Ескірмейтін естелік

Мен ол кезде Алматы қаласындағы Абай Ленин даңғылдарының қиылысында орналасқан «Алматы кинотехникумында» екінші курста, оқып жүргенмін. 1986 жылы 16 желтоқсан күні әдеттегідей ертеңгі сағат 6-7-лер шамасында жалдамалы пәтерімнен шығып сол кездегі «татарка» деп аталатын аялдамаға қарай бет алдым. Мақсатым оқу орным кино техникумға сабаққа бару еді. Аялдамаға келіп 17 қоғамдық көлікке (автобус) отырып оқу орныма қарай бет алдым. Күндегідей автобус іші толы адам. Барлығы жұмыстарына, оқуларына бара жатқан адамдар. Сабақ 8:00 де басталады ойым сабақтан кешігіп қалмау. Көп ұзамай  Абай Ленин даңғылдарының қиылысына да келіп жеттік. Автобустың алдыңғы есік жағында тұрған едім. Кенеттен көше толы адамдар алдымыздан шығып, автобустың алдын орап тоқтатып жатты. Ешкім ешнәрсе түсінбей тұрып қалдық. Мен не болып жатқанын білмей даладағы кілең қазақ жігіттеріне қарадым. Жолдағы көлік қозғалысы түгелдей тоқтап қалды. Біз отырған көліктің жүргізушісі орыс ұлтының жігіті болатын. Сырттағы жігіттер есікке келіп айқайлап барлық есіктерді ашуды талап етті. Есіктер ашылған бетте ішке төрт-бес қазақ жігіті кіріп «Қазақтар, көтеріліңдер» елімізге басқа ұлт өкілі басшы болып тағайындалғалы жатыр, қазақтар, біздің қатарымызға қосылыңдар» -деп өз қатарларына шақырды. Автобустан түстім, әлі ештеңе түсіне қоймадым. Сабақтан кешікпеу үшін оқу орныма қарай жүгіріп кеттім. Аудиторияға кірсем кураторымыз Л. С. Казанцева апай барлық студенттерді отырғызып сабақ бастағалы жатыр екен. Мен ешкімге ешнәрсе айтып үлгерместен жерлесім Аязбаев Әлімханның қасына отырғаным да сол еді есікті шулаған адамдар теуіп кіріп, ішке екі қазақ жігіті кірді де айқайлап: «Қазақтар көтеріліңдер, неге тыныш отырсыңдар, терезеге қараңдар»-деді. Барлығымыз терезеге қарай тұра ұмтылдық. Ленин даңғылы адамға толып қалыпты. Жаяу адамдар көшеге сыймайды. Айқайлаған, шулаған халық. Енді біз де мән-жайды түсініп, ұл-қыз демей далаға жүгірдік. Қаптаған халықтың ішіне біз де кіріп кеттік. Д. А. Қонаевты орнынан алып Колбинды елімізге басшы етіп қойғалы жатқанына қарсы көтеріліске шығып бара жатқанымызды енді түсіндім. Ленин даңғылымен мыңдаған жастар төмен қарай бет алдық. Біз барлық группаластар топтың алдына қарай ұмтылдық. Ең бірінші қатарда «Каждому народу свой вождь», «Долой Колбину» деген т.б ұранды жазулар көтерген жігіттердің қатарында келе жаттық. Жол бойы қаланың көше-көшелерінен топ-топ жастар бізге қосылып жатты. Алдымыздан кездескен басқа ұлт өкілдері шет-шетке қаша бастады. Кездескен көліктерді төңкеріп, әйнектерін шағып ашу-ызамызды білдіре бастадық. Тәртіп сақшылары бізге қарсылық көрсете бастады. Шетке шыққандарын ұл-қыз демей зорлықпен сүйреп автобустарына қамап, күш көрсетіп жатты. Осыны көрген ашулы жастар олардың көліктерін аударып, өртеп жаттық.

Мен ол кезде үйленген едім. Үйде жалғыз қалған жұбайымды қасыма алып келуді жөн көрдім. Жол шетінде тұрған таксиге барсам қазақ жігіті екен. Сол таксимен жолдасымды алып келіп шеруге қайта қосылдық. Ол кезде шеру 28 Панфиловшылар саябағын кесіп өтіп, көк базарға келіп қалған екен. Группаластарыма екеуіміз бірге қосылдық. Бойын ашу-ыза кернеген жастар М. Горький көшесімен жүріп жазушылар үйіне бет алдық. Түс кезі еді. Басқа қалалардан  да жастар лек-легімен келіп қатарымызға қосылып жатты. Шеруге шыққан жастардың саны мүлдем көбейіп кетті. Топтың алды-арты көрінбейді.  Жазушылар үйінің алдына келіп Олжас Сүлейменов ағамыздың шығуын сұрадық. Бірақ нәтиже болмады. Бұл кезде өкімет әскери техникалармен әскери адамдарды бізге қарсы шығарып тастапты. Қолға іліккен таспен, қоршаулардың ағаштарын лақтырып қарсылық көрсеттік. Тәртіп сақшылары өздерінің автобустарына топтың шетіне шыққан жастарды ұстап алып кетіп жатты. Қазақ қыздарын шашынан сүйреп, суық су шашып, ұрып-соғып, итке талатып қолдарынан келгенше қинап жатты. Арнайы жасақталған әскерге қарусыз қарсылық танытып жүрміз. Әбден ашынған саны жоқ топ ештеңеге қарамастан «Менің Қазақстаным» әнін бірге айтып орталық алаңға қарай бет алдық. Алаңға жеткен кезде кеш те батып қалған еді. Жол үстінде кездескен дүкендерге бұза кіріп қарнымызды да тоқтап алдық. Сатушылар да қашып кетіпті. Кеш батқан сайын желтоқсанның ызғары да күшейе бастады. Алаңға кірген топты сыртынан 4-5 қатар болып қоршап тұрған әскери адамдар мен полиция қызметкерлері ешкімді ешқайда шығармады. Құмырсқаның илеуіндей, қаптаған адамдар. Әне-міне дегенше қараңғы да түсті. Барлығымыз Нұрсұлтан Назарбаев деп айқайлай бастадық. Аяз әбден күшіне енді. Мұздаған біздер сол төңіректегі ағаш қоршауларды жұлып, қолға ілінген жанатын заттармен әр жерге үйіп от жағып жылынып тұрдық. Ортамыздан шығып әнші Роза Бағланова және Ермек Серкебаев ағаларымыз бізге: «Жастар сабырға келіңдер, бәрі жақсы болады, қантөгістің керегі жоқ, бейбіт жолмен шешілсін»-деп басу айтып айқайлап жатты. Көп қабатты үйлердің терезелерінен жарқ-жұрқ етіп суретке түсіріп жатыр. Қоршауда тұрып таңды атырдық. Өкімет күші бізден басым болып барлығымызды таңға жуық күшпен таратты. Көтерілістің сарқыны екі үш күнге жалғасты.Төртінші күні сабаққа баруыма тура келді. Автобуста орыстар отырса біз кірмейміз. Біз отырсақ орыстар кірмейді. Төртінші күні сабақта отырғанда аудиторияға топырлап полиция қызметкерлері кірді. Қолдарына топтап ұстаған суреттерді алып бәрімізді суреттің ішінен іздей бастады. Егер осы суреттің ішінен біреуіміздің суретіміз шықса, қазір апарып түрмеге жабатындарын айтты. Мен басымды төмен салып, менің суретім шықпаса екен деп тілек тілеп отырдым. Біз енді өкіметтің қаһарынан қорқа бастадық. Бесінші күні техникумда жиналыс болып бәрімізді бір аптаға таратып жіберді. Сотталғыларың келмесе ауылдарыңа кетіңдер деді. Тез жиналып ауылға кетіп қалдық. Арада он күн өткен соң оқуды жалғастыруға бардық. Екінші группадағы Жамбыл облысының азаматы Құдайбергенов Расул сол көтерілісте суретке түсіп қалғаны үшін, қаңтар айында бес жылға бас бостандығынан айырылғанын өз көзімізбен көрдік. Ендігі айтарым,  болашақ ұрпақ  тәуелсіздіктің қадірін білсе деймін. Сонымен қатар алдағы уақытта бейбітшілік заман орын алып, көк аспанды кір шалмаса екен деп тілеймін.

Қасен АЙТҚҰЛОВ,

Нарынқол ауылы.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password