…Жұлдыз көзі кірпігін қаққан еді…

        Айбек Ережеп – Нарынқол ауылының тумасы  Халықаралық айтыскерлер және жыршы термешілер одағының мүшесі. Түрлі халықаралық, республикалық айтыстардың жүлдегері. Хабар арнасында өткен «Жастар жырлайды» жобасының бас жүлдегері.  Талдықорған қаласын да өткен І. Жансүгіровке арналған республикалық айтыстың бірінші орын иегері. «Nur Otan» партиясының ұйымдастыруымен Нұр-Сұлтан қаласында өткен республикалық жастар айтысының бірінші орын иегері. Республикалық бірінші студенттер айтысының бас жүлдегері. Науаи, Дулат Бабатайұлы,  Міржақып Дулатов, Біржан Сал атындағы жүлделердің иегері.

 

Мен бар едім…

Алатудың басында мұз бар еді,

Алмалықта ақпанда ызғар еді.

Жаурап қалған жанымды жылытатын,

Жанарынан күн тамған қыз бар еді!

Қыз бар еді жанымның тапқан емін,

Жұлдыз көзі кірпігін қаққан еді.

Ару қала аққудың қауырсынын,

Ай астында жамылып жатқан еді.

Ай бетінде тарыдай мең бар еді,

Айға сонша үздігіп нем бар еді…

Алматы да ай ару қыз бар еді,

Алматы да ол кез де мен бар едім…

 

 

 

Тыңдат маған

Тыңдайыншы тағыда бұлбұл даусын,

Күн жырласын ол мейлі түн жырласын.

Көңілімнің гүлзарын мекен етіп,

Сенің күміс күлкің боп сыңғырласын.

Сонда менің кеудемнен самғайды арман,

Тұтанады үміттер жанбай қалған,

Бүлбұл даусы ол сенің жүрегіңнің,

Лүпілдеген үні ғой әнге айналған.

Бұлбұл даусын тыңдатшы маған енді,

Толқынын да жүзейін сол әуеннің.

Жүрегімнің ішіне оған арнап,

Гүлін егіп қояйын бар әлемнің.

 

Өз орнына қою керек…

Жағалау да жүрген кезім ойланып,

Көрдім айдың көл түбін де жатқанын.

Шықсам дедім тұңғиықтан айды алып,

Күтпек болдым сосын таңның атқанын.

Таң да атты көк өзенді терлетіп,

Шөп басына қонған шықты құрғатты.

Көл астында ақша бұлттар тербеліп,

Ай орнында алтын кірпік күн жатты.

Қайтпек керек. Уақыт қайта келер ме,

Ешкім бізді сөкпеу үшін сынға алып,

Нар тәуекел, сүңгіп кеттім тереңге,

Өз орнына қою керек күнді алып!

 

Айға шығам

Шоқ жұлдыздар астындағы ауылға,

Көктен арқан салбыратып тастаған.

Айға түн де шығам шырақ жағуға,

Жолда адасып кете ме деп жақсы адам.

Қосылады тағдыр деген соқпақтар,

Өткінші өмір атындағы даңғылға.

Нұрдан қашып иі қанған батпақтар,

Тартып барад(ы) тамұқ деген тандырға.

Аямайды мейірімсіз періште,

Мыйы қайнап жатқандарды шоқ басып.

Сырты думан, рахат- ұқсап пейішке,

Қара жалын қарсы алуда қақпа ашып.

Ал, астынан өзен аққан бақшада,

Шахиттердің сайрар шалқып жаны құс.

Менің жаным қуанбайды басқаға,

Хор қызына алып ұшса сағыныш.

Шоқ жұлдыздар астындағы ауылға,

Көктен арқан салбыратып тастаған.

Айға түн де шығам шырақ жағуға,

Жолда адасып кете ме деп жақсы адам!

 

I

Ай сәулесі көктен құлап түскен де,

Салмағынан шатыры үйдің зар қақты.

Түн — жапырақ жайып, жемісі піскенде,

Бір түп жусанға қара жер толғатты.

Жұлдыз біткен қанат қақты жымиып,

Көлеңкесі көлге сүңгіп су — су боп.

Самал сырын тыңдап қалған түн ұйып,

Тереземде ілініп тұр бұл сурет.

Ақша бұлттар — жұмақ жайлы түс көріп,

Ұйқтап жатқан арулардың күймесі.

Қолымдағы қауырсыным құс болып,

Айдыныңа қона қалда билеші!

 

II

Қарлығаштар қанатымен жорғалап,

Түс көреді кеңістікке тығылып.

Күннің шөлі қанды бүгін қар жалап,

Сай — саладан сілекейі шұбырып.

Е, көңілім не арманың бар енді,

Біздің жүрек сұлулыққа құштарғой.

Әдемі бір әнге қосқан әлемді,

Мыйыма ұя салып алған құстарғой.

Алатауым киеді енді гүл етік,

Көкке сыймай бұлттар басын соғады.

Арса — арса ағаштарға дүр етіп,

Жасыл қанат көбелектер қонады!

III

Жасыл көйлек, орамалы алқызыл,

Қызғалдақтың жұпарынан сіміріп.

Қалғып кеткен уақытта бар ғұмыр,

Өмір исін тасиды жел жүгіріп.

Бал бұлақтақтан көлеңкесі су ішіп,

Шие ағашы толысуда шәрбатқа.

Алатудың төбесін де күн ұшып,

Алтын жебе қадап жатыр жан жаққа.

Жартастардан күміс тілі салақтап,

Тау өзені шыршаларға жыр оқыр,

Жасыл қырда жасыл жібін сабақтап,

Кесте тігіп көктем деген қыз отыр!

 

IV

Құлаш-құлаш жыртып алып күн нұрын,

Бұтақтарға алтын өрнек перде іліп.

Дүние бүгін түріп қойды түндігін.

Шырқау көкте бостандық жүр тербеліп.

Ұйқтап қалған көлеңкелер көсіліп,

Шалғын көрпе, ағаштарды жастана.

Тыныштықтың абыройын өсіріп,

Жапырақтар дірілдейді жасқана.

Төңкеріліп кемпірқосақ төгілді,

Боянды да шыға келді бар алап.

Арман кезген ғалам неткен көңілді,

Көңілімді көктем кетті аралап.

Сұлулықтың жанарына байланып,

Қырқаларда бір — бірімен жарысып,

Қызыл — жасыл көбелекке айналып,

Қызғалдақтың бара жатыр жаны ұшып.

 

Нұхтан кейін

Бұл кітапта алғашқы бетті өзімнің,

Шиырымен бастайын өткен іздің.

Дәу кемеде жатырмын, көзімді ашсам,

Жүзіп келем үстін де көк теңіздің!

Үстіндемін туғалы сол кеменің,

Сол арада қартайған ел көремін.

Кәрілік ол — көрсету теңіз түбін,

Теңіз түбі көздердің көрмегені…

Толқын асып келеміз алға ышқынып,

Кей толқындар кемеге қарғып шығып.

Жас — Кәріні кетеді қайраңға алып,

Тағдырына танымал жарлық шығып.

Санасын да сайтанды тайраңдатып,

Өзін -өзі жіберген қайраңға атып,

Пендені де көрдім мен, өзіне де,-

Өз ғұмыры керексіз, тайған бақыт.

Бір кісіні- итеріп бір кісінің,

Ғұмырына өзгенің қылды шығын!

Ең басын да Қабылды алдап соққан,

Қызғанышқа тұншыққан тұңғыш ұғым.

Әр санада ақ толқын ыржиып тұр,

Кей жүрекке ене алмай күн биік тұр.

Қартаң ойлар күтуде өз толқынын,

Ғажабына елітіп тұңғиықтың.

Теңіз тулап, кел-кел деп қанды басың,

Толқындардан жол іздеп қаңғырасың.

Ұшып кеткен ғажайып мекен іздеп,

Бұтақ тістеп оралшы қарлығашым!

 

 

Мәңгілікке сапар

Тау етегі. Сабылысқан пенде көп,

Арқалаған тіршіліктің қоржынын.

Тауға шығам, — деп шештім де мен кенет,

Дайындадым керек жарақ, жол жүгін.

Асып өтіп әркім асқан қырқадан,

Шыңға қарай шымыр ойлар жетелеп.

Қапталдаған соқпақ жатыр мың тарам,

Қия кесіп өрмеледім төтелеп.

Жүре — жүре соқпақ біткен сұйылып,

Шырмауықты бұталарға оранды.

Төмен жақта соқыр тұман киініп,

Толқып жатқан көз шалады қоғамды.

Өрмелейін жеткенінше шамамның,

Ақбас шыңды жақын барып көрген жөн.

Ал, ол шыңның төбесіне ғаламның,

Құс жүректі адамдары жерленген!

 

Қоштасу

I

Қағидаға көрмеген қарсы барып,

Қиғыр жүзін кездіктің қан суарып.

Сүйір мұрын именбей сұмдық қуып,

Лүпілдеген жүрекке сүңгіп кіріп.

Үрей билеп тәннен жан үркіп қашып,

Тыныш жатқан әлемді дүрліктіріп.

Тау толқындар жартасқа атырылып,

Желкендерді жыртқандай дауыл ұрып.

Қопарылып ағаштар тамырымен,

Судай ағып кеткендей тау үгіліп.

Жанарына ұсқынсыз күз байланып,

Тұла бойын өкпек мұң мұздай қарып.

Табанынан тайғанап кең дүние,

Табан асты кеткендей құзға айналып.

Күре тамыр қурайдай қурап барып,

Қайран көңіл асаудай тулап қалып.

Жанарынан соңғы нұр тамып кетіп,

Таңдайында соңғы сөз шумақталып.

Тұтқа таппай тұратын тағы ұстасып,

Фәни жалған жат бауыр алыс қашып.

Оның жаны — сарғайған жапырақтай,

Соққан желмен барады қол ұстасып!

 

II

Шексіз билік егесі есімімен,

Бұйрық келді шешімді кесімімен.

Оған жайған дастарқан жиналды да,

Шығып кетті жалғанның есігінен.

Кірер есік жоқ екен сырттан бірақ,

Мыйға нөсер жаудырды ұққан құлақ.

Әр сапардың түсінбей  соңы барын,

Жалғыз тамшы келеді бұлттан құлап.

Сол бір тамшы жұтылмай топыраққа,

Қалсам дейді ілініп жапыраққа.

Оның мөлдір жанары көрді ма екен,

Күз қанатын жайғанын атырапқа

 

III

Санама сыр сүрелер құйды оқылған,

Жұрт тыңдасып бір мұңды күйде тұрған.

Жан — жүйеңді әлдебір үрей билер,

Әйелдердің даусынан үйде отырған.

Біреу жылап, бірі өксіп егіледі,

Қараша үйдің қауым ел төңірегі.

Осы үйдегі қайғыны бәрі келіп,

Шығара алмай жатқандай көрінеді.

Естігендей құлағы түрік кісі,

Кеңістікті қанаты қиып түсіп,

Төбемізде  бозторғай шырылдайды,

Көрдім сосын кеткенін биікке ұшып.

Әйелдерді қалдырып, жаяу жалпы

Беткейдегі бейітке таяу барып,

Қазылған бір шұңқырды топырақпен,

Толтырдықта қайта үйге аяңдадық.

Қайта кейін жыйынның көшті легі,

Шаңын қағып қыраттың ескі жолы.

Тек бір адам үйіне қайтпай қалды,

Үйінде де күткен жоқ ешкім оны!

Айбек Ережеп

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password