10.4 C
Нарынкол
Четверг, 25 апреля, 2024
No menu items!
Маңызды

ҰРПАҚ ТӘРБИЕСІ – ҰЛТ БОЛАШАҒЫ

      Қазіргі заманның ұрпақ тәрбиесіндегі өзекті мәселелерінің бірі- кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімдер арасындағы түрлі сипаттағы құқық бұзушылық пен ерте жүктілік мәселелері. Осы тұрғыда Текес ауылы Қазыбек Шорманов атындағы орта мектептің психолог маманы Мейірманова Гүлмира Айсақызымен сұхбат ұйымдастырылды.

   — Гүлмира Айсақызы психология саласындағы 15 жылдық тәжірибиеңізде жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылық мәселелерімен қаншалықты жиі ұшырастыңыз?

   —  Иә, психология саласында мектеп қабырғасында 15 жыл көлемінде екпінді еңбек етіп келе жатырмын. Бүгінгі сұхбатқа арқау болып отырған жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылық және ерте жүктілік мәселелері расымен де өте өзекті. Жұмыс тәжірибиемде жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылық жағдаяттары орын алған сәттер де жоқ емес. Сан түрлі психологиялық сипатқа ие балалар бар болғандықтан, түрліше мәселелер туындайды, алайда, құқық бұзушылық пен ерте жүктілікке жол бермеу мақсатында өз мамандығым аясында барынша нәтижелі жұмыстар атқаруға тырысамын.

    — Құқық бұзушылыққа жол беретін оқушыларға психологиялық тұрғыда қандай сипаттамалар тән?

    — Қазақта “Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің” деген сан мағынаны бір сөйлемге сыйғызған нақыл сөз бар емес пе?! Мұндағы маңызды рөл атқаратын тағы бір институт-отбасы институты. Отбасында зорлық-зомбылыққа куә болған бала, оны қалыпты жағдай ретінде қабылдап, түрлі құқық бұзушылықтарға жол беруі әбден мүмкін екені тәжірибеде дәлелденген. Бала отбасында махабатқа шомылып, жақсы атмосферада өсетін болса, жан адамға қиянат жасауды ойына да алмайды, қоғамға да қаупі жоқ. Сол себептен, ата-ана баланы дүниеге әкелген соң, оның жайлы атмосферада өмір сүруін де қамтамасыз етуі міндет.

   — Мектеп қабырғасында аталған мәселелердің алдын алу мақсатында қандай іс-шаралар жасалады? 

   — Бұл тұрғыда мектеп қабырғасындағы мамандардың өз жұмыстарына аса жауапкершілікпен қарағаны маңызды. Мәселен, біз, мектепте тәрбие ісі жөніндегі меңгерушімен, әлеуметтік педагогпен және психолог болып бірлесіп арнайы жасалған жүйелі жоспар негізінде жұмыс жасаймыз. Одан бөлек, әрқайсымызда жеке жоспар бар. Жоспардан тыс та түрліше сипатта жұмыстар атқарамыз. Адалдық, адамгершілік, тәртіп пен тәрбие тақырыптарында арнайы психологиялық тренингтер, дебаттар, семинарлар өткізіледі. Сонымен қатар, апта сайын, дүйсенбі күні сабақ арасындағы үзілістегі лездемеде жоғарыда аталған мамандар тәртіп пен тәрбиеге байланысты баяндамалар оқылып, түрлі шаралар өткізіледі. Тағы бір айта кететінім, мектепте сенім жәшігі мен адал ұрпақ сынды бұрыштар ұйымдастырылып, өз мақсатына жұмыс істейді. Құқық бұзушылыққа бейімділігі бар балаларға арналған мектептің өзіндік шаралары мен тіркеуі тағы бар.

    — Практикаға сүйене отырып, жасөспірімдерді түрлі сипаттағы құқық бұзушылықтар мен ерте жүктілік кеселіне жетелейтін факторларды атап өтсеңіз

    — Жоғарыда атап өткендей, отбасының оң тәрбие бермеуі, мектеп қабырғасындағы қадағалаудың жоқтығы, ата-ана мен бала арасындағы диалогтың орын алмауы, балалардың ортасының дұрыс болмауы, гаджеттерді шамадан тыс пайдаланып, агрессивті күйге енуі, әлеуметтік желілерден теріс ақпараттар алуы сынды негізгі факторларды атап өтуге болады.

     Сіздің ойыңызша,  Оқушылардың дұрыс тәртібі үшін жауапкершілік кімде басым болуы шарт? Ата-анада ма әлде ұстаздар мен психолог маманында ма?

    — Менің ойымша, бір тәулікте, 24 сағат болса, бала оның 5-6 сағатын ғана мектеп қабырғасында өткізеді. Қалған уақытты өз отбасында өткізеді. Демек, уақыттық көрсеткішпен де, пайызбен де есептейтін болсақ, ата-ананың жауапкершілігінің басымдығына көз жеткіземіз. Кейбіреулер, бала үшін ата-ана мен ұстаздар жауапкершілігі тең деген пікірді ұстанады. Дегенмен, мұның бұрыс пікір екендігін өмірдегі жағдаяттар-ақ сан мәрте дәлелдеп жүр. “Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер” деген сөз бар. Мақалдағы “көрген” сөзіне мән беру қажет, білген емес, естіген емес, көргенін істейтін балаларға ата-ананың көрсетері тек жақсы дүниелер болғаны абзал.

    — Балалардың мектептегі өмірі жайлы ата-аналардың қызығушылық танытуы көңіліңізден шыға ма? (Ата-аналар балалаларының мектептегі жағдайын қадағалауда ұстай ма?)

   — Жасыратыны жоқ, баланың мектептегі өміріне мүлде қызығушылық танытпайтын ата-аналар да бар. Баланың  қарапайым киім киісі мен жеке бас гигиенасын қадағаламайтын ата-аналарға наразымын. Осы тұрғыда биылғы жылы бір игі бастама қолға алынып, ата-ананы мектепке тарту және мектеп пен ата-ана арасындағы қарым-қатынасты нығайту мақсатында тәрбие мен тәртіп бағдарламасына сәйкес, мектептерде ата-аналарды педагогикалық  қолдау бұрыштары және арнайы кабинеттер өз жұмысын бастады. Мәселен, Қазыбек Шорманов атындағы орта мектепте ата-аналарды педагогикалық қолдау бұрышы ашылып, ондағы атмосфераны жайландыру мақсатында арнайы жабдықталды. Бұрыш мақсаты ата-аналарға да таныстырылды. Ендігі шаруа- ата-аналардың белсенділігі. Сонымен қатар, сынып жетекшілер ата-аналармен тығыз жұмыс жасап, ата-аналарды кезекшілікке қойып, сабақтастықты нығайту жұмыстары қолға алынуда.

   Сайып келгенде, әр ата-ана өзінің перзентінің саналы ұрпақ қатарынан болуын қаласа, ұлағатты ұстаз да алдындағы шәкіртінің шамшырағын жағатын тұлға болуын тілек етеді. Сондықтан, ата-ана мен ұстаздың илейтіні бір терінің  пұшпағы.

Сұхбаттасқан: Ақерке БИЖАН

Соңғы жаңалықтар

АССАМБЛЕЯ — ЕЛ БІРЛІГІ ҮШІН ТИІМДІ ҚҰРЫЛЫМ

    Астанада Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстан халқы Ассамблеясының “Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу” атты ХХХІІІ  сессиясы өтуде.     Биылғы сессияның...

Осыған ұқсас мақалалар