Таулы өңірдің дархан дақылы әр гектардан 215 центнерден өнім беруде

       Таулы өлке тұрғындарының ырысы мен берекесін кіргізіп келе жатқан дақылдың бірі картоп. Ежелден «Екінші нан» саналатын дархан дақылдан жасалатын ас та, салат та, тағам да жетіп артылады.

        Аудан бойынша биыл 6044 гектар жерге картоп отырғызылған болатын. Соңғы апталарға дейін 3982 гектар алқаптың картобы қазылып алынды. Ең қуаныштысы, әр гектардан 215 центнерден өнім жиналып, диқан қауымның еткен еңбек, маңдай терлері ақталуда.

       Мұндай игілік Сарыжаз кәсіптік-техникалық колледжінің қосалқы шаруашылығына да тән. Жап-жақсы оқырманымыз еңбек ететін колледждің картоп алқабындағы жиын-терін науқанын көзімізбен көріп қайттық. Аудандық мәслихаттың депутаты Самат Мүсірбаев басшылық жасайтын колледждің жанындағы қосалқы шаруашылықта 30 гектар арпа болса, толықтай орылып алынды. Әр гектардан 18 центнерден дән жиналды. Оның сыртында дәл осы күзгі маусымда 10 гектар жерге күздік бидай себілді. Колледждің 60 гектар көп жылдық шөбі де бар. Білім мен еңбекті, дала жұмыстарын қатар ұштастырып отырған колледждің астық оратын 1 комбайыны, картоп жинайтын 1 комбайны бар. «К-700» маркалы 2 тракторлары, «МТЗ80,1» маркалы 2 тракторлары, «МТЗ-12,20» маркалы 1 тракторлары бар. Бәрі жаңа, қуатында. Мұның бәрі ауылшаруашылығына аса қажетті мамандарды дайындайтын колледж студенттерінің алған білімдерін көзбен көріп, қолмен ұстап, практикалық тұрғыда да білімдерін жетілдіруіне көп үлесін қосып келеді.

        Қосалқы шаруашылықтың 6 гектар картоп алқабында еңбек көрігі қыза түскен. Қолмен атқарылып жатқан шаруа жоқ. Картоп қазуды бір ғана комбайн атқаруда. Комбайн жүргізушісі, механизатор Қайрат Ильятов шын мәнінде өз ісінің шебері екен. Колледж директоры Самат Мүсірбаев бастаған бірсыпыра азаматтар да осында жүр. Картоп алқабының 4 гектары қазылып алыныпты. Берері көп «Санте», «Агрия» картоп тұқымы отырғызылған алқаптың әр гектарынан 200 центнерден өнім алынуда. Бұл жаман көрсеткіш емес.

       -Құрылғанына биыл 61 жыл болған кәсіптік-техникалық білім ордасында дәл қазіргі уақытта сақтық шараларымен 150 студент дәріс алуда. Оқу шеберлерін қосқанда 32 мұғалім еңбек етуде. Біздің ұжым ауылшаруашылығына қажетті фермерлерді, көлік жөндеушілерді, газ және электрмен дәнекерлеушілерді, ЭВМ операторларын, электромонтерларды дайындап келеді. Қосалқы шаруашылығымыз бойынша алдағы жылдары картоптың көлемін 10 гектарға, дәнді-дақылдың көлемін 100 гектарға жеткізуді жоспарлап отырмыз,-дейді Сарыжаз кәсіптік-техникалық колледжінің директоры Самат Мүсірбаев.

       Шын мәнінде, колледж студенттері трактор, техникаларды жүргізіп, дала жұмыстарын да көздерімен көріп жақсы білім алуда.

Қанат Біржансал,

Сарыжаз ауылдық округі.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password