12.5 C
Нарынкол
Четверг, 25 апреля, 2024
No menu items!
Маңызды

БАЛАБАҚШАНЫҢ БАЛАҒА БЕРЕРІ КӨП

  Балабақша — бала тәрбиесінде отбасыдан кейінгі маңызды рөл атқаратын маңызды мекеме. Баланың ортаға бейімделуін, жан-жақты дамуын, тәртіпке үйренуін қамтамасыз ететін де – балабақша. Өз міндетін қалтқысыз орындаса, балабақшаның бала өмірінде атқарар рөлі зор. Балабақша талаптарына сәйкес, бала 2 жасқа келгенде, балабақшаға аяқ басады. Баланы балабақшаға үйретуде ата-ана мен қабылдап алушы тәрбиешінің атқарар рөлі маңызды. Бала күйзеліске түспеу үшін қабылдап алушы тарап баланың жүрегінен орын таба білуі, ал ата-ана арнайы маманға сенім артуы тиіс.

     Сонымен қатар, ата-ана баланы балабақшаға арнайы дайындауы маңызды, яғни, оның жас ерекшелігімен қатар, жеке қабілеттерін, мінез-құлқын ескергені абзал. Осылайша, өзіндік тұжырым жасап, баланы жаңа ортаға бейімдеу қажет. Балабақшаға үйрену әр балада әр түрлі жүзеге асады. Жаңа ортаға және ұзақ уақытқа қалуға бейімделу, баланың психологиясымен қатар, денсаулығына да әсер етеді. Жаңа тамақ режиміне, жаңа атмосфераға үйрену барысында бөбектер сырқаттанып қалуы әбден мүмкін. Мұның балабақшаға үйренгенше болатын заңды әрі уақытша құбылыс екенін түсінбеген ата-аналар балабақшадан қашуды әдетке айналдырған. Сол себептен, бұл мәселеде ата-ананың сабырлы әрі мұқият болуы үлкен қажеттілік.

    Аталған мәселе бойынша, психологтар баланы мінез-құлық ерекшеліктеріне орай, 3 типке жіктеген.

     1 топ балалары өз эмоцияларын агрессиялы түрде көрсетеді: қатты жылайды, жерге жата қалады, ойыншықтарды лақтырады, тістейді,  тырнайды. Егер балаңыз осындай мінез көрсетіп жатса, шошымаңыз. Балалар үшін бұл қалыпты жағдай, яғни бала сізге ренішін көрсетіп жатыр. Әдетте, мұндай балалар 20-30 күн ішінде балабақшаға үйреніп кетеді.

    2 топ балалары балабақшада қалған кезде жасқаншақ, тұйық мінез танытады. Олар тәрбиешімен де, басқа балалармен де қатынаспай, ешқандай белсенділік көрсетпейді. Алайда кешке келген анасына қатты жылап, еркелеп, қыңырлық көрсетеді. Мұндай балалардың жаңа ортаға бейімделу кезеңі өте ауыр, 2-3 айға дейін созылуы мүмкін.

   3 топ — тез тіл табысқыш, ашық, жайдары балалар алғашқы күннен-ақ өздерін еркін сезініп, қоршаған адамдармен тез араласып, ойнап кетеді. Алайда, олар 2-3 күннен кейін күрт өзгереді. Жоғарыда аталған 1 топ балаларындай мінез-құлық танытады. Бұл топта бейімделу кезеңі баланың жеке ерекшеліктеріне байланысты тез немесе баяу болмақ.

    Балабақшаға баратын баланың жан-жақты қырлары көрініс беріп, жаңа ортамен араласу белсенділігі артып, гаджетке телмірмей, жанды қарым-қатынас құрып, уақытты тиімді өткізеді. Ата-ана сенім артқан тәрбиешілер қауымының өз жұмыстарын махабатпен атқаруы маңызды. Себебі, балалармен жұмыс жасау, мүлде ерекше жұмыс. Ата-ана балаларына тәрбиешілерге құрмет көрсетіп, оларды тыңдауға тәрбиелеуі тиіс. Өкініштісі, көп жағдайда, баланың балабақшаны қаламауының себебі, ата-аналардың өздері болып қалып жатады. Сондықтан, ата-ана баласы баратын мекемеге құрметпен қарап, сенім білдіргені абзал.

Ақерке НҰРӘЛІМҚЫЗЫ

Соңғы жаңалықтар

НЕДЕЛЬНЫЙ МАРШ ЧИСТОТЫ

Свыше 75 тысяч жителей Алматинской области приняли участие в марше чистоты «Киелі мекен», проходившем в рамках республиканской экологической акции...

Осыған ұқсас мақалалар