Аудан тарихы жарық көрді

      Тарих тағылым! Ғасырлардың бойына нәр беретін күре тамыр, дәуірлердің жүрек қағысы! Өз тарихымызға үңілу – дүниетанымымызды, дәстүрімізді, туған өлкемізді тану, арыға барсақ кім екенімізді ұғыну. Тарихты жазудағы басты қағиданың өзі халықтың түп негізін, рухани күре тамырын, өмір сүру фәлсафасын жүрекке құю. Тарих- тамыр, тамырдан нәр алмаған кез-келген нәрсе қурайды!

          Райымбек ауданының орталығы Нарынқолда Баққожа Мұқай атындағы мәдениет үйінде жазушы Беркін Әкебаевтың «Нарынқол өңірінің тарихы» атты кітабының тұсау кесер рәсімі болып өтті. Салтанатты шара алыс-жақыннан келген қонақтарға ауданымыздан шыққан ақын-жазушылардың туындылары қойылған кітап көрмесін таныстырумен басталды. Тәңіртау етегінен түлеп ұшқан аты Алашқа танымал алыптардан бөлек, жаңа қанаттанған жастардың шығармаларының өзі кітап сөресін қайыстырып тұрғаны көз қуантты.

        Салтанатты шараның шымылдығын аудан әкімі Нұржан Құдайбергенов түрді. Таулы өлкенің кешегісі мен бүгінгісінен қозғап, болашағына бет бұрыс жасап, оқырманға жол тартқалы отырған тарихи кітаптың ұрпақ үшін танымдық маңызы зор екенін айтып, кітапты жинақтап, маңдай терін шүмектеп төккен авторға алғысын білдірді. Артынша тарихи кітаптың авторы Беркін Әкебаев «Райымбек ауданының Құрметті азаматы» төсбелгісімен марапатталды. Аудан әкімі және бұрын осы ауданды басқарған Ызғарбек Бектұрсынов пен Босатқан Ұлдарбеков сияқты ел ағалары су жаңа кітаптың лентасын қиды. Кітаптың құндылығын тілге тиек етіп, тереңнен тартып сөз сөйледі.

         Жиын барысында алыстан ат терлетіп келген дуалы ауыз қаламгерлер Айтақын Әбдіқалов, Рысбек Сәрсенбаев, Жұматай Әміреев, Жәнібек Әлікенов және өнер саңлақтары Асқар Наймантаев, Гүлзия Байбосынова сөз алып, кітаптың маңызы мен мәнін сөз етті. Ескі мен жаңаны, дерек пен дәйекті екшеп, аудан жұртшылығы үшін маңызды кітапты жазу үшін көз майын тамызған автордың ізденімпаздығына жоғары баға берілді. Ұрпақ үшін таусылмас қазына, сарқылмас байлық болары аталып айтылды.

         Беркін ағамыздың ел аралап, жер шалып, тау асып, тас басып, күні- түні шаң басқан архивтерде ауданға қатысты әр дерекке май шаммен үңілген орасан еңбегі болашақ үшін аса маңызды. «Өткен күнде белгі бар» деген халық сөзінің іс жүзіндегі көрінісі осы болса керек. Кітапта – сонау алғаш жылқыға таңба басқан Үйсін дәуірінен бастап, біздің заманымызға дейінгі таулы аймақтың тарихы жазылған. Ел мен жер үшін алысқан ержүрек бабалардың аңызға айналған жортуыл-жорықтары; алмағайып замандарда ел үшін сақсыры қанға толған аталардың қайтпас қайсарлықтары; ақын бабалардың мұң мен зарға толған жырларының тарихи құндылығы; қиыннан сөз тапқан, қиырдан жол тапқан шешендеріміз бен көсемдеріміздің тұлғалық даралығы; жер атаулары, оған қатысты тарих не дейді; қай сайда кімнің басы қалды, қай белге кім қосын тікті, көне заманға қатысты осы тақілеттес деректер түгелдей қамтылған.

       Одан бері Нарынқол елді мекен болып құрылған кезеңнен бастап, ауданнан халықтың қамын жеген қандай атқамінерлер шықты, қандай таланттар мен дарындар алты Алаштың мерейін асырды, ақыны мен әкімі, ғалымы мен жазушысы, шебері мен шешені, данасы мен дарасы — бірі қалмай осы кітаптан табылады.

        Осындай тағылымға толы кітаптың шығуына демеушілік жасаған «Ұлағатты ұрпақ» қорының басшысы Жәнібек Әлікенге және «Бүркіт» отынэнергетикалық компаниясының басшысы Ләззат Ботабековаға аудан жұртшылығының алғысы шексіз. Ел мен жер үшін игі бастамалар, болашақ үшін ауқымды істер молынан болғай!

 Айбек Ережеп,

Нарынқол ауылы.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password