Спортты серік еткен

     Өз ісінің маманы, көп жылдан бері дене шынықтыру пәні бойынша ұстаздық етіп келетін Айбар Сарсембай шәкірттері үшін орны бөлек жан.  Әріптестері ортасында білгірлігі мен білімін ұрпақ тәрбиелеу жолына жемісті жұмсай білген оның жеткен жетістіктері де аз емес.

Мектеп қабырғасында жүргенде грек-рим күресіне қатысып, бапкерлер үмітін бірнеше мәрте ақтаған Айбардың аудандық қала берді облыстық жарыстарда асығы алшысынан түсіп, ел мерейін еселей білді. Спортқа саңы ауған саңлақ мақсатты түрде Қазақ мемлекеттік спорт институтына түсіп, оны ауыр атлетика жаттықтырушысы және тәрбие маманы бойынша абыройлы аяқтайды.

Жас маман оқу бітірген соң қала қалып, қыр асқан жоқ. Өзі  оқыған алтын ұясы – Б.Соқпақбаев атындағы орта мектепке дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып жұмысқа орналасады. Үкіліген үмітін желге үргізбей бала тәрбиелеу жолына анық арнап, бірінші күннен көзге түсе бастады. Айнала ортасынан орынды сый көрген жас маман шәкірт тәрбиелеу жолында жолы болып, бірнеше мәрте биіктерден де көрінді. Таудың қадірін білмегенге биіктігі де білінбес. Тірнектеп жиған-тергенін оқушыларға тарту еткен Айбардың алда күткен жеңісті күндері көп болды. Өзіне сенген, өзінің тәжірбиесіне сүйенген ол әр кезде аудан намысын абыроймен ақтай білді. Соның ішінде облыс орталығында өткен үстел тенисінен алған бірінші орнын орынды атай аламыз. Аудан аралық, ауылдық турнирлерде жеткен жетістігі бір төбе Айбардың ағымдағы жылы өткен «Ауылым – алтын бесігім»  жыл пән мұғалімі байқауында бірінші орын алғаны айтарға тұрарлық қуаныш. Ұлттық ойынымыз – тоғызқұмалақтан, шахматтан, үстел тенисінен, волейболдан, 100 метр қашықтыққа жүгіруден жылда белсенділік танытып отыратыны өз ісін шын сүйгендігі деп білеміз.

  Дене тәрбиесіне қосқан үлесі үшін деген төс белгімен марапатталған маманның дарынды шәкірттері де көп. Алды Қазақ мемлекеттік спорт академиясына оқуға түсіп, өз жолдарын дара таңдап та алған. Осының барлығы Айбардың еңбегінің өнгені деп білеміз. Волейбол мен үстел тенисінен Арман Нығметдолда, Қайрат Ерболат, Олжас Жәкелбай, Жанат Көксубай, Махмұт Ермахан, Мақсат Абдурахман сынды шәкірттерімен жарасты мақтанады. Бүгінде өре ойыны тоғызқұмалақтан үйірме ашып, талапты оқушылармен білгенімен бөлісіп жүр. А. Әділқызы, А.Алтынбек, Ә.Әліби, А.Дулатбайдай оқушылар бүгінде жүлдегерлер қатарына қосылып та үлгерді.

«Алдағы күніне жоспар құра білген және сол мақсаттан нәтиже көретін ұстазға жеңіс те жеңіл келеді. Ол үшін талмай еңбек етіп, оқушылардың спортқа деген қызығушылығын тани білу керек»  – дейді Айбар Сарсембай. Жеңіске ұмтылған жігерлі жастар Айбардай білікті ұстаздар бар да бола береді, шыға береді деп сенеміз.

С.Күреңтай. 

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password