахметовтың деректеріне сүйенсек, «Самарқандағы Ұлықбектің обсерваториясындағы аспан денелерін белгілеген үлкен көк тасқа Ұлыстың Ұлы күнінде күннің сәулесі тікелей түскенде әлгі тас бірер сәтке ериді екен» деген аңыз бар. Наурызда бір-біріне бұрынғы өкпе-реніштері бар адамдар төс қағыстырып, қайта достасады. Егер Ұлыстың Ұлы күнінде өкпе-ренішін қия алмаса, «Сен тастан да қаттысың ба, бұл күні Самарқанның көк тасының өзі жібиді ғой» деп наз айтатын болған.

    Аңыз ғой. Рас па, рас емес пе… Қалай болғанда да ілгерідегілер бұл аңыз арқылы Наурыздың Ұлы күніне тас екеш, тас ерігенде адамзатта жібімейтін жүрек болмауы тиіс деген ұғымды кейінгілерге шегелеп тұрып айтқысы келген-ау, сірә…

   Меніңше, Наурыз мерекесін адам бойындағы жүректің жылылығымен байланыстырып өткізген дұрыс. «Самарқанның  көк тасы еритін күн» деуімізге себеп – Самарқанда әйгілі Ақсақ Темірдің тағы бар, бұл күні қаһарлы ханның қаһары жібиді, егер біреу өлім жазасына кесілсе, соған өлім бұйыртпай аман алып қалатын, райынан қайтаратын күн бұл. Мұндай пікір профессор Т.Қордабаевтың зерттеулерінде де кездеседі. Тағы бір ескеретін мәселе, «Самарқанның көк тасы» – ұлтымызды рухтандыратын, Наурыз мейрамының әдемі бір бояуын бойында сақтаған сөз.

     Бұл күні үйдің іші-сыртын, қора-қопсыны тазартып, бұлақтың көзін ашып, ағаш егіп, өсімдікке су құяды. Мұсылман қауымы мұндай үйге Қыдыр ата түнеп, немесе бата беріп кетеді деп түсінген. «Қыдыр қонған», «Қыдыр дарыған» деген сөздер осындайдан шыққан. Жақсылықтың жаршысы, жаңа түскен Күн нұрының символы – Қызыр ата даланы кезіп жүріп, назары жерге түссе, оның тоң кеудесін жібітеді, ал тасқа түссе, тасты ерітіп жібереді екен. Күн сәулесі жер шарының шығыс бөлігінен таңғы сағат алтыда себелеп атқан кезде, біздің өңірімізде бұл сәт түнгі сағат үшке тұспа-тұс келеді. Сондықтан да қазақ халқы Жаңа жылды жиырма бірінші наурыз күні таңғы үште қарсы алады, дәл осы сәтте даланы Қызыр баба аралап, күн нұры Самарқанның көк тасын жібітсе керек.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password