Еркін ақынды еске алғанда…

 

         Рас, қазақта ақын аз емес. Алайда,өлеңнің саннан гөрі сапасына ерекше мән беретін, әр сөзінің ұлттық бояуы анық, айтар ойы қанық дара қаламгерлер болады. Сондай ақындардың қатарына Мұқағали туған Қарасазда қанаттанған, әлгі әйгілі ақынның тетелес інісіндей ілесе өскен Еркін Ібітановты айтуға болатындай.

         Сонау алпысыншы жылдардың басында «Қойшылыр» поэмасымен жарқ етіп танылып, Есмағанбет Исмайылов, Тайыр Жароков секілді аузы дуалы қаламгерлердің батасын алған Еркін Каз ГУ-де Тұманбай мен Қадыр секілді тума  таланттармен қатар оқып, сырлас, дос болған кездері де бар. Сол жылдары ол жыр бәйгесінде жарқ-жұрқ етіп сан мәрте көрінді де…       .             Мұқағалимен бірге алғаш Қарасаздағы мектепте, одан кейін Нарынқолдағы аудандық «Советтік шекара» газетінде қатар қызмет атқарды. Ауылда жүріп-ақ «Қасиетті де қасыретті ғасырым», «Арман-әлем», «Хан тәңірі,қайдасың»,«Елшенбүйрек» атты жыр кітаптарын оқырмандарға ұсынды. Өлеңді түйетолғақпен жазып, кітапты  сирек шығарғандығы өкінген де емес. Қай тақырыпта жазса да сөздің нәрін, ойдың әрін кіргізіп, әр кітабымен жырға іңкәр оқырманын қуанышқа бөледі. Өзі өмірден өткеннен кейін «Қазақ поэзиясының он томдығына» өмір дерегімен қоса бір топ таңдамалы өлеңдері енгізілді.

         Осындай ел таныған аға ақын—Еркінмен бірге жап-жас кезімнен бастап онжеті жыл бойы қызметтес болған екенмін. Ақындық, журналистік сапарларда да жиі бірге болған кездеріміз де есте…

 Әсіресе, өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының соңымен сексенінші жылдарының басында сонау алпысыншы жылдары қолға алынып, кейін үзіліп қалған  Жетісу өңіріндегі  айтыс өнері қайта жаңғырып,Алматы облысында алғаш ауданаралық, одан кейін облыстық деңгейде ақындар айтысы жаңаша қолға алынып еді. Сол тұста Ерекеңмен тағы да сапарлас боп, қызықты күндер мен түндер өткені де есімізде…

      Қадірменді оқырман! Бұл жолы  сіздерге ел еркесі атанған Еркін ақынның табан астында тауып айтатын ойлы сөздері мен ел жадында қалған кейбір әзіл-қалжыңдарын назарларыңызға ұсынуды жөн санадық:

ЕРКІНМЕН     ТҰРСЫНЗАДАНЫҢ   АЙТЫСЫ

Сонау алпысыншы жылдары сол кездегі астанамыз—Алматыда ақындар айтысы өтіп, оған шалғай аудандарда тұратын жас ақындар да қатысқан үлкен мәдени шара болған.Сол жолы Нарынқолдық жас ақын Еркін Ібітанов Талдықорған облысының  Ақсу ауданынан келген ақын Тұрсынзада Есімжановпен айтысқа түседі.Жас болғанмен,Тұрсынзада да орақ ауыз, отты тілділігін байқатып,өзі атақты Ілис Жансүгіровтің жерлесі екенін мақтанышпен жырға қосып, қайта-қайта айта берсе керек.Сонда басынан сөз асырмайтын Еркін ақын:

 …Ол рас,Ілияспен жерлестігің,

Бір кезде ол ақынмен теңдесті кім.

Ілияс туған әкең болсадағы,

Саған кеп, өлең құрап бермес бүгін,..-деп сөзбен шалып түсіреді.

Сол айларда Еркін жаңадан үйленіп, жас әнші Алтынкүл деген қызды жар етіп алған екен.Соны білетін қарсыласы:

Ей,Еркін! Теңеп тұрсың кімге- кімді,

Мен айтсам, айттым саған білгенімді.

Төркіні Алтынкүлдің тонап алып,

Білесің бе тиынсыз жүргеніңді?,..-деп төкпелетеді…

Бір жыл бұрын Ақсу ауданындағы малға шөп тапшы болып,Нарынқол жақтан шөппен сабан тасығаны бар.Сол ойына түсе қалғанЕркін:

Малдарың шөпсіз қалды ана қыста,

Сабан емес, шөп бердім жан алыста.

Еркінмен ерегессең, келер жылы,

Сабан сұрап келмегін, «пажалыста!»,..-деп көрермен-тыңаушыларды күлкіге көміп, жеңімпаз да болға  екен…

 

 

Бұрынғы Күрті ауданына сапар…

         Әлгінде айтқанымыздай, сексенінші жылдардың басында облыстық мәдениет басқармасы мен облыстық партия комитетінің идеалогия жөніндегі бөлімі бірлесіп, ауданаралық ақындар айтысын ұйымдастырған. Аяқ астынан сонау Нарынқолдан — Күрті ауданның орталығы- Ақши ауылына шығатын болдық. Сол жерде айтыс өтпекші. Еркін ақынмен бірге баратын болғам. Бізді аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі Қаршыға Қанаевпен атқару комитеті төрағасының орынбасары Биқан Кенебаева бастап апаратын болды. Алматыға дейін 350 шақырым. Одан әрі қарай —150. 500 шақырымды таулы жолдарды басып, асулардан асып, тік шаншылған еңістерден өтіп, мәшинемен тауысу оңай емес еді.Нарынқолдан тілекші әріптестердің шығарып салуы, Кегендегі  ақындар дастарханнан дәм тату, жолда таза ауа жұтып, сусын ішіп дегендей… Алматыға түн жарымда әрең жеткенбіз. Ол кезде облыстық мәдениет басқармасының бастығы Рамазан Ешмұхамбетов деген өңі сұстылау, егде жастағы адам. Одан көп ел қаймығады екен…

         Алматыдағы Абай мен Байзақов көшелерінің қыйылысындағы облыстық мекемелердің бірі—мәдениет басқармасы. Түңгі сағат он екілер боп қалған. Бізді бастап келе жатқан Қаршыға Қанаев Еркін замандасына бұрылып, жалынғандай боп тұрып, өз ұсынысын айтты:

—Ереке! Ұзақ жолдан келе жатырмыз, бастығымыз әлі күтіп тұр. Сен тізеңді қалтылдатып мына биік «Уаз»- дан түсе де алмайсың ғой. Сені Татаркадығы  інісінің үйінде қалды. Таң ертең кездесетін болдық,-  дейін. Оны Биқан мен Айтақын да қоштайды. Өйтпесек мен сөз естіп қалам, Ереке,- деп жалынғандай болған.  Еркін ақын үндеген жоқ. Келіскен шығар деп ойладық.

Межелі уақытта әлгі айтқан жердегі облыстық мәдениет басқармасы кеңсесінің алдына келіп тоқтағанымызда мекеме басшысы Рамазан ағамыз сыртта күтіп тұр екен.

Бізді бастап келе жатқан Қаршыға мен Биқан және мен әлгі кісімен жалбақтап амандасып жатырмыз. Ана кісі сырбаз қозғалып, сағатына қарады:

    —Әй Қаршыға! Түнгі сағат он екіден кетті. Бұл не жүрістерің?!… Ертеңгі сағат онда 150 шақырым жердегі Ақшиде болуымыз керек. Әлгі екі ақының қайда? Еркін деген еркелеу жігіт деуші еді… Айтақын деген балаң бар ма?,- деп ызғарлы сұрақтарын жаудырып жатыр.

—  Бар аға. Бар. Мына бала.

—  Еркінің қайда?

— Ол Татаркадағы інісінің үйінде қалды. Ертеңгі жетіде осында болады,- дей бергенде биік «Уаз»- дан екі дізесі қалтылдап, Еркін ағам түсіп келе жатты…

— Ей Қаршыға! Мынауың мас қой!?. Ертең қайтып айтысады бұл!?… Обком хатшысы Ізбасар Балтагуловичке не деймін мен. Сұмдық қой!?. Мынауың қалжырап әрең тұрғой!?,- деп шарт-шұрт ете қалды әлгі кісі.

Расы, Ерекең қатты қызу еді. Ешмұхамбетовтың егде адам екенін біліп те тұрған жоқ. Екі құшағын жайып:

—Әй, бала! Не көрінді сонша күйіп-пісіп?!.. «… Не первый раз замужем» дегенді естіп пе ең?… Мені қалжырады дейсің. 350 шақырым мына Еркін құсап ел жұрттың арқасында осы жерге дейін ішіп-жеп келсең, мына сен қалжырамақ тұрмақ, құлап түсер едің..! Уайымдама! Айтыста елді риза қылмасам, сонда өкпеле маған!,- деп әлгі кісіні құшақтап амандасты.

— Өзіңді бала екен десем, ағам секілдісің ғой. Бір еркелігімді кешіріп қой, бауырым!,- деп қайтадан құшағын ашқаны күні бүгінгідей көз алдымда.Көңілі—баладай аңғал, жүрегі даладай дархан ақынның тағдыры-ай десеңші!..

Айтқанындай-ақ, Ақшидегі айтыста Еркін ағамыз жүлделілер қатарынан көрініп, әлгі басшыны дән риза еткен көзіміз көрген еді…

                 ЕСІМІН  ЕЛ  ЖАДЫНДА  ҚАЛДЫРУ—ПАРЫЗ

Бар өмірі туған жері—Қарасаз бен Нарынқолда өткен белгілі ақын Еркін Ібітановтың есімін ел жадында қалдырып, қаламгерлік еңбегін елеп, ескеру—ол ғұмыр кешкен аудан мен облыс тізгінін ұстап отырған азаматтардың парызы екенін тағы да бір еске сала кетуді жөн көріп отырмыз.

       Қарасаз ауылындағы Мұқағали музейінің күнбатыс жақ қанатында еңселі Мәдениет үйі бар.Сол мәдениет ошағына жерлес ақын,Мұқағалидың ізін басқан,соңынан еріп, жыр сапарда қатар жүрген Еркін ақынның есімі берілсе деген ұсыныс-тілек біраз жылдан бері айтылып келеді.Қалың ел қолдап та отыр. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында осы мәселе биыл шешімін тапса, ел басқарған азаматтарға алғыстан басқа айтарымыз жоқ!

АЙТАҚЫН   ӘБДІҚАЛ,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын,

Мұқағали Мақатаев атындағы сыйлықтың лауреаты.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password