БАҒДАРЛАМА  БЕКІТІЛІП, ЖОБА  МАҚҰЛДАНДЫ «Nur Otan» партиясы аудандық филиалының кезектен  тыс  ХХVII  конференциясынан

           Осыдан бір жарым ай шамасы бұрын «Nur Otan» партиясының аудандық филиалы алдағы жылы өтетін үлкен сайлауға дайындықты бастап жіберген болатын. Партияішілік іріктеу науқанын қызу қолға алып, айтулы додаға түсетін кандидаттарды сайлаушылардың сарап-тауынан өткізгенді. Үміткерлер өз бағдарламаларын аудан жұртшылығына ұсынып, бақта-ры мен баптарын сынатып алған болатын. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт  Тоқаевтың  Парламент  Мәжілісі  мен  мәслихат  депутаттарының  сайлауын  өткізу туралы  Жарлығы  жарияланысымен  аудандағы  жетекші  партияның  саяси  науқанға  дайын-дығы бұрынғыдан да қарқын ала түскені анық.

        Ағымдағы аптаның сәрсенбісі күні Б. Мұқай атындағы аудандық Мәдениет үйінде «Nur Otan» партиясының кезектен тыс ХХVII конференциясы өткізілді. Маңызы зор салтанат Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимніне құрмет көрсетумен басталды. Конференцияға арнайы шақырумен келген партия өкілдері аталмыш шараның күн тәртібіне қойылған мәселелерге назар аударып, өз тараптарынан қолдау көрсетті.

        «Nur Otan» партиясы аудандық филиалының төрағасы, аудан әкімі Нұржан Құдайбергеновтың қатысуымен өткен конференцияны партия төрағасының бірінші орынбасары Гүлнара Әріпова ашып, жүргізіп отырды.

        Партия конференциясының күн тәртібінде маңызды деп табылған бес мәселе қойылып, шақырумен келген 32 делегаттың талдап, талқылауына ұсынылды.

        Күн тәртібіндегі «Nur Otan» партиясы аудандық  филиалының сайлауалды бағдарламасын бекіту туралы» бірінші мәселе бойынша партия филиалының төрағасы, аудан әкімі Нұржан Құдайбергенов баяндама жасады:

        Құрметті делегаттар! Райымбек аудандық «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасының жобасы жасалынып, онда ауданды дамытудың 7 басым бағыты айқындалды. Олар: бірінші – Экономикалық тұрақты аудан. Бұл бағытта партияның бағдары тұрақты экономикалық даму және халықтың өмір сүру сапасын көтеру болып табылады. Ол үшін біз ауданның инвестициялық қолайлылығын халықтың өмір сүру сапасы мен агроөнеркәсіп кешендерін дамытуға, ауылшаруашылық өнімдерінің көлемін көбейтуге, туризм мен өнеркәсіп саласын дамытуға бағдарлап, жалақысы жақсы жаңа жұмыс орындарын құрамыз. Өңірде мал шаруашылығында, өсімдік шаруашылығында және өнімді қайта өңдеуде жаңа прогрессивті технологияларды енгізу есебінен жоғары технологиялық агроөнеркәсіп кешенін құру жөніндегі жұмыс жақсартылады. Соның нәтижесінде ауыл тұрғындарының табысын арттырып, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етеміз.

        Екінші-Қолайлы аудан. Бұл бағытта партия елдімекендерді әлеуметтік игіліктермен қамтамасыз етуге, жол және көлік инфрақұрылымын, тұрғын үй-коммуналдық саланы жаңғыртуға, сондай-ақ, өңірдегі қолайлы экологиялық жағдайды сақтауға бағытталған «Құтты мекен», «Ауыл – ел бесігі» жобаларын іске асырды. Ол үшін барлық елдімекендерді таза ауыз сумен қамтып, өңір тіршілігінің негізгі күре тамыры болып табылатын республикалық, облыстық, ауданаралық және ауыл ішіндегі жолдарды жөндеуден өткізіп, сапасын жақсартамыз.  Азаматтардың тұрғын үй алуына жол ашып, отбасы институтын нығайтамыз.

        Үшінші – Әлеуметтік-бағдарланған аудан. Білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік саладағы сапалы қызметтерге қол жеткізу арқылы аудан тұрғындарының өмір сүру жағдайларын арттыруға күш саламыз. «Бақытты отбасы», «Ардагерлерді ардақтайық» жобалары аясында көп балалы, аз қамтылған отбасыларды қолдау, олардың позициясынв арттыруға бағдар жасалады. Алдағы бес жылда Партия өз жұмысында ұлт денсаулығын нығайтуға, халықты спортпен жаппай айналысуға тартуға баса назар аударатын болады.

        Төртінші – Жастарға арналған аудан. Жастар – ел болашағы. Жаңа ұрпақ мемлекетіміздің стратегиялық бағытының қозғаушы күші болуы тиіс. Ол үшін жастардың патриоттық тәрбиесіне, бос уақытын ұйымдастыруға, рухани-адамгершілік, азаматтық-құқықтық және дене шынықтыру деңгейін арттыруға, әлеуметтік лифтілер құруға, «7-20-25» бағдарламасы бойынша жас отбасылар үшін тұрғын үй мәселесін шешуге, жұмысқа орналастыруға, білім беруге баса назар аударылатын болады.

        Бесінші – Тарихы, мәдениеті бай өңір. Халықтың бірлігі мен қоғамдық келісім – Қазақстанның табысты дамуының сенімді іргетасы. Бүгінде ауданымызда 5 ұлттың өкілдері тұрады. Жетекші партия біздің ауданның ерекшелігін айқындайтын мәдени және рухани құндылықтарды сақтау мен көбейтуді өзінің басым бағыты деп есептейді және Елбасының «Рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалаларын іске асыру жұмыстарын жалғастырады. Ауданымыздың біртуар азаматтарының мұрасын насихаттауды жүзеге асырады.

        Алтыншы – Ашық және есеп беретін жергілікті органдар. Бізге жергілікті атқарушы органдар мен қоғамның өзара қарым-қатынасының мүлдем жаңа сипатын қалыптастыру қажет. Ынтымақтастықтың басты қағидаттары ашықтық, есептілік және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл болуы тиіс.

        Жетінші – Қауіпсіз аудан. «Nur Otan» партиясы құқық қорғау мен органдардың қылмысқа қарсы күрес жөніндегі қызметінің тиімділігін арттыруға, төтенше жағдайларға қарсы іс-қимыл инфрақұрылымын қамтамасыз ету деңгейін арттыруға жәрдемдесетін болады.

        Осы 7 бағыттағы көрсетілген негізгі басымдықтардың мақсаты – халықтың өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын үнемі жақсарту үшін жағдай жасау екендігін айтқан баяндамашы, сайлауалды бағдарламаны кезең- кезеңімен жүзеге асыруда бір жеңнен — қол, бір жағадан-бас шығара отырып еңбек ету мақсатқа жеткізетініне тоқталды. Сөзін түйіндей келе, елімізді дүрліктірген індеттен аман шығып, бірлігіміз жараса, экономикасы мен рухы көтерілген ауданды көркейтіп, қуанышты күндерді бастан өткізейік деген ақжарма тілегін білдірді.

        Делегеттар баяндама бойынша қабылданған Қаулының Жобасы негізге алынсын деген ортақ байлам жасады. Сөйтіп, «Nur Otan» партиясы Райымбек аудандық филиалының сайлауалды бағдарламасы көпшілік дауыспен бірауыздан бекітілді.

         Конференцияның күн тәртібіндегі «Алматы облыстық мәслихатына дебат қорытындысы бойынша кандидаттарға дауыс беру туралы» екінші мәселе бойынша «Nur Otan» партиясы Райымбек аудандық филиалы Саяси кеңесінің Бюросы бекіткен тізімге сәйкес Алматы облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдарының бастығы Жасыбаев Ержан Бәкірбайұлы мен «Нарынқол орман шаруашылығы» мемлекеттік мекемесінің директоры Әлиев Нұрбол Мәжитұлының қатысуымен жария пікірсайыс ұйымдастырылды. Пікірсайысқа қатысқан екі тараптың да негізгі бағдары да, айтар ойы мен тиянақты пікірі де ауданның әл-ауқаты мен экономикасы, автожолдардың қазіргі жай-күйі мен болашағы, экология мәселесі, туризмді дамыту, ауылдың жағдайын жақсартып, мәдениетін көтеру, заман талабына сай әлеуметтік желіні пайдалана алуларына кеңінен жол ашу төңірегінде өрбіді. Елжан Кәдірахманов, Қуанышбек Бошуғұлов, Бекболат Бірбаев сияқты делегаттар қойған ауданда туризмді дамытудың жолдары, экономиканы көтеретін 5 сала, таулы аймақтарға сырттан саяхаттап келушілер тарапынан қарастырылатын түсімдер, күре жолдар мен автожолдардың сапасы жайлы сұрақтарға екі кандидат та қанағаттанарлық жауаптар берді. Депутат болып сайланған жағдайда аудан үшін,оның ақ пейілді ел-жұрты үшін аянбай еңбек етіп, аманаттарын мүлтіксіз орындауға күш салатындарын өз бағдарламалары арқылы түйіндеп берді.

         Пікірсайыс аяқталғаннан кейін делегаттар ұсынылып отырған екі кандидатқа таңдауларын жасап, праймериз ақпараттық жүйесінде дауыс берді. Пікірсайыстың қорытындысы бойынша ең көп дауыс жинаған Жасыбаев Ержан Бәкірбайұлының кандидатурасы Мәжілістің партиялық тізіміне пікірсайысқа қатысушы ретінде, Алиев Нұрбол Мәжитұлының кандидатурасы облыстық конференцияға ұсынылды. Делегаттар екі кандидатты жетістіктерімен құттықтап, алдағы болатын айтулы саяси додада сәттілік тіледі.

         Күн тәртібіндегі «Nur Otan» партиясынан Райымбек аудандық мәслихатының депутаттарын сайлау бойынша партиялық тізімді бекіту туралы» үшінші мәселе бойынша партия филиалының төрағасы Н. Құдайбергенов 30 пайыздық партиялық квотаны ұсыну жөнінде айтып, мәні мен маңызы жайлы қысқаша түсінік берді. Аудандық мәслихаттағы 12 мандаттық орынның 30 пайызын немесе 3 орынды партиялық квота арқылы ауданның қоғамдық-саяси жұмыстарына белсене араласатын, әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып жүрген аудандық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Арипова Гүлнара Рауанқызын, «А.А. Барманбекұлы атындағы мектеп, мектепке дейінгі шағын орталығымен» коммуналдық мемлекеттік мекемесі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Шағанбаев Ринат Кемелбекұлын, «Өркен» шаруа қожалығының жетекшісі Қошмұратова Күміскүлді ұсынатынын хабарлады. Ұсыныс бірауыздан қабылданды.

          Күн тәртібіндегі төртінші мәселе бойынша Райымбек аудандық филиалынан Алматы облыстық партия филиалының 2020 жылы 16 қараша күні өтетін кезектен тыс ХХVII конференциясына қатысатын делегаттар тізімі ұсынылды.Ұсыныс толығымен қабылданып, аудан әкімі, аудандық партия филиалының төрағасы Құдайбергенов Нұржан Кеңесұлы, Қақпақ БПҰ төрағасы Әлімғожаев Жұмаш Жаппарұлы, Нарынқол БПҰ төрағасы Шенебеков Амангелді Сымайылұлы, Тегістік БПҰ төрағасы Себдайров Бауыржан Маратұлы, Сүмбе БПҰ төрағасы Бестібаев Елжан Кадрахманұлы , Шалкөде БПҰ төрағасы Қуанышұлы Құман облыстық конференцияға делегат болып сайланды.

         Конференцияның күн тәртібіндегі бесінші мәселе бойынша Райымбек аудандық сайлауалды штабын қалыптастырудың жоба-жоспарлары белгіленді.

         Осымен «Nur Otan» партиясы Райымбек аудандық филиалының кезектен тыс ХХVII конференциясы өз жұмысын аяқтады.

                                                                        Жұмабек  ТӘЛІПҰЛЫ,

                                                                         Дастан ҚАСЕНҰЛЫ (суреттер),

                                                                              «Хантәңірі». 

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password