12.8 C
Нарынкол
Четверг, 28 марта, 2024
No menu items!
Маңызды

НАРЫНҚОЛДЫҢ КӨГІНДЕ КҮЙ ҚАЛЫҚТАДЫ

         Райымбек ауданында М. О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ұйымдастыруымен және Алматы облысы әкімдігінің қолдауымен күйші-композитор Қожеке Назарұлының 200 жылдығы республика көлемінде аталып өтілді. Көлемді шара «Қожеке шығармашылығынан дәріс-концерт», «Күйші-композитор Қожеке Назарұлы: тарих, дәстүр және сабақтастық» атты өмірі мен шығармашылығына арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция» және «Ұлттық ойындардан жарыс» атты үш бөлікпен өтті.

ҚОЖЕКЕ ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫНАН ДӘРІС-КОНЦЕРТ

Қожеке Назарұлы ХІХ ғасырда Тазабек, Саурықтармен бірге Патшалық Ресей отарлау саясатына, одан кейін Қытай империясының аз ұлттарға жасаған қысымына қарсы көтерілістердің басы-қасында жүріп батыр атанған. Сонымен бірге күйші-домбырашы ретінде даңқы шыққан, қазақ күй өнерінің өзіндік мектебін қалыптастырған тарихи тұлға. Кеңестік сыңаржақ саясаттың кесірінен ресми орындар тарапынан еленбей, ескерілмей келсе де, өнегелі ісімен ғасырлар бойы халық жадынан өшпеген Қожеке соңына жүзден астам күй қалдырған. Оның ғибратты ғұмыры туралы зерттеулер мен танымдық мақалалар ХХ ғасырдың 80-жылдарынан бері басылым, баспа беттерінен жарық көріп келеді.

Күллі Алашқа аты белгілі күйші-композитор Қожеке Назарұлына арналған бұл жиын биылғы жыл бойынша 11-реткі бас қосу. Шараның басы Райымбек аудандық Баққожа Мұқай атындағы мәдениет үйінде белгілі ғалым, өнертанушы Сағатбек Медеубекұлының Қожеке шығармашылығынан дәріс-концертімен бастау алды. С. Медеубекұлы Қожекенің қиындыққа толы тағдыры мен күйшілік өнері туралы құнды ақпараттарымен бөлісті. Концерттік бағдарламаның басын бұрыңғы «Қожеке Назарұлы» атындағы қазіргі Текес балалар өнер мектебі ұжымының алғашқы басшысы Бексейіт Нүсіпбековтың жетекшілігімен құрылған «Ақтолқын» фольклорлық халық ансамблі бастады. Бұл ансамбльдің аты «Ақтолқын» деп Қожекенің күйімен аталған. С. Медеубекұлының мәнді әңгімесінің арасында Қожекенің ұрпақтары атасының осы күнге дейін жеткен күйлерін кезек-кезек тартып көрерменнің қошеметіне бөленді.

КҮЙШІ-КОМПОЗИТОР ҚОЖЕКЕ НАЗАРҰЛЫ: ТАРИХ, ДӘСТҮР ЖӘНЕ САБАҚТАСТЫҚ» АТТЫ ӨМІРІ МЕН ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫНА АРНАЛҒАН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ-ТӘЖІРИБЕЛІК КОНФЕРЕНЦИЯ

         Ғылыми-тәжірибелік конференция онлайн және офлайн түрде өтті. Конференцияға мемлекет және қоғам қайраткерлері, музыкатанушылар және әдебиеттанушылар, тарихшылар мен ғалымдар, ақындар мен жазушылар және БАҚ өкілдері қатысты.

Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияны ұйымдастыруға филология ғылымдарының докторы, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, М. О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Бас директоры Кенжехан Матыжанов,Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Ерғалиұлы, филология ғылымдарының кандидаты М. О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Бас директорының бірінші орынбасары Қалиева Альмира, филология ғылымдарының кандидаты М. О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Бас директорының орынбасары Қыдыр Төрәлі, филология ғылымдарының докторы М. О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Бас ғылыми қызметкері Нұрдәулет Ақыш, филология ғылымдарының кандидаты М. О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Жетекші ғылыми қызметкері Сағатбек Медеубекұлы, ө.ғ.к., қауымдастырылған профессор, М. О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының «Музыкатану» бөлімінің меңгерушісі Айнұр Қазтуғанова, филология ғылымдарының кандидаты М. О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Жетекші ғылыми қызметкері Жұмашай Рақыш, М. О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғылыми қызметкері Нұржұма Елесбайлар атсалысты.

Ғылыми-тәжірибелік конференцияның басты мақсаттары Қожеке Назарұлы туып-өскен және өмір сүрген қос империя арасында қыспаққа түскен қазақтар тағдырына ғылыми негізде баға беру. Қожеке Назарұлының күйлерінің Алтай-Тарбағатай күйлерімен байланысын бағамдау, Батыс Қазақстан аймағы күйлерімен үндестігін зерделеу, Орталық Қазақстан күйлерімен тамырластығын айқындау, мәдени-тарихи тұғыры және аймақтық айырмашылықтарға ғылыми сараптама жасау. Қожеке Назарұлының Қытай жеріндегі тағдырын және тарихи шындықты бүгінгі ғылыми көзқарас тұрғысынан бағалау. Қожекенің күйлерін нотаға түсіру және оқыту мәселелерін тиісті орындардың  назарына салу. Қ. Назарұлының мұраларының жиналуы, жариялануы, зерттелуіне заманауи талғам мен таным тұрғысынан мән беру. Қожекенің өміріне қатысты жаңа табылған архив деректерін ғылыми айналымға қосу. Күй мұрасын авторлық қолтаңбалар мен орындаушылық мәнерлерге ғылыми негізде сараптама жасау. Күйлерінің өзіне ғана тән ерекшеліктерін анықтау. Шығармашылығын зерттеген ғалымдардың еңбектеріне назар аудару. Қожекеге қатысты қолжазба орталықтарындағы мұраларды ғылыми айналымға ұсыну болып табылады.

Конференцияны ғалым, қоғам қайраткері, М. О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының басшысы Кенжехан Матыжан жүргізді. Басқосудың басы Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ресми құттықтауымен ашылды. Президенттің кеңесшісі, жазушы Мәлік Нұржанұлы Отарбаев Қ. Тоқаевтың ыстық ықыласын ел алдынды оқып берді. Президенттің арнайы құттықтау хатын Қожеке күйшінің шөбересі Зияхан апамызға тапсырып, комзол кигізіп, иығына ақ орамал жапты. ҚР Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Карин, ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Жанболат Жөргенбаев, ҚР мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов, ҚР ҰҒА академигі, Қазақстан Тарихшылар қауымдастығының төрағасы Мәмбет Қойгелдиев, Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, т.ғ.д., профессор, ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі Зиябек Қабылдиновтар құттықтау хаттарын арнайы жіберді.

Сонымен қатар, ғылыми-конференцияға арнайы келген құрметті қонақтар Алматы облысы әкімінің орынбасары Алмас Сұлтанұлы, Мемлекет және қоғам Қайраткері Нұрлан Оразалин, ҚЖО-ның төрағасы Мереке Құлкеновтың орынбасары Бейбіт Сарыбай, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Жанарбек Әшімжан, күйші, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері  Біләл Ысқақ, композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ермұрат Үсенов тағы басқа көптеген ғалымдар мен зерттеушілер Қожеке туралы ойларын ортаға салып жан-жақты пікірлерін айтты.

         1981 жылы Тауфиқ Жексенбиевтың «Достың дауысы» аталатын жыр жинағына «Қожеке» деген поэмасы енген. 1984 жылы Қытайдағы қандастар алғаш рет Қожеке күйлерін нотаға түсіріп, «Күй толқыны» атты жинақты «Шыңжаң жастар баспанасынан» шығарды. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары музыкатанушы ғалым Базаралы Мүптекеев Қожеке туралы алғаш ғылыми еңбек жазды. Дипломдық жұмысының тақырыбын Қожекеге арнады. Кандидаттық диссертациясының бір тарауы Қожеке туралы болды. Журналист-ғалым Сағатбек Медеубекұлы Базаралы Мүптекеевпен бірлесіп, 1998 жылы «Өнер» баспасынан шығарған «Жетісудың күйлері» деген музыкалық-этнографиялық жинағына Қожеке күйлеріне сипаттамалар мен түсініктемелерді және күй аңыздарын жазып енгізді. Көрнекті ғалым Ақселеу Сейдімбек өзінің «Қазақтың күй өнері» деген монографиясында Қожеке шығармашылығына арнайы тоқталды. Осындай үздіксіз іздестірудің, зерттеудің, жариялаудың нәтижесінде Қожеке күйлері ғылыми айналымға қосылды және оқу бағдарламаларына енген болатын. Жиын барысында Осындай жарияланымдардан құрастырылған «Тағдыры күйге айналған Қожеке» және Қожекенің бізге жеткен күйлерінің жүзге жуығы нотаға түсіріліп жеке жинақ болып жарық көрген қос кітаптың тұсауы кесілді. «Тағдыры күйге айналған Қожеке» кітабының бас редакторы, жоба авторы Сағатбек Медеубек, зерттеуші, құрастырушылар Нұрлан Сәрсембаев және Ертай Жомарт. Конференцияға алыс жақын шетелдерден де ғалымдар, өнертанушылар үн қосты.

         Күйші-композитор Қожеке Назарұлының өмірі мен шығармашылығына қатысты айтылған пікірлерді сараптай келе Қожеке Назарұлының өмірі мен шығармашылығына арналған «Күйші-композитор Қожеке Назарұлы: тарих, дәстүр, сабақтастық» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция төмендегідей қарар қабылдады.

  1. Алдағы уақытта: «Қожеке Назарұлы 1823 жылы Алматы облысы Кеген ауданы Қарқара жайлауында туған және 1885 жылы Қытайдығы Сүйдіңкүре деген жердегі Жамбұлақ бейітіне жерленген» деген мәлімет ресми тұрақталсын;
  2. Ұлт азаттығы мен әлеуметтік әділеттілік жолында өмірінің соңына дейін күресіп өткен халық батыры, артына аманат еткен 100-ден астам күйлері ұрпақтан ұрпаққа ұласып келе жатқан, қазақтың мәнері бөлек, мазмұны бай күйшілік-домбырашылық мектебін қалыптастырған күйші-компазитор Қожеке Назарұлының мерейтойларын алдағы жылдары да атап өту үшін оның есімін мемлекеттік «Тарихи тұлға» бағдарламсына енгізу құзырлы орындардан сұралсын;
  3. Қожеке Назарұлының өмірі шығармашылығын арнайы зерттеу мақсатында студенттік диплом жұмысына, магистрлік және докторлық диссертацияларға тақырып етіп бекіту, қорғату ғылыми институттардан және жоғары білім ошақтарынан сұралсын;
  4. Қожеке Назарұылының жаңа табылған таңдаулы күйлерін мазмұндық-пішіндік ерекшелігіне қарай музыкалық арнаулы мектептердің, колледждердің, жоғары оқу орындарының білім беру бағдарламаларына енгізу туралы ұсынысты ҚР Оқу-ағарту министрлігіне жіберу облыстық білім басқармасына тапсырылсын;
  5. Қожеке Назарұлы күйлерінің жеке орындаушылардан бастап, этно-фольклорлық ансамбльдер мен академиялық ұлт-аспаптар оркестрлері репертуарларынан тұрақты орын алуы және республикалық күйшілік-домбырашылық өнер байқаулары мен конкурстарының шарттарына Қожеке күйлерін тарту-міндетті талап ретінде енгізілуі ҚР Мәдениет және спорт министрлігі тарапына сұралсын;
  6. Қожеке Назарұлы өмірінің жартысы Қытай жерінде өткендіктен, сол жақтағы деректерді жинау үшін арнайы халықаралық ғылыми экспидиция ұйымдастыру туралы Сыртқы істер министрлігіне, Ғылым және жоғары білім министрлігіне ғылыми зерттеу институттары тарапынан ұсыныс айтылсын;
  7. Қожеке Назарұлы есімін ұрпақ жадында мәңгі қалдыру мақсатында ол туған, өмір сүрген өлкедегі елдімекендерге көшелерге және өнер ошақтарына есімін беру туралы ұсыныс жасау жергілікті атқарушы органдардан сұралсын;
  8. Қожеке Назарұылының өмірі мен шығармашылығына ғылыми негізде жан-жақты зерттеу арқылы оның тарихтағы күрескерлік-қайраткерлік орнын және күйшілік-домбырашылық айналасын айқындау, сондай-ақ, әлі де мұраларын іздеп, жинап, жариялап, ғылыми айналымға қосу ҚР Ұлттық ғылым Академиясына, ғылыми-зерттеу институтына жолдансын;
  9. Қожеке Назарұлының өмірдегі және өнердегі өнегесін ұрпақ санасына сіңіру мақсатында жан-жақты әрі тұрақты насихаттау ісі ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен бірлесе жүзеге асырылсын.

ҰЛТТЫҚ ОЙЫНДАР

Қожеке бабамыздың 200 жылдығына келген құрметті қонақтарға арнап тігілген қазақ үйлерден бабамыздың әруағына арналып құран бағышталып, ас берілді. Ұлттық ойындардан жарыс болып жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен марапатталды. Жиналған көпшілікке Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филормониясының Қожеке шығармашылығына арналған концерттік бағдарламасын ұсынды. Осы тұста Қожеке бабамыздың ұрпақтары ғалым, өнертанушы Сағатбек Медеубекұлына ат мінгізіп, құрмет көрсетті.

Жетісу күй өнерінде өзіндік ойып алар орны бар Қожеке Назарұлының 200 жылдығы осындай жоғары дәрежеде аталып өтілді. Нарынқолдың көгінде күй  қалықтап, аспантаудың төрінде ұлттық рух шарықтады.

Дастан ҚАСЕНҰЛЫ

Соңғы жаңалықтар

Ағымдағы жылдың 19-шы Наурыз күні аудандық мәслихаттағы «AMANAT» партиясы депутаттық фракциясы отырысы өтті

Күн тәртібінде 3 мәселе қаралады:1. «AMANAT» партиясы 2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге» Алматы облысы бойынша Сайлауалды бағдарламасын іске асыру...

Осыған ұқсас мақалалар