ӘДІЛЕТТІҢ  АҚ  ТУЫН  КӨТЕРІСКЕН

 Желтоқсан  оқиғасының  қаһарманы  Тоқан  ДОСТАРБЕКОВ  жайлы  әңгіме  

         Саналы  ғұмырын  байланыс  саласымен  тығыз  байланыстыра  қызмет  етіп, білімін  де, білігін  де  ел  игілігіне  арнаған  Тоқан  Достарбековті аудандағы  жұртшылықтың  көпшілігі  біле  бермесі  анық. Бұған  себеп, оның  туа  бітті  бойына  біткен  қарапайымдылығы, еңбегін  бұлдап, шенді  мен  шекпендінің  алдын  орап, есігін  тоздырмайтын  біртоға  мінезі  мен  көңілін  кір  шалмаған  асыл  қасиеті  негіз  болса  керек. Ал, бүгінге  дейінгі  жүріп  өткен  жолына  шыннан  назар  аударып, қалтарыс-бұлтарысына  үңіле  білген  адам, ол  кісінің  жандүниесінен  әркімнің  бойынан  табыла  бермейтін  ерекше  құндылықтарды  айқын  аңғарған  болар  еді. Абзал  аға  50 жылға  таяу  халық  қызметіндегі  мекемеде  еңбек  етсе, оның  оншақты  жылын  сол  аудандық  байланыс  торабының  Нарынқол аймағына басшылық  қызметке  арнап, абырой  арқалады. Құрметті  еңбек  демалысына  шыққаннан  кейін  де  зейнеткермін  деп  жатып  алмай, қоғамның  белді мүшесі  ретінде, ел  мен  жердің, ауылдың  өзекжарды мәселесіне атсалысу  қамымен  жүрген  жайы  бар. Бір  кездері  ауданның  өз  алдына  мәртебесін  қайтарып алуына  осындағы  аузы  дуалы  азаматтар  білек  сыбана  кіріскені  анық. Тоқан  аға  да соларға  үн  қосып, жоғары  орындарға  құлаққағыс  жасаудан  танбағандардың  қатарынан  табылғанды. Арман  орындалып, аудан  бөлін соңда кейінгі  жерде  де  оның  бұдан  кейінгі  тыныс-тіршілігінің  жақсаруына, ауыл  мәдениетінің  көтерілуі  мен  тұрғындарының  ауызбіршілігіне, жастар  тәрбиесіне  қатысты  мәселелерге  өз  тараптарынан қорымал  қариялық  жасап, ақыл-кеңес  берушілердің  ортасында  ақсақалдар  қатарын  түзеген  Тоқанның  да  жүргенін  ыстық  ықыласпен  тілге  тиек  жасасақ,  сөзіміз  теріске  шықпайды.

       Тоқан  Достарбековке  қатысты  орны  бөлек, қалай  мақтап  айтса  да  артықтық  етпейтін  бір оқиғаны  әңгіме  өзегіне  айналдырудың  бүгінгі  күні  орайы  келіп  тұрғаны  анық. Халқымыз  үшін  Тәуелсіздік  дейтін  ұлағатты  ұғым  қашанда  асқақ, қашанда  мерейлі. Ал, сол  ата-бабамыз  ғасырлар  бойы  аңсаған  еркіндіктің алғашқы  жобасын  өткен  ғасырдың  соңын  ала  солардың  ұрпақтары  жасағаны  белгілі. Орталықтың  жымысқы-жылмаң, кесірлі  саясатына  шыдамаған  қазақтың  өрімдей  жастары  сол  бір  желтоқсанның  ызғарлы  күні  әділетсіздікке  қарсы  көтеріліп,бейбіт  шеруге  шыққанына  бүкіл  әлем  куә  болды. Бірақ, қолында  шексіз  күш-қуаты  бар  билік  өз  елінің  еркіндігін  мұрат тұтқан  жастардың  бұл  әрекетін  шектен  шыққан  бұзақылық  деп  әділетсіз  шешім  жасады. Талай  жастар ұрда-жық  саясаттың  құрбаны  болды. Алды  өлім  жазасына  кесілді. Ұзақ  жылға бас  бостандығынан  айырылды. Жұмыстан  қуылды, оқудан  шығарылды. Елінің  тәуелсіздігі  үшін ары  мен  жанын құрбандыққа  шалған  сол  жастарға  сол  күндерде  қоғам  қайраткері  саналып  жүрген  азаматтар  араша  түсуге  мүмкіндік  таба  алмаса, орталыққа  жағынып, сол  арқылы  есебін  түгендеп  жүргендер  сол  орталықтың  қолшоқпарына  айналып, өз  қандастарының  аяқ-қолын  матап, алдарына  жығып  бергенін  бүгінде  тарих  өзі  айқындап  отыр.. Міне, сол бір  мұз  үстінде  алау  болып  жағылған  жастардың  арасында  Тоқан  аға  да  болған  еді.

    -1986  жылғы желтоқсан  айының  басында  өзім  сырттай  оқып  жүрген  байланыс  техникумына  қысқы  сессиямды  тапсыруға  бір  айға  барған  едім,-дейді  Тоқан  аға  арада  33  жыл  өтсе  де  көз  алдында  бүгінгідей  сақталған  оқиғаны  тебірене  еске  алып. Желтоқсанның  тура  16-сы  күні. Түстен  кейінгі  уақыт. Сағат  төрттер  шамасында  бұлар  оқитын  курстың  кураторы  Дубровский  деген  азамат  келіп, осыдан  жарты  сағат  бұрын  Қазақстан  Компартиясы  Орталық  Комитетінің  кезектен  тыс  Пленумы  өткенін, онда  Қонаевтың  орнынан  босатылып, оның  орнына Қазақстанға  екі  қайнаса  сорпасы  қосылмайтын Колбин деген  адамның  бірінші  хатшы  болып  тағайындалғанын  хабарлады. Бұлардың  оқу  орны  орталық  алаңға  жақын  болғандықтан  төбеден  жай  түскендей  әсер  еткен  оқиғаның  өзгеше  сипат  алғанын  алаңдағы  қым-қиғаш  қозғалыстан  анық  аңғаруға  болатын  еді. Артынша-ақ  белгілі  болып  үлгерді. Қайдан, қалай  құлақтанып  үлгергені  белгісіз, алаңға  өрімдей  жас жігіттер  мен  қыздар  жиналып   қалыпты. Қолдарында орталыққа  талап  қоя  жазып, көтеріп  алған  ұрандары  бар. Тоқан  оқитын  оқу  орнының басшылары  болған  жайдан  толық  хабардар екен. Бұларға  келіп, ешкімнің  алаңға  бармауын, барған  жағдайда  оқудан  шығарылатын қатаң  ескертеді. Бірақ, намыстарын  ешкімге  жеңдірмейтін, бойларында  ұлттық  рух  жалындап  тұрған  азаматтар  көрер көзге  болып  жатқан  оқиғаға  орындарында  шыдап  отыра  алмай, сабақтан  ұрланып  шығып  алаңға  тартады. Келсе, шынында  да  орталық  алаң ызғарлы  қалыпқа  түскен  екен. Алаңның  бір  жағында  милициялар  мен  арнайы  отряд  қатар  түзеп, қарсы  әрекетке  дайын  екендігін  байқатса, екінші жағында  өз  талаптарын  биліктегілерге  жеткізуді  талап  етіп, әділет  іздеген  бейбіт  жастар.Тоқан  мен  жанындағы  жолдастары  солардың  арасына  келіп  қосылады.

      -Жастар  бірінші  күні  көтеріліске  онша  сұғына  қоймай,заң  орындарының  ескертуімен тыныш  тарасты. Негізгі  жағдай  ертесі, яғни  17  желтоқсан  күні  күшіне  енді. Алаңға  жиналғандардың  қарасы  кешегіден  әлденеше  есе  көп. Бәрінің  де  өңдерінен зорлық-зомбылыққа  деген  ашу-ыза  мен  неге  де болса  қасқайып  қарсы  тұратын  қайсарлықта  анық  аңғаруға  болатын  еді,- дейді  Тоқаң  әңгімесін  сабақтап. Қашан  үлгерді  екен. Алаңға  ағаштан  аумағы  кәдімгідей  жерді  алатын  сахна  мен  мінбер  орнатып  қойыпты. Роза  Бағланова, Бибігүл  Төлегенова  сияқты  қазақ  халқының аяулы  қыздары  мінбеге  көтеріліп, ұлттық  рухты  аласартпауға  үндеп,  жалынды  сөздер  айтты. Мансаптың  қызығына  малданып, орталыққа  жағынған  жағымпаз, жасқаншақ  дауыстар  да  естіліп  жатты. Бірақ, қалай  десек  те, бір  ұлттың  екінші  ұлтты  қорлауы  қазақ  жастарын  алған  бетінен  қайтара  алған  жоқ. Сол  бір  желтоқсанның  20-30  градус  аязды  көрсетіп  тұрған  ызғарлы  күні  әділдікке  қарсы  әділетсіз  күш  қолданылды. «Қазақстанды  қазақ  басқаруы  керек!», «Әр  ұлттың  ерекшелігі  өз  қолында  болсын!», «Қазақстан  жасасын!», басқа  да  жалынды  сөздер  жазылған  ұрандар  алаңға  ерекше  айбар, жастарға  асқақ  жігер  беріп тұрғаны  анық  еді. Амал  не, жастардың  асқақ  арманына  милициялар  мен  арнайы  жасақтардың  қарсы  қолданған  әрекеті  таяқ  болды. Сонда  Тоқан  ағаның  жасы  30-дың  о  жақ, бұ  жағында  ғана  болса, туған  елінің  намысын  жырта  алаңға  шыққан  қыз-жігіттердің  жастары  20-ның  айналасында  еді. Шаштарынан  сүйрелген, ұлсың  ба  қызсың  ба,  аямай  таяққа  жығылған  сол  жастардың  елі  мен  жеріне  деген  рухтарын  айтсаңшы. Сол  жастар  өздеріне  қарсы  өрт  сөндіргіш  машинадан  атылған  ыстық  судың  да  астында  қалды. Артынша  әлгі  су қатты  аяздан  көк  мұзға  айналды. Алған  бетінен  қайтпауға  бекінген  олар  сонда  да  қатарын  сиретпей, алаңға  алау  жақты. Алауды  қоршай  тұра  қалып, «Менің  Қазақстаным» әнін  асқақтата  шырқады. Майра  Сәбитова,Қайрат  Рысқұлбеков, Ләззат  Асанова, Ербол  Сыпатаевтар  сол  күндері  мақсаты  бір  отандастарын  қолдарындағы  таяқтарын  тастамауға, мейлінше  өздерін  қорғауға, жоғарыдағылар  бұлардың  қойған  талаптарын  орындағанша  тарамауға  үндеп, жиналған  топты  шыр  айнала  зыр  жүгіріп  жүргендері  ағаның  әлі  күнге  көз  алдында. Шыбын  жаны  кеудесінде  тұрғанда  сол  бір  қанға  бөккен  суық  та  сұрқай  көрініс  ойынан  шықпайтыны, жадында  сақталатыны  ақиқат.

      Айтулы  оиқиғаның  соңы  қуғын-сүргінге  толы  аласапыранға  ұласқанын  жоғарыда  айттық. Сол  аласапыранның  құрығынан  Тоқан  аға  да  құтыла  алмапты. Сол  оқиғадан  кейін, араға  жарты  жыл  салып, ойламаған  жерден  мұның  басына  да  қауіп  төнеді. 1-мамыр  мерекесін  ұжымымен  бірге  қуаныштап  тұрған  сәтінде  аяқ  астынан  сап  ете  түскен  үш-төрт  адам  мұны қоршап  алып, өздерімен  бірге  жүруін  талап  етеді. Сөйтсе, әлгілер желтоқсан  оқиғасында  көзге  шалынып  қалғандардың  сары  ізіне  түсіп  жүрген  үш  әріптің  адамдары  екен. Мұны  кеңселеріне  апарып, әртүрлі  сұрақтардың  астына  алған  көрінеді. Ақыр  аяғында  қолхат  беріп  әлгілерден  құтылып  шыққанмен, қуанышы  ұзаққа  бармапты. Жазып  берген  қолхаты  өзіне  таяқ  болып, жұмыстан  босатылыпты. Бірақ, әділдік  деген  ұғым  құрып  кетпеген  екен. Солақай  саясаттың  илеуіне  көндікпейтін, жүрегі  мейрімге  толы, кеудесіне  иман  нұры  ұялаған  ақпейіл жандар  құдайға  шүкір, бар  екен. Облыстық  байланыс  торабының  бастығы  Жексенбай  Мейрамбаев  дейтін  азамат  ешнәрседен  қорқып-үркпей-ақ, мұның  өз  жұмысына  қайта  алуына  мұмкіндік  тудырыпты.

    Сол  бір  алмағайып  кезеңде, әділетсіздіктің  кесірінен  орын  алған  оқиға  да  тарихи  мәнге  ие  болғанына  да  биыл  міне, 33  жыл  толыпты. Желтоқсан  оқиғасы  аталған  сол  ызғарлы  күннің  өткен  уақыты  алыстаса  да  тигізген  залалы, жанға  салған  жарасы  әлі  жоғалып, жазыла  қойған  жоқ. Қазір  оқиғаның  мәні  мен  маңызын  ашып, әділ  бағасын  берудің  түрлі  шаралары  жасалуда. Осы  мақсатта  «Патриоттық  қозғалыс, Желтоқсан  ақиқаты» республикалық  қоғамдық  бірлестігі  құрылып, іргелі  істерге  мұрындық  болып  жүргенін  айтуға  тиіспіз. Тоқан  ағаның  қолында  сол  оқиғаның  куәсі  екенін  білдіретін «Желтоқсан  оқиғасының  қаһарманы» деген  куәлігі  де  бар. Кеудесінде  2011  жылы   Желтоқсан  ұлт-азаттық  көтерілісінің  25-30  жылдығына  орай  шығарылған  медальдар  жарқырайды. Сол  бір  ызғарлы  Желтоқсан  қаһарманының  одан  кейінгі  жылдардағы  Отаны  мен  қоғамы  алдындағы  еселі  еңбегі  де  елеусіз  қалған  жоқ. «Райымбек  ауданының  Құрметті  азаматы»  атануы  да  абырой  беделін  асқақтатып  отырған  жайы  бар. Абзал  аға, ардагер  азаматтың ендігі  мақсаты- бір  ауылдың  қазыналы  қариясы  ретінде  туған  елі  мен  жеріне  адал  қызмет  ете  беру. Оған  сенімі  мол, жігері де  жеткілікті. Ең  бастысы — елінің  еркіндігі  мен  тәуелсіздігі  үшін  жандарын шүберекке  түйіп, әділеттің  ақ  туын  көтергендердің  қатарында  өзінің  де  болғанын  орны  бөлек, еншісі  ерек  бақытқа  балайды  Тоқан  аға  бүгінде.

                                                                                                               Жұмабек  ТӘЛІПҰЛЫ,

                                                                                         Қазақстан  Журналистер  одағының мүшесі,

                                                                                                                 Нарынқол  ауылы.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password