БҰЛ БАСҚОСУ БҰРЫНҒЫДАН ӨЗГЕРЕК

          Аудандық Мәдениет үйінде праймериз үміткерлерінің пікірсайысы өтт 

       Шынында да аты айтып тұрғандай ағымдағы аптаның сейсенбісінде аудандық Мәдениет үйінде өткен көпшілік бас қосқан жиын бұрынғыдан өзгерек болғаны рас. Бұл жолы мінберден орын алғандар әдеттегі өтіп жүрген жиындардағыдай жиынның қас-қабағына, жоба-жоспарына қарап, алдын ала дайындап келген сөздерін бірсыдырғы мақаммен сыдыртып оқып шыққан жоқ. Мақсатты мәселеге тас түйін дайындықпен келгендерін алдағы уақытта болатын сайлауға қатысты бағдарламаларын нақты іс жүзіне асырудың жолдарын әріптестерімен сөз сайысына түсу арқылы көрсетуге тырысты.

       Өткен 2019 жылдың 29 тамызында ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы, «Nur Otan» партиясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен өткен «Nur Otan» партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам – «Nur Otan» партиясының 7 серпіні» атты партия жұмысын жүйелі жаңғырту бағдарламасы ұсынылғаны белгілі.

        Бағдарламаның негізгі бағыттарының бірі ретінде партияның ядролық электоратын яғни, партияға шынайы берілген, партияны қолдайтын, қоғамдық мәселелерді ұдайы көтеріп жүрген, оны шешудің жолдарын ұсына білетін, өз сөзін дәлелдей алатын, алдына нақты мақсаттар қойып, оған қол жеткізетін белсенді мүшелерін топтастыру міндеті қойылғанды. Айтулы шара барысында алға қойған міндетті оңтайлы шешудің негізгі жолы ретінде «Nur Otan» партиясының кадрлық резервін қалыптастыру үшін партияішілік праймериз өткізу ұсынылғаны да мәлім. Міне енді, сол ұсынысты басшылыққа ала отырып, ағымдағы жылдың 17 тамызынан «Nur Otan» партиясының тарихында алғаш рет ірі саяси оқиға – партияішілік сайлау – «Праймериз» өткізу қолға алынып отырған жайы бар.

       Праймериз ережесіне сәйкес «Nur Otan» партиясы Райымбек аудандық партия филиалының партияішілік сайлауына 42 үміткер тіркеліп, 7-қыркүйектен үгіт-насихат жұмыстарын бастап кеткен болатын. Сол үміткерлердің бір тобы праймериз барысында міндетті болып табылатын жария пікірсайысқа қатысу үшін аудандық «Nur Otan» партиясы ұйымдастырған саяси дода алаңына шығып, көпшілікті өздерінің бағдарламаларымен, алға қойған мақсат-міндеттерімен таныстырды. Ой, пікір, ұсынысын әріптестерімен жарыстырды. Саяси доданы тамашалауға көпшілікпен бірге аудан әкімі, «Nur Otan» партиясы аудандық филиалының төрағасы Нұржан Құдайбергенов пен ел ағасы Ызғарбек Бектұрсынов қатысты.

        Ашық пікірсайысқа қатысуға ниет білдірген Әлиев Нұрбол Мәжитұлы, Әуелхан Ернат Бектұрсынұлы, Жасыбаев Ержан Бәкірбайұлы, Құдабаев Ерлан Әкімбайұлы, Себдайыр Марат Манапұлы, Раева Бахыткүл Әбдіқадырқызы сахна төріндегі мінберлерден орын алды. Өмірбаяндары таныстырылды. Пікірсайыс барысына белгіленген үш кезеңнің алғашқысында үміткерлер өздерінің бағдарламаларын тілге тиек жасап, ондағы өзекті мәселелерді шешудің жолдарын көпшілікке ұсынды. Бағдарламаларға айрықша мән берген көпшілік қолдайтындықтарын білдірді.

        Пікірсайыстың екінші кезеңінде үміткерлер бір-біріне сұрақ қою арқылы осынау маңызы қою мәселенің ерекшелігіне айрықша мән берді. Алынған жауаптар үміткерлердің де, былайғы көпшіліктің де қанағат сезімін тудырды. Үшінші кезең көрермендер мен әлеуметтік желілерден келген сұрақтар төңірегінде өрбіді. Үміткерлер әлеуметтік желі арқылы берілген сұрақтар мен залдағы көпшілік тарапынан қойылған төмендегідей сұрақтарға жауап берді.

        — Ерлан Әкімбайұлы! Райымбек ауданы мәслихатының соңғы екі шақырылымының депутаты болдыңыз. Қандай маңызды мәселелердің оңтайлы шешілуіне ықпал еттіңіз?

        —  Мен депутат болған уақыт екі аудан біріктірілген кезең еді. Өздеріңіз білесіздер, бұл біріктіру екі аудан халқына да белгілі дәрежеде қиындық әкелді. Әсіресе, аудан орталығы мәртебесінен айрылған Нарынқол өңірінің ел-жұртына салған салмағы жеңіл болған жоқ. Экономикалық жақтан да,әлеуметтік жақтан да, мәдени жақтан да көп зиянын тигізді. Тұрғындардың жанбағыс қамымен басқа жаққа қоныс аударуы ауылдардың азып-тозуына, жұмыссыздықтың көбеюіне, жастардың тұрақтамауына соқтырды. Осы кезде депутат ретінде осы аумақтың белсенді азаматтарын ұйымдастырып, Президентке ауданды бөлу жөнінде бірнеше рет ұсыныс жасадық. Бұл ұсынысымыздың арты қайырлы болды. Облысымызға әкім болып келген Амандық Баталовқа рахмет. Біздің алға қойған мақсатымыздың орындалуына үлкен көмегін берді.

       Тағы бір мәселе, Сарыжаз орта мектебі ескіріп, құлайтын дәрежеге жеткені белгілі. Осы кезеңде аймағымыздан сайланған Парламент Мәжілісінің депутатына сұрау алып жүріп, Сарыжаз ауылынан жаңа жобалы мектептің салынуына ықпал жасадым. Жалпы, депутат болған кезде де, қызмет барысында да ауданның әлеуетіне қатысты мәселелерден тыс қалған емеспін.

        – Ержан Бәкірбайұлы! Аудан халқының сенімін иеленіп жатсаңыз, биік мінбеден ең алдымен ауданға қатысты қандай мәселені көтеріп, оның шешілуіне ықпал етер едіңіз?

       — Менің мамандығым жол құрылысы инженері. Демек, тағдырым да республикалық маңызы бар күре жолдармен тығыз байланысты. Осы жол құрылысына қатысты мәселемен Қазақстанның барлық өңірінде болдым. Шама-шарқымша бәріне көмегімді бердім. Бұл мәселеде өзім атқарған жұмыстарыма ризамын.

        Елдің шеті, желдің өтінде, шекара сызығының үстінде, түкпірде жатқан Райымбек ауданының жай-күйі маған да ортақ. Әсіресе, автокөлік жолдарына қатысты мәселеде шешімін күткен шаруа аз емес. Сондықтан депутат болып сайланар болсам, ауданның барлық автожолдарын заман талабына сай жөндеуден өткізу арқылы, аудан экономикасының көтерілуіне ықпал ететінімді нық сеніммен айта аламын.

        – Марат Манапұлы! Ауылшаруашылығы кооперативтерін құру туралы бастамаға қалай қарайсыз? Және таяу мезгілде республика көлемінде бұл мәселені жүзеге асыру мүмкін бе?

        — Біздің таулы өңіріміздің табиғаты ауылшаруашылығына өте қолайлы. Сондықтан бұл аймақта егін өсіріп, мал басын көбейтемін деген кім-кім болсын көзін тапса, діттеген жеріне жетері анық. Өзім еңбек ететін Тегістік ауылының шаруа баққан жұрты бұл орайда ұтылған жоқ десем, қателеспеймін. Бүгінгідей, қымбатшылық белең алып тұрған шақта оңаша бұзаудан да ортақ өгіздің шаруа баққан жұртқа пайдасы ұшан-теңіз болатыны анық. Өйткені, күш біріккен жерде кесе көлденең келген қиындықтың бәрі де әлсіздігін байқатады. Сондықтан ауылшаруашылығы кооперативтерін құрудың еш зияны жоқ деп білемін. Ал, кооперативтер құру алдағы күннің еншісінде.

        – Бахытгүл Әбдіқадырқызы! Егер Сіз ауыл әкімі болсаңыз, қандай іс-шараларды жүргізу арқылы ауылыңызды заманауи ауыл санатына көтерер едіңіз?

        — Ең бірінші мәселе, ауыл тұрғындарының тұрмыстық жағдайы. Сондықтан ауылдың әрбір тұрғынын баспанамен, ауылшаруашылық жермен, таза ауызсумен қамтылуына, белгілі бір кәсіппен айналысуына ықпал жасар едім. Қарттарға ұдайы қамқорлық жасау,жастардың тәлім-тәрбиесі, ұрпақ болашағы бүгінде ең өзекті мәселе болып отырғаны анық. Сондықтан жастардың пайдалы жұмыспен қамтылуына, ұрпағымыздың сапалы білім, саналы тәрбие алып, өнерге бет бұруларына барынша ден қояр едім. Ауыл мәдениетінің көтерілуінің барынша тиімді жақтарын іздестірер едім.

        – Нұрбол Мәжитұлы! Ауданымыздың қолайлы табиғат жағдайын аудан қазынасына пайда әкелетін орта ретінде пайдаланудың 5 жолын атап бересіз бе?

        1.Туризм; 2. Мәдени сауықтыру орындары; 3. Марал шаруашылығы; 4. Орман қорынан мал жайылымдары мен шөп шабатын орындар бөлу; 5. Спорттық-реклациялық демалыс орындарын ашу. Осы бес сала іске қосылар болса, аудан бюджетіне 1 жыл ішінде әрқайсысы 5 миллионнан астам кіріс кіргізер еді. Бұл бір жағы кәсіпкерлікті қолдауға да жол ашады. Былайша айтқанда орман қоры арқылы кәсіпкерлер аудан бюджетінің артуына тиісті үлес қосатыны сөзсіз. Сондықтан аудан қорын дамытамыз десек, осы бес саланы қолдауымыз керек.

       – Ернат Бектұрсынұлы! Ауданның денсаулық сақтау жүйесінде ең алдымен нені өзгерту керек деп ойлайсыз? Және алайтынан келген індеттен қандай сабақ алдыңыз?

        — Қоғамның байлығы – адам болғанда, адамның байлығы – денсаулығы екені ежелден қалыптасқан ұғым. Денсаулық сақтау саласының да ұстанымы осы. Рас, қазір емдеу орындарында көзге ұрып тұрған кемшіліктер кездесіп жататыны жасырын емес. Басты себебі, медицина қызметкерлерінің білім сапасы мен тәжірибелеріне тікелей байланысты. Гиппократ антына адал болу дегеннің не екені көп жағдайда ескерілмей жатады. Мұның өзі, адам денсаулығына кері әсерін тигізгенімен қой май, дәрігер деген ұлағатты ұғымға дақ түсіретіні анық. Сондықтан мамандыққа сай білімнің жеткілікті, шынайы болғаны, тәртіппен жүзеге асырылуы ауадай қажет деп ойлаймын. Аты жаман ауру, науқастарға ғана емес, соны емдеу жолында еңбек етіп жүрген дәрігерлерге де ауыртпалығын аз салған жоқ. Сондықтан ауру-сырқаудан аман болайық. Жұқпалы дерт тезірек өтіп кетсін деген тілектемін.

       Пікірсайыс барысында әр үміткер өздеріне қаратыла қойылған сұрақтарға осылайша әрі түсінікті, әрі көңілге қонымды жауаптар берді. Бір айта кетерлік мәселе, осынау пікірсайыстың маңыздылығы — алдағы уақытта аудан халқының әл-ауқатын жақсартып, бақуатты өмір сүруіне ықпал ететіндігінде. Ең негізгісі – партия мүшесін ел мүддесіне қажетті осындай ауқымды мәселелердің толғандыратыны, және оның нақты шешілу жолдарының ұсынылуы. Көпшілік тыңдауына ұсынылған ашық пікірсайыс барысында ұтымды ұсыныстар мен маңызды пікірлер алдыға тартылды. Жиналған көпшілік бұл басқосудың бұрынғыдан өзгерек екендігіне онда айтылған орнықты ойлар мен түйінді мәселелерге назар аудара отырып көздерін жеткізді. Басқа үміткерлердің де пікірсайыс алаңында бас түйістіріп, сөз жарыстыруы бұдан кейін де жалғасын тапты.

Жұмабек ТӘЛІПҰЛЫ,

Елдос АХМЕТЖАН,

арнаулы тілшілеріміз.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password