Доңыз жылындағы жетістіктер сараланды

2019 жылдың соңғы күнінде аудан әкімдігінде аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің қолдауымен ауданымыздағы үздік спортшылар мен жаттықтырушылар марапатталды. Жиынның басын аудан әкімі Нұржан Құдайбергенов бастап, спортшыларымызға жеңістер тіледі. Алдағы уақытта спорт саласына көп көңіл бөлінетінін айтып, батыр бабамыздың атындағы  ауданымызда спортты бұдан да жоғары дәрежеге көтеру керек екендігін басып айтты. Сонымен қатар былтырғы жылғы спорттағы жетістіктеріміз бен ауданымызда өткен көлемді спорттық шаралар тілге тиек етілді.

         Былтырғы жылы қаңтар айында Талдықорған қаласының «Жастар» спорт сарайында бокстан жасөспірім қыздар арасында өткен Алматы облысының чемпионатында Әуезхан Ұлпан, Әділхан Ұлпан, Қайыңбай Жәния, Құдайберген Әлиялар чемпион атанды. Сондай-ақ осы жарыста Қасымхан Толғанай, Кенжетай Гүлназ екінші орыннан көрінді. Өз салмақ дәрежесінде жүлделі үшінші орынға Қожан Мақпал мен Әбділ Зарина ие болып балғын боксшы қыздарымыз жоғары нәтижеге қол жеткізіп, ауданымыздың атағын асқақтатып қайтты. Талдықорған қаласында спорттың жеті түрінен мемлекеттік қызметкерлер арасында өткен спартакиадаға барлық аудандар мен қалалардан көптеген командалар қатысып, соның ішінде өз ауданымыздан барған команда бұл спартакиадада жақсы нәтижеге жетіп жүлдемен оралды. Талдықорған қаласында өткен еркін күрестен жасөспірімдер арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионатында жерлесіміз Иманжан Жәнібек чемпион атанып, ауданымыздың мәртебесін өсіріп оралғаны есімізде. Нұр-Сұлтан қаласында өткен Қазақ күресінен жасөспірімдер арасында «Жас Барыс» Республикалық турнирінде Әбділдә Ақжол екінші орыннан көрініп, ауданымыздың абыройын биіктетті. Шаңғыдан Алматы облысының чемпионатында ауданымыздың спортшылары командалық үшінші орынды иеленді. Ауданымыздың «Ақбұлақ» алаңында Елбасымыздың «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласын кеңінен насихаттау аясында мемлекеттік қызметкерлер арасында «Денсаулық фестивалі-2019» атты мәдени спорттық іс-шара ұйымдастырылып жоғары дәрежеде өткізілді. Сарыжаз ауылдық округінде шаңғы спортынан облыс чемпионатына іріктеу өткізілді. Бұл сайыста да спортшыларымыз жақсы нәтижелерге қол жеткізді. «Nur Otan» партиясының 20 жылдығына орай бәйге өткізіліп ұлттық спортымыз ұлықталды. Нарынқол ауылдық округінде Райымбек батыр атындағы спорт кешенінде «Райымбек бөрісі» атты аудандық іріктеу турнирі өтті. Сүмбе ауылдық округінде бокстан жасөспірім ұлдар мен қыздар арасында Иемберген Мағжан Нұрболұлын еске алуға арналған республикалық ашық турнир өтті. Бұл жарыстың ерекшелігі Қырғыз елінен үш команда қатысып жарыс халықаралық деңгейге өсті. Нарынқол ауылында 40 жастан жоғары ардагер спортшылар арасында шағын футболдан аудандық ашық турнир болды. Шәлкөде жайлауында «Ауылшаруашылығы саласында еңбек өнімділігін арттыру және ауыл шаруашылығы өнімдерінің өнімділігі мен сапасын жақсарту, ауданда кәсіпкерлікті дамыту» тақырыбында өткен семинар-кеңесте ұлттық спорт түрлерінен іс-шаралар ұйымдастырылды. Аталған іс-шарада облыстық «Жетісу жүйрігі-2019» турнирі де өз жалауын көтеріп, дүбірлі бәйге жарыстары өтті. Қайнар ауылдық округіне қарасты «Лабасы» тауының бөктерінде «Саят» ұлттық спорт түрлерінен «Сонар-2019» Халықаралық жарысы болды. Сарыжаз ауылдық округінде бокстан жасөспірім ұлдар мен қыздар арасында республикалық турнир өз мәресіне жетті. Жыл басынан бері аудандық «Ауылым-алтын бесігім» спартакиадасы ауылдық округтер арасында спорттың 13 түрінен өткізіліп жыл соңында рейтингі шығарылды. Командалық есепте аталған спартакиадада жүлделі үшінші орынды Жамбыл мен Қарасаз ауылдық округтері жеңіп алды. Нарынқол ауылдық округі екінші орынға табан тіреді. Қайнар ауылдық округі бірінші орыннан көрініп арнайы кубок және медальдармен марапатталды. Тағы басқа ауданымыздың спорт саласында жеткен жетістіктері жетерлік.

         Басқосудың басты себебі 2019 жылдың қорытындысы бойынша ауданның үздік спортшылары мен жаттықтырушыларын марапаттау рәсімі өткізілді. Спорт десе ішкен асын жерге қоятын үздіктер сахна төріне көтеріліп, аудан әкімінің алғыс хаттарымен, аудандық спорт және дене шынықтыру бөлімінің алғыс хаттарымен марапатталды. Келіп жеткен тышқан жылында да осындай қуанышты, ақжолтай жаңалықтар көп болғай.

Д. ЖАНАСЫЛ

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password