Палуандар боз кілемде белдескенде

Биыл  жазда  жастар жылына орай   ережесіз жекпе-жектен әлем чемпионы атанған қызылшекаралық  Сырым  Бектұрсын  атты  азамат туған ауылына ат басын  бұрып,  өз ауылының жастары  және «5000 жігіт тобының» ұйымдастырумен «әр ауыл-өз ауылым, әр қазақ — өз бауырым» атты ұлттық спортты дамыту мақсатында аудан көлемінде  жарыс өткізген болатын. Жарысқа ауданымыздың  білекті де жүректі  палуандары қатысып, боз кілем үстінде күш сынасқан болатын. Арада  бірнеше айдың жүзі өтсе де сол бір орны бөлек шара ешкімнің ойынан шығып, санасынан сызылған жоқ.

    -Осынау палуандар белдесіп, күштерін сынасқан  спорт төресін ұлықтаудағы мақсаты-Ұлттық спорт түрлерін дәріптеу,ең алдымен кіндік кескен ауылым Қызылшекарадағы жастардың, содан кейін аудан жастарының, замандастарымның ұйымшылдығын,  ауызбіршілігін,  сыйластығын, спортқа деген қызығушылығын арттыру. Жалпы өзім мектепте оқып жүрген кезімде Райымбек ауданында күреспен көптеген жарыска барып жүріп, біраз ауылды араладым. Сондағы  бір байқағаным-біз жакта ауылға сырттан келген қонаққа құшақ жая құрмет көрсетудің орнына, ауыл итінің құйрығы қайқы келедінің  керімен күшімізді көрсетіп, доңайбат жасауды дәреже санайтынымыз екен. Көңілді күпті еткен осынау керағарлықты ауыздықтау мақсатында ауданымыздың  жігіттерін бір- бірімен спорт арқылы араластырып, қонаққа бара  қалғандарды «бауырым» деп құшақ жая қарсы алатын азаматтарға айналуын, және ауыл-ауылға, ру-руға бөлінбей, бір қазақтың баласы ретінде жұдырықтай жұмылып, Тәңіртау етегіндегі  аумақты  ауданның  атын, ақ пейілді ел-жұртын  әлемге таныту еді,-деген  болатын  Сырым  боз кілем үстіндегі бәсеке барысында. Несі бар,спортты айнымас серігіне балаған чемпион жерлесіміздің бұл ойы құптауға тұрарлық. Осынау жарысқа әр ауылдан бабы мен бағын сынауға келген палуандар да, күресті тамашалауға келген былайғы көпшілік те Сырымдай балаларының орнықты ойын айқын сезінген болар дейміз. Бұл күнгі айтулы спорттық шараға Еркебұлан Дайыров, Мағжан Тұрыс, Ардақ Назаров, Айдос Бақытжанұлы сиқты тағы басқа да  өнер адамдары мен спорт жұлдыздары және Қазаққа жанашыр азаматтар келіп, спорт сүйер қауыммен ортақ ой бөліскен болатын. Сондай-ақ, жақсы ниетке құрылған шараны дәстүрге айналдырудың жолдары да қарастырылып, бағыт–бағдары белгіленген болатын. Соның айқын дәлелі ретінде жарыс өткізудің келесі кезегі Сарыжаз ауылының жастарына эстафета ретінде жолданғаны да есте. Несі бар, спортты жанына балап, қастерлеу арқылы ұлтжанды, отансүйгіш жастар қатары көбейіп жатса нұр үстіне нұр емес пе.

                                                                      Жұмабек  ТӘЛІПҰЛЫ,

                                                                    Қызылшекара  ауылы.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password