Қалмаққа әлі тәуелдіміз

        Бірнеше ғасырлар өтті. Бізді басакөктеп, қырып-жойып қан-жоса қылып, — «ақтабан-шұбырынды, алқакөл – сұламаға» — ұшыратып елімай-елімай дегізіп еңіреткен қалмақ, бүгінде рухы аспандап біздің елімізде жүргендей көрінеді. 2017 жылы Кеген ауданымен бірге тұрғанымызда Талдықорғаннан арнайы келдік деген облыстың жер-су жөніндегі бір адамдары барлық ауылдың ақсақалдарын жинап «қалмақтың» — атыменен аталатын жер-суды анықтап жиылыс ашып, оны сол жерде қатысқан көнекөздеріміз аталарымыздан қалған өсиетіміз бойынша айтып беріп, олар қағаздарына жазып алып тарқасқан едік.

       Сонда біз қуанғанымыз. «Құдай оңдады! Мұны бекер сұрап отырған жоқ. Бұйырса келешекте елді мекендеріміздегі қалмақтың атын өзгертер» — деп. Керісінше бұлай болмады. Қазіргі заманның кейбір адамдары «қалмақта бұлардың несі бар екен осы» -деуі де мүмкін. Әрине осы жағдай не бір әулие дүниеден өтіп кеткен аталарымызды тыңдап өскен бізге батады. Ал осы замандағылар ата-ападанда, өсекші телефонға үңіліп халқының тарихымен өткен қиыншылықтарын, досы кім қасы кім екенін біле береді дей алу қиын. Дегенмен олардың ішінде де жоқ емес бар. Бірақ жете біліңкіремейтін дүдамалдар-ау! Қара қалмақтар қаптағанда, Абылай атқа қонып хан болғанша, үш жүздің басы қосылғанша қазақты қалмақ қайда қумаған. Аңырақай шайқасы өткеннен кейін Албан тайпасының жеріне үш жүздің бірде-бір батыры көмекке келіп аяқ баспағанын айтатын қариялар. Албан тайпасының батырлары Абақ, Әжібай, Бәйсейіт, Бәймен, Тілеуке, Түке, Мөңке, Дөңке, Бақай, Малай, Қалыбек, Жәнібек, Қаржау, Бердікей, Есжан – сияқты жүздеген батырлары Қытай шекарасына дейін қасиетті бас батырлары болған. Райымбек батырды қолбасшы етіп жерін өзі қорғаған. Райымбек батыр қалмақтарды Қытай шекарасының арғы жағындағы «жұлдыз» дейтін өз мекеніне дейін қуып тастап, Сүмбенің шығыс босағасына Тұзкөл жақтағы қара таудың қызыл тастарынан түйеге артқызып әкеліп шекараның белгісі болсын деп үйгізген. Ал бұрын ішкерірек қойылған сым тасты түн ішінде түйемен артып келіп сол қыратқа орнатып кеткен. Қазір ол тастар Қытай шекарасының ішінде қалды. Райымбек батыр үйгізген тас қызыл болғандықтан оны жұрт «қызыл оба» — деп атайды. Енді мен мұны неге айтып отыр дерсіздер. Менің айтпағым мынау еді: — Соншама жылдар қазақты қан-жоса қылған қалмақтың аты неге күні бүгінге дейін елді мекендермен жерімізде аталып тұр? Олардың аттары бізді қырғаны үшін ардақты ма? Егер қалмақ бізді қырмағанда орта азиядағы халқы көп ұлттың бірі біз болмаспа едік. Жарайды россияның отарында жүргенде өз еркіміз өзімізде болмады десек, енді өз еркіміз өзімізде егеменді ел болғанда неге оянбаймыз біз. Кеген, Шалкөде, Көмірші, Нарынқол, Байынқол деу дұрыс па? Осы жер үшін жанын қиған батыр бабаларымызға неге бұйырмайды бұл атау. Бұл ойлантпай ма ешкімді? Мысалы болашақта Қытайда өмір сүріп өсіп-өніп келе жатқан қалмақ-жоңғар адам құқығын қорғайтын халықаралық ұйымға жер біздікі, нанбасаңдар, атам заманнан біздің ата-бабамыздың атымен аталып келе жатқан бұрынғы ата жұртымыз Кеген, Нарынқол, Шонжы аудандарын қайтарсын десе қайтпекпіз? Өмірде бәрі болады. Бұған тоқымдай жер таппай отырған қытай қуана-қуана қосылатыны сөзсіз. Сондықтан Сарыжазға – Хангелді батырдың, Көміршіге – Түгелбай ауылы, Шалкөдеге – Қаржау әкімшілігі, Қожбанбет ауылы деп ат беріп Кеген ауданына – Албаншал ауданы деп ат берсе қандай жарасып тұрар еді шіркін. Әлмерек бабам әрине Шонжыға лайық еді. Бұл әрине намыспен іште қайнаған ойдан туындап көпшілік қолдағанмен қолдан келмей тұрған қыжалат мәселе. Ауданымызда ел тізгінін ұстаған азаматтар біздің бұл ойымызды құптап осыны болдыратын жерлерге қымсынбай жеткізіп халықтың ой тілегін білдірсе екен дейміз. Біздің басқарушы орындарымызда «ішкі саясат» бөлімі осындай мәселелерге ат салыса алама? Жоқ әлде бұл ішкі саясатқа жатпай ма? Ойды – ой қозғайды. «Ойламаған ми сасиды» — деген емеспе бабам. Осы мәселені Беркін Әкебаев бірнеше рет көтеріп келеді. Сексенге аяқ басқан қаламы алтын қолтума азаматымыз Беркін меніңше нағыз намыстың адамы деп ойлаймын. Болашақ ұрпағымыздың өміріне кедергі болмасын аттарын айқайлап айтып жүрсек әруақтары қолдасын деп жүр ғой! Бұған сіздер не дейсіздер? Мен бұны бек құптадым!

Нұрлан Әкімбайұлы,

Райымбек ауданының ардақты азаматы,

зейнеткер ұстаз.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password