ЫЗҒАРЛЫ  ЖЕЛТОҚСАН  ҚАҺАРМАНДАРЫ 

 1986 жылғы 17-18 желтоқсан көтерілісі еліміздің тәуелсіздік алуының бастамасы болған.  Мәскеудегі орталық  Республика халқының пікірімен санаспай,Ульянов облысы партия комитетінің  хатшысы Генадий Колбинді  16 желтоқсанда Қазақстан  Компартиясы Орталық комитетіне бірінші хатшылық қызметке отырғызған. Бұрын Қазақстанда болмаған, жергілікті халықтың тыныс-тіршілігін білмейтін бөтен адамды елімізге басшылыққа отырғызуы қазақ жастарының ашу-ызасын тудырған. Жастар коммунистік режимнің бұл шешіміне түбегейлі қарсы болған. 17-18 желтоқсанда алаңға шығып, өз ойларын ашық айту ниетте болған. Кеңес билігіне наразылық көрсеткен жастарды қаһарлы империядан сескендірмеген күш те осы  Азаттыққа деген аңсау екені сөзсіз. Шынында да  Желтоқсан көтерілісі азаттық таңы ататын күннің жақындап қалғанын сездірген тарихи оқиға еді. Мәскеудің өзімбілермендігіне  қарсы шыққан қазақ жастарының арасында Алматыда түрлі  оқуларда оқыған және  әр салада жұмыс істеген нарынқолдық жастар да болған. Алаңға бейбітшілік шеруге шыққан жастардың негізгі талабы «Қазақстанға қазақ басшы», «Әр халыққа өз көсемі» және «Ешбір халыққа артықшылық берілмесін!» деген ұранмен  шыққан. Жастар өздерін толғандырып жүрген  «Ұлт саясатын дұрыс жүргізуді, ұлттық тіл мәдениетінің дамуына қамқорлық жасауды, ұлттық кадрлардың лайықты лауазымдарға қоюды реттеу» сияқты мәселелерді айтып қалуға тырысты.  Алайда Желтоқсан көтерілісіне Мәскеудегі КОКП Орталық Комитеті «Қазақ  ұлтшылдығының көрінісі» деген баға беріп, бүкіл қазақтарды «ұлтшыл» деп көтеріліске қатысқан жастарды қуғын-сүргінге ұшыратты.

Қазақтың талай жастары комсомол қатарынан және  оқу орындарынан шығарылып, көпшілігі сотты болған. Сотталғандардың ішінде сүмбелік Бердіқожаның қызы Гүлнар мен бауыры Қасым да болған.                                      Әбілқайырова Гүлнар Бердіқожақызы  Сүмбе ауылында дүниеге келіп, Абай атындағы орта мектепке оқуға барған. 1982 жылы Қазақтың Мемлекеттік Ұлттық университетіне оқуға түскен. Оқуын кешкі бөлімге ауыстырып, 1986 жылы Алматы бас киімдер фабрикасында жұмыс істеген. Желтоқсан көтерілісіне қатысып, орталыққа өзінің қарсылығын білдірген. Көшелерге листовкалар жапсырып, жастарды ұйымдастыра білген. Сол үшін Алматы қалалық соты 1987 жылы 27 наурызда Қазақ ССР ҚК-нің 65-ші  статьясымен 3 жылға бас бостандығынан айырған. «Үкімнен көшірме: …Үкім етті… «Әбілқайыроваға Г.Б. Қазақ ССР ҚК-нің 60 статьясымен 2  жылға бас бостандығынан айыруға, Қазақ ССР ҚК-нің 37 статьясына сәйкес жеңілірек жазаны ауыр жазаға сіңіру жолымен қорытып оны 3 жылға бас бостандығынан айыруға, жазаны жалпы режимді колонияда өтеуді белгілеу» деген үкім шығарған. Сонымен еліне бостандық іздеген  Бердіқожақызы Гүлнар  істі болып кете барды.  1990 жылы 20 наурызда Қазақ ССР Жоғарғы соты «…қылмыстың белгісі болмағандықтан» істі тоқтатқан. Орталық алаңға өз ойын айтуға барған Сүмбенің батыр қызы Гүлнар 3 жылға  сотталып, бостандығынан айырылған. Соттың шешімі шыққан соң 1995 жылы Алматы технологиялық техникумын бітіріп, қазір Алматы қалалық  тігін цехында мастер болып еңбек етуде. Жұмыс барысында «ҚР Тәуелсіздігінің 20 және 25 жылдығы» медальдарымен және «Желтоқсанның 30 жылдығы» естелік медальдарымен марапатталған. Екі немеренің апасы Гүлнар Алматы қаласы Алмалы ауданында тұрады.

              Әбілқайыров Қасым –1966 жылы Нарынқол ауданы Сүмбе ауылында дүниеге келген. Балалық шағын ауылында өткізіп, 1983 жылы Алматы қаласындағы №2-ші мектеп-интернатта оқып білім алған. 1983 жылы  «Алматы Сәулет–Құрлыс иниститутына оқуға түсіп, 1984-1986 жылдары әскери  борышын өтеген. Әскерлік өмірден соң оқуын жалғастырған.                          «1986 жылы 17 желтоқсандағы көтеріліске қатысып, Мәскеудің озбырлық саясатына қарсы шыққан жастардың ұйымдастырушыларының бірі болған. «Жасасын қазақ» деген лозунгіні алып шығып, Қазаққа өз басшысы керек деп ұрандаған. Сол күні  көшеге шыққан  жастарды ұрып-соғуда белсенділік көрсеткен ішкі істер қызметкері И.Моргуновтың өзін ұрып, дене жарақатын салған. «Тәртіпке шақырған сақшыларға» қарсылық көрсеткен. Сол үшін істі болып Алматы қалалық сотының үкімімен 5 жыл бас бостандығынан айырылған. Алаңға өз ойларын ашық айту үшін бейбіт шеруге шығып, Ресейдің қарулы күштері мен ішкі істер қызметкерлерінің қарсылығына тап болған. Солардан құтылу үшін қарсылық көрсеткені үшін сотталып кеткен. (Соттың шешімінен үзінді: «12 марта 1987 года….Признать Абилкаирова Қасыма виновным по статьи 65 УК КазССР и назначить ему 5 лет лишения свободы»). 14 ақпан 1989 жылы соттың шешімімен 5 жыл мерзімді 2 жылға қысқартқан.   1996 жылы 26 шілдеде  ҚР Жоғарғы соты №4-25-96 шешімімен істі қайта қарап, толық ақтаған. Сотталып келген соң  Мұхтар Шахановтың көмегімен оқуын жалғастырған. Бірақ ары қарай түрлі себеппен оқи алмаған. Түрлі жұмыстар істеп, жанұясын баққан. Қазір де түрлі жұмыстар істеуде. Кейін Қазақстан Республикасының 20 және 25 жылдығы құрметіне байланысты екі рет медальмен марапатталған. « Мен желтоқсан көтерілісіне қатысқаным үшін өкінбеймін, керісінше азаматтық борышым деп түсінемін. Бірақ менің жаныма батқаны ата-анамның жағдайы. Біз сотталып кеткен соң үйімізге күзет қойып, бақылауға алыпты. Жазығы жоқ ата-анам соған қатты күйзеліпті. Анам олармен ұрсысуға дейін барыпты»  дейді-желтоқсаншы  Қасым. Желтоқсан көтерілісіне  қатысқан сүмбелік екі азаматымызды нағыз батырлар деп, олармен кездесулер ұйымдастырып,  ұлықтап отыру қазіргі аудан басшыларының назарында болуы керек деп есептеймін. Бұлардың ерліктері тарихта мәңгі қалды, ал тарихты кейінгі жастарға айтып отыру қазіргі «Рухани жаңғыру» бағдарламасының негізгі бағыты.

  Беркін ӘКЕБАЕВ,

  Алматы қаласы.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password